Доңғалақты дәмхана
Алматыда сұлудың қос бұрымындай қатар тізілген трамвай жолдары жұртқа етене таныс болғанмен, әлі күнге дейін аталмыш қоғамдық көлікке аяқ баспаған адамдар бар. Біреулер трамвайды Алматының өткенін ойға салатын «етжеңді» көлігіне балап жатады. «Етжеңді» деуімізге де себеп бар. Өйткені, 1937 жылдан бастап шаһардың бірнеше көшелерін қақ тіліп өтетін трамвай қызметін әлі күнге дейін тұтынушылар көп. Мәселен, алғаш трамвай пайдалануға берілген кезде небәрі екі апта ішінде 300 мыңға жуық жолаушы тіркеліпті. Ал, метроның миллионыншы жолаушысы үш ай өткеннен кейін белгілі болған-тын. Осыдан-ақ, трамвайдың нағыз алматылықтар үшін керек көлік екендігін аңғаруға болады.

Бүгінде Алматыдағы қоғамдық көліктердің қызметін бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Бірі – арлы-берлі зуылдаған автобустар, бірі – бірсыдырғы жүріспен күніне сан мыңдаған адамды тиісті жеріне жеткізетін троллейбустар. Ал, көбіне жүргізушісі әйелдерден құралған трамвайдың Алматыда қолданысқа енгеніне 75 жыл толып отыр. Енді осы қоғамдық көліктердің қатарын жерасты метросы толықтырып отыр.
Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Алматыдағы ғашықтар мекені қай жер?» деген сұраққа жауап іздеген едік. Сезім білдіруге, үйленуге ұсыныс жасауға ыңғайлы орындарды тізбектеп, оқырман назарына ұсындық. Өкінінке орай, Алматының үштен бірін жастар құрағанмен, олардың қажетін өтейтін жерлер саусақпен санарлықтай екен.
Қай жігіт сүйгенін күйме арбаға мінгізіп, қала ішінде серуендетуді армандамайды дейсіз?! Есесіне, Алматыда ат жегілген күйме арбаның орнына трамвай-кафе іске қосылды. Бұл вагонның жолаушылары көздеген жеріне жету үшін емес, жақынымен емен-жарқын әңгімелесе отырып әсем қаланы аралап шығу үшін мінеді. Бұл бастаманы дүниеге әкелген Нүркен, Бақтияр, Павел есімді жігіттер екен. Германияда 1976 жылдан 2004 жылға дейін жұмыс істеген «Tatra t3d» маркалы трамвайды сатып алып, жарты жыл ішінде жолаушыларға қонымды әрі ыңғайлы етіп жасап шығыпты. Әу баста пайда табу жолын көздегенмен, бертін келе Алматыда ғашықтарға арналған орындардың жетпейтіндігін ойлап, трамвай-кафе жобасын жүзеге асырған. Жобаны жүзеге асырушы жігіттер бірі даяшы, бірі аспазшы болып қызмет жасап жүр.
Әзірге трамвай-кафе алматылықтардың көңілінен шығып жатыр. Билетке алдын-ала тапсырыс бермесеңіз, кезекте тұрған жастардың санынан жаңыласыз. Осыған байланысты, трамвай-кафе аптасына алты күндік күнтізбе бойынша жұмыс істейді.

•Керек дерек
Трамвайға міну үшін билет құны 500 теңге. Мәзірдегі тағамдар 400 теңгеден басталып, 1250 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Даяшылардың қызметі үшін ішкен сусыныңыз бен жеген тағамыңызға10 пайыз артығымен төлейсіз.
Кесте бойынша жүріс Шевченко және Қонаев көшесінің қиылысынан басталып, Байтұрсынов, Мақатаев көшелері арқылы Қонаев көшесіне қайта оралады. Ең алғашқы жүріс кешкі сағат 20.30-да. Жолаушылар трамвай-кафеде бір сағат бойы серуендейді. Трамвайда 25 адамға арналып орын әзірленген.
