Денис Тен: Менің арманым орындалды
Канаданың Лондон қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен өткізгелі отырған Мұз шоуының басталуына санаулы күндер қалды. Соған орай өткен баспасөз мәжілісінде журналистердің сұрағына жауап берген спортшы мұз айдынын өткізу оның бала кезінен армандаған ойы екенін жасырмады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, мұзды сахынаға алғаш шыққан сәттерінен-ақ сол кездегі әлі жас спортшы Денис болашақта әлемдік деңгейдегі мәнерлеп сырғанау «жұлдыздарын» Қазақстанның мұз айдынына жинасам деп армандаған екен. Әсіресе, Қысқы Азиада ойындарынан кейін Денис Тенге осындай шоу өткізу туралы ұсыныстар жиілеп түсіпті. Енді, міне, қиялындағы арманын өңіне айналдыра білген жас спортшы енді табыс табуды емес, өзінің дебюттік қойылымын барша қазақстандықтарға қолжетімді етуге көп көңіл бөліп отыр.
«Бізде мынадай ұғым қалыптасқан, егер шетелдік әртістер келсе, оған кіретін билеттің бағасы да сәйкесінше қымбат. Мен мұз шоуына кіру құны барша қазақстандықтарға қолжетімді болса екен деймін», — деді Д.Тен.
Осы тұрғыда әртістің Алматыда өтетін шоуына билеттердің бәрі сатылып кеткенін айтып өткен жөн. Есесіне, билеттен құр қалдым деушілер үшін шоуды Астанадан тамашалауға әлі де мүмкіндігі бар – 25 мамырда Астанада өтетін шоуға әлі билеттер қалған көрінеді.
«Шоу достық қарым-қатынасқа негізделіп құралған, сол себепті де оған «Денис Тен және оның достары» атауы беріліп отыр. Мен жүрген жерімде Қазақстанның сұлулығы, қонақжайлығы, Ресеймен шекаралас ел екенімізді, сұлу табиғаты жайында айтып жүретінмін. Қазақстан жер аумағы жағынан әлем бойынша 9-орында екенін естіген жандар қатты таңырқайтын. Мен әркез оларға Қазақстанды көрсетсем екен деп армандайтынмын, міне, арманым орындалды. Шетелдік қонақтарымыз айтылғандардың бәрін өз көздерімен тамашалай алады», — деген ойымен бөлісті Д.Тен.
Алда өтетін бірегей шоу жайын сөз еткен Денис Тен оған қатысу үшін арнайы келген мәнерлеп сырғанау шеберлеріне Алматы қатты ұнағанын атап өтті. Әсіресе, спортшылар Қазақстанды әлемге танытқан қонақжайлығына тәнті болыпты.

