Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Әдемі Айгүл Иманбаева

Астанада Айгүл Иманбаеваның "Сен ғана", атты жеке шығармашылық концерті өтті.

"Мен өзімді өнерден таптым, ал өнерден өмір таптым"

Мерекелік кеш тамаша өтті. Концерт барысында Айгүл ханымның репертуарындағы көптеген белгілі "Жаным", "Махаббат мұңы", "Таңғы елес", "Мен ғашық өмір", "Үмітім менің" тағы басқа әндері орындалды. Айгүл Иманбаева үлкен әртіс екеніне қайта көзім жетті. Көрермендерін жылатып та, күлдіртіп те үлгерді. Шабыт сыйлады. Ұлымен таныстырды. Анасына құрмет көрсетті. Сүндет Байғожинмен ән орындады. Биші жігіттердің жүректерін жарды. Өзіне ғашық етті. Ішкі дүниесін ақтарды, тыңдарманына жақын болды.

Дегенмен, концертке шолуды Айгүл ханымның өзіне бұйырсын, деп шештім. Менің айтқаным жеткіліксіз болар. Сондықтан, құрметті оқырмандар, концерт қалай өткенін Айгүл ханыммен бірге осы парақшадан тамашалаңыздар.

Концерт барысында алғашқы орындалған әндердің бірі "Бұлбұл" болды.

Айгүл Иманбаева: "Жалпы, сағынатын төріміз, табынатын тұғырымыз, ол – біздің қасиетті туған жеріміз ғой! Жұпарын жұтып, жусанын теріп өскен өлкенің әрбір адамның жүрегінде алатын орны ерекше болса, мен үшін Қордайдың  асу қырларынан қымбат мекен жоқ. Сондықтанда маған әрбір қорай күй шертіп, әрбір құсы кенен болып ән салып тұрғандай боп көрінеді. Көмейіне жыр қонақтап, бозторғай ұя салған Кенен атамның бір әнін бүгінгі кешімде орындамасам, менің перзенттігіме сын болар. Қадірлі ағайын, сіздердің араларыңызда Бақытжан Кененұлы бастаған атамыздың ұрпақтары отыр. Ендеше ән мен жырдың кені атанған Кенен атамыздың «Бұлбұл» әні Сіздер үшін!".

Айгүл Иманбаева: "Жалпы, біз, әйел заты 50 % төзімділіктен, 50% нәзіктіктен жаралғанбыз-ау, шамасы. Пайыздық өлшемге енбей қалған тағы бірдеме бар. Ол біздің козарьіміз – еркелік. Еркелеп жүре берейік, еркелеумен Есілдің де мұзын ертуге болады".

Айгүл Иманбаева: "Ғашықпын мен өмірге - әйнегімді жуған жаңбыр тамшыларының өрнегіне, таңғы шуақтын талдан сығалап төгілгеніне, Күннің көк жиекке жығылғанына, Айдың бұлт арасына тығылғанына, қайындардың биіне, самал желдің күйіне ғашықпын. Ғашықтықтың жаныңды қинайтынын, асау жүректің кеудеге симайтынын,  санамды түгел сезім ұрлайтынын, жан әлемімді махаббат жырлайтынын білгім келеді. Ия, мен сүю дегеннің ғажап екенін білдім, бірақ, ғажаптың кейде азап екендігін білмедім. Азабы да – ғажап. Сезімдердің патшасы – махаббат, ол сен ғана".

Айгүл Иманбаева: "Уақыттық ұршығында үйіріліп, өнердің қазанында қайнағаныма да жиырма жылға жуықтапты. Албырттық қалды. Алғырлық қонды. Мен қазір бақыттың бір сәттік болатынын білемін. Саф өнердің тек қана саңлаққа ғана қонатынын білемін. Жұмыр басты пенденің жұдырықтай жүрегіне қуанғанда жарты Әлемнің сиятынын білемін. Сол жарты Әлем сиған жүрекке құлазығанда тарыдай тіршіліктің симайтынын да білемін. Көңіл шіркіннің қаяусыз қалмайтынын, өмір шіркіннің аяусыз болмайтынын да білемін. Кейде, сіздердің де айыптап, сөгетіңіздеріңді де білемін. Кейде, ғайыптан нұр-шапағат төгетіңіздерін де білемін".

"Күннің алтын шуағы әдемі. Таудың күміс бұлағы әдемі. Самал желдің аялай өткені әдемі. Жаңбырдың аямай төккені әдемі. Өмірді сүйген адамға бәрі әдемі. Әдемі менің әлемім. Әдемі, бәрі әдемі".

Айгүл Иманбаева: "Мына әлем, мына жарық дүние - әйел затына ғажапқа толы, таусылмайтын сый сияқты. Мен мына тіршіліктің дүбіріне тағы бір жүрек лүпілін қостым. Ұлым келді өмірге. Анамын мен бар әлемнің әсемін жинаған. Гүлдер маған сұлулығын сыйлаған анамын мен. Анамын мен. Әлдиім бар әдемі. Әлемім бар әдемі. Ана болып қаламын мен".

"Өмірдегі барлық жеңістерімнің төресі – ұлым Асылжан! Жалпы, барлықтарыңыз ұл-қыз тәрбиелеп отырсыздар ғой. Осы Асылжанның ең алғаш мектепке барған кезі, әліппені оқытып отырмын. Сондағы өткендері екі-ақ әріп: «А» және «Н». Содан үй тапсырмасын істеп отырып:

«- Мына қандай әріп?

- «А» әрпі.

- Мынау қандай әріп?

-«Н».

- Дұрыс. Енді екеуін қосқанда қандай сөз болады?», - десем, баламда үн жоқ. Қайта сұрайм, қайта үндемейді. Жаңағы «НАН» деген сөздің астында дөңгелек нанның суреті бар. Енді мынау не, деп ызаланып кетіп сұрасам, «Тоқаш» демейді ма! Сөйтіп, тоқаш деп, жылап отырған Асылжан, құдайға шүкір жігіт болды.

Өсіріп отырған ұл-қыздарыңыз аман болсын!

Осы жарық дүниеде адам болып жаралғаннан артық қасиеттен не бар?! Ал, әйел болып жаралу, оның үстіне дүниеге маңдайы жарқыраған сәби әкелу, ол үлкен құрметке лайық. Сондай құрметті маған ұсынған құдіретке мың мадақ".

"Тіршіліктің діңгегі әйел деп, бекер айтпаған. Әйел заты ғана таққа отырмай-ақ хандық құра алады. Тек әйел ғана уақыттың өзін уақытша тоқтата алатын қасиетке ие. Шаруаға жер керек. Биліктіге құрмет керек. Саудагерге ақша керек. Ал, әйелге бүкіл әлем керек. Біздің әлем әлдиімен тербелген, ақылымен әрленген, берекеге малынған әлем. Біздің әлем – бақ әлем. Біздің әлем – ақ әлем. Біздің әлем – гүл әлем".

"Құрметті көрермен, мен биікке самғасам және талмасам, өнердің өрәсән кеңейтіп, сіздерге ән , жыр арнасам, барлығы – бірінші, бір Алла, екінші – анамның арқасы. Тәте, отыра бер, сценарий бойынша. Өнер күрес болса – алыса білуді, өмір көкпар болғанда – тартыса білуді үйреткен , өнер бәйгесі жарияланса – жеңу керектігін , тағдыр сынаса – көну керектігін, қиындыққа жасымауға, бақ қонса – тасымауға тәрбиелеген , менің алтын құрсағым , жер бетіндегі жұмағым, табынатын тұмарым, ақ батасы салты болған , ақ тілегі қорғаным, ақ нитеі орманым болған анашым, ол сен ғана. Балама әже болған, мен үшін бүкіл әлем болғаныңыз үшін, Сізге алғысым шексіз.

Абайдай дана туған, Бауыржандай батыр туған, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем туған, біздің ардақты аналар".

 

2
2
5262

Осы тақырып бойынша

Әдемі Айгүл Иманбаева - Yvision.kz