Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алма¬саң – қасіретің
Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің болады. Қасиетін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Дін – біле білгенге рухани азық, білмегенге – от, оттан өрт шығады. Біз кеше тоталитарлық заманның сұмдықтарын көрдік, басымыздан кештік. Қазақпын деп те айта алмадық. Ана тілім – қазақ тілі деуден жасқандық. Қазір тіліміз туралы да, еліміз жайлы да еркін айта аламыз. Жаңа заман келді. Осындай күнге жетеміз деп ойладық па? Тілеуіміз оң, тәлейіміз зор болды ма, Тәуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа бөленудеміз. Осы күнді Алаш арыстары қаншама аңсады. Осы күнді әдебиетіміздің ұлы тұлғасы Мұхтар Әуезов, академик Әлкей Марғұлан да, қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев та көре алмады. Тәубемізден жаңылмайық. Жоғарыда да айттым, жылқы мінезді халықпыз ғой. Тез өзгере қалатын да мінезіміз бар. Содан құдай сақтасын.
Алғаш Тәуелсіздік алып, еркін ел болғанда жұрттың бәрі қуанды. Қорыққан да, қуанған да бір дегендей, қуаныштан жұрттың есі шығып кетті. Неше түрлі қозғалыстар пайда болды, шерулер өтті, әр түрлі діншілдер де шыға бастады, артық-кем сөз де айтылып жатты. Дін өрттей қаулады. Өзді-өзі былай тұрсын, жігіттер несібесінен құр қалғандай, жаппай балаларын да дінге баули бастады. Оны айтасыз, күні кеше үлкен қызметте болған кей бауырларымыз да дін туралы ақыл айтатын болды.
Мен Иран Ислам мемлекетінде біраз жыл елші болған адаммын. Әлгі маған уағыз айтқан азаматтар сол Иран еліндегі ашура туралы сөз қозғайды, сонда осы ашураның мағынасы қалай десем, әркімнен естігенін алға тартады. «Ашура» Мұхаммед пайғамбардың баласы Әзіреті Әлінің баласы Хусейннің азапты өліміне арналған ғой. Сондай сәтте менің ойыма атам қазақтан қалған «мұсылман болу әсте-әсте, кәпір болу бір пәсте» деген сөз оралады. Кейде әсте-әсте жүріп жетейік демейміз, бірден қопарып тастаймын, бірден дүниені өзгертіп жіберемін немесе бірден жоямын дейтініміз бар. Бұл дамудың жолы емес, төңкерістің жолы. Қазір үлкендер былай тұрсын, талпына бастаған баланың басына тақия кигізетінді шығардық. Оны қажының тақиясы дейміз. Бір азамат ұлының басына шүберектен тіккен ақ тақияны кигізіпті, «Шырағым, атың кім?» дедім. Атын айтты. «Мынау не?» дедім, баланың басындағы шүберек тақияны көрсетіп. «Аға, Аллаға шүкір, ислам біздің санамызға келді, арманымыз еді, арманымызға жеттік» деді әкесі. Құптадым. «Бірақ баланы 18 жасқа келгенге дейін еркінен айырмасаң қайтеді, бала бала болып өсу керек қой» деп едім, қасындағы жары менің сөзімді қолдап, ерінің есе бермей жүргенін айтып шырылдап сала берді. «Шырағым, бұл бейкүнә бала, өз жолын ертең өзі табады, ел ілгерілейді, сен баланы қазірден ноқталама. Еркінен айырма. Тақияны басы көтереді ғой, бірақ бұл тақияның салмағы өте ауыр» деп едім, әлгі азамат бірден келісті. Мен әлгі жігітті жолдан тайдырайын дегенім жоқ, баланың ақылы толып, есі жетілген соң өз бағытын өзі таңдасын, соған мүмкіндік берейік дегім келді.
Алла дінді адам үшін жаратты. Дінді қастерлейтін де, қадір-қасиетін қашыратын да, берекесін кетіретін де – адам.
«Естімеген елде көп», «жүре берсең, көре бересің» дегендей, осы күндері жасына жетпей ата сақалы беліне түсетіндерді де, жап-жас басымен уағыз айтатындарды да көріп жүрміз. Тіпті, әйелдер де елге уағыз айта бастады. «Үлкен отырып, кіші сөйлегеннен без» дейді қазақ. Мен өзім осы уақытқа дейін үлкеннің алдында бала-шағаның, әйел затының уағыз айтқанын естіген емес едім. Мұны да көруге тура келді.
Қайда барсаң да уағыз айтатындардың өлім туралы зарлап жатқанын көресің. Түбінде өлетінін әркім-ақ біледі ғой, соншама елге үрей тудырудың керегі не? Сонда біз жас ұрпақты «сен өлесің» деп тәрбиелеуіміз керек пе? Бақытты, мағыналы өмір сүр, еліңнің айтулы азаматы бол, жақсы кісі бол деуіміз керек емес пе? Ес кіре бастағанынан балаға «өлесің» деп отырсақ, оған өмірдің не керегі бар? Ақыры өледі екенмін ғой деп ол бала ажалынан бұрын пәлеге ұшырауы мүмкін.
Осы күндері әкелі-балалы екеуі отырып бір үйде, бір дастарқаннан дәм татпайтындар да шығып жатқан көрінеді. Дін әке мен баланы өйтіп бөлмесе керек еді. Көптеген отбасы діннен зар илеп, запыран құсып отыр. Исламның жолы бұл емес еді ғой. Осының бәрін екшеп ақылға салмай болмайды. Пайғамбарымыздың өзі де бір хадисінде: «Дінге шектен тыс берілмеңдер» деген екен ғой. Қасиетті Пайғамбарымыздың ақылына ден қояйық. Абай болайық, ағайын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
Мемлекет және қоғамқайраткері,
ф.ғ.д., профессор
Толық ақпаратты http://kazislam.kz сайтына оқи аласыздар.
