Әділбек Жақсыбековтің Ресей Федерациясына сапары
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков сапармен Ресей Федерациясына келді. Мұнда ол Сыртқы істер министрлері Кеңесінің, Қорғаныс министрлері Кеңесі мен ҰҚШҰ қауіпсіздік кеңесі хатшылары Комитетінің және ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі сессиясының отырысына қатысты.
Бүгін, Сочиде, 23 қыркүйек күні түске дейінгі мезгілде Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымы қорғаныс, сыртқы істер министрлері мен қауіпсіздік кеңесінің хатшылары бірқатар сұрақтарды қарастырды. ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа Қырғыз Республикасының 2013 жылы Ұйымға төрағалық етуі кезеңінде ҰҚШҰ ҰҚК-нің желтоқсан (2012) сессиясы шешімдерінің орындалуы, Бішкектегі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінің және ҰҚШҰ қызметінің басым бағыттарының жүзеге асырылуы жөнінде хабарлады.
Отырысқа қатысушылардың назары негізінен келешекте Ұйымның тәжірибе жүзінде сыртқы саяси үйлесімділігі шараларының артуына, әскери құрамдас бөлігінің нығаюына, қауіп-қатерге қарсы жедел алдын алу шараларына, сондай-ақ Ұйым қызметінің құқықтық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етілуіне аударылды.
Біріккен сессия отырысының күн тәртібіне 2020 жылға дейінгі кезеңде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздігі жүйесі басқару органдарының бірлесіп жүзеге асыратын жедел және жауынгерлік дайындығы және күштері мен қаражатын қалыптастыру сұрақтары енгізілді.
– Ұйымның әскери құрамдас бөлігінің дамуы үшін Ұжымдық жедел ден қою күштерінің қуатын арттыруға баса көңіл бөлу қажет. Бұл ұстанымды Бішкекте ағымдағы жылғы мамыр айында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолдаған болатын,-деді Ұйым шеңберіндегі әскери ынтымақтастықтың басымдығы жөнінде Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков.
Түстен кейін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен Ұйым ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі сессиясының кеңейтілген пленарлық отырысы өткізілді.
ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша қатысушылар бірлескен Коммюникеге қол қойды.
ҚР ҚМ Баспасөз қызметі
