Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Демалыс күндерімнің бір парасы немесе Арыс қаласына барғанда...

Бөлтірікті қанша асырасаң да тоғайын аңсайтыны секілді тұлымшағы желбіреген құндағына әркімнің бір бүйрегі қашанда бұрып тұратыны сөзсіз. Оқу мен еңбек демалысы бастала салысымен туған жерім Арысыма қарай жол тарттым. Жүйіткіген пойызбен тәулік бойы тағатсыздана жетуді мақсат етсең де, әудем жер қалғанда сабырың сарқылып, аз ғана жол ұзап кеткендей көрінеді. Вокзалдан өне бойы сағынышқа тұнған ата-анаң, туыстарың құшақ жая қарсы алғанда, жұдырықтай жүрегіңнің соғысы жиілеп кетеді де.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс өңірі «қала» атанғанымен ауыл тіршілігінің жұқанасы. Алдымнан аптаған ыстық күнге қақталған қап-қара қағілез балалар жүгіріп келіп амандасуда. Тұрпатын қай жерден көрген едім деп ойланып тұрсам, сәби кезінде мұрнынан «кәкәйі» жылтылдап жүрген кішкентайлар екен ғой. Еншіге берілген өлшеулі ғұмыр-ай! Дәстүрдің уызын сақтап, мәдениетміздің мәйегі, адамгершіліктің асыл арқауы болған ауылымның шаңдақ даласын, топырақпен араласқан ауасын, тіпті гүрсілдеген жүрдек пойыздардың даусын сағынып қалған екенмін. Мидай жазық ен даланың әр пұшпағы балалық шағымнан сыр шертеді. Мұқағалидай «ана жерде құрбы жанмен танысқам, ана жерде» деп ой түкпіріндегі тұңғиыққа малты-ы-ып келемін. Тіпті жантақтың тікенегінен кішкене ғана садақ тақылеттес бұйым жасағанымызда есімде... Мұнда таң адырдан асқаннан-ақ, әрқайсысының ыстықтан кенезелері кеуіп кетеді. Ал, бесін мезгілінде жүрген жандар отқа шыжғырылған етке, қайнаған шәугімге ұқсап милары бұрқылдайды. 50 градусты көрсетіп тұрған ауа-райына қолшатырмен жүруге тура келеді. Қайткенде шілденің шілдесі ғой. Есесіне қыстың күні қыш құйып шыңдалған шымыр бозбалалар ауру атаулысына жол бермейді. Әбден қажып, тілін салақтатқан кейпінде күннің қызуынан шыдамай мерт болған Фаэтонның халін кешуге сәл ғана қалғанда Шәмшінің әнге қосқан Арыс өзеніне шомылып қайтамыз. Ағын суға қарсы жүзу қиын болғанымен, күйген денең салқынға малынып, рахат сезімге бөленесің. Кешке қарай аспан әлемінде әр-әр жерден жұлдыздар жымың қаға бастағанына қарап, таза ауаны жұтқыншағыңнан өткеріп, тапшан үстінде балқаймақ ұйқыға енесің. Ата-әжем таң бозында қоңыраусыз-ақ оянып, аз-маз сиыр, қойларын жайлауға аттандырады. Әр шаңырақта даладағы ошаққа от маздап, жаңа ғана сауылған сүт пісіріліп, тезекке нан жабыла бастағандықтан түтіндер будақтайды. Ауыл баласы ештеңеден қорықпай үйдің шатырына ұя салған қызыл араларды қолмен ұстап алып, өлтіре бастайды. Үймелеген аралар баланың қыр соңынан қалмай, басына қып-қызыл ісіктер пайда болады. «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа» деп әжесінің неліктен шырылдағаны енді ғана түйсігімен түйсінеді. Көпшілігі аптап ыстыққа да қарамай егіс даласынан көкөністерді теріп, арам шөбін жұлып нәпақасын айырып жүр.Тұрмыс кебі осылайша өріс алады.

Қазағымның алтын тәжіне айналған Елорадаға аттанар алдында қызықтың көкесі болды. Шілденің 29-ы. «Қызылорда-Көкшетау» пойызына билетті алдын-ала алып қойған болатынмын. Бұл жолы достарым шығарып салатын болды. Ата-әже, әке-шешеммен қоштасып, жол сөмкелеріммен вокзалдың күту залына қарай бет алдым. Кешкі 18.30-да келуі керек пойызымыз келмеді. Сұрастыра келсек, билетті Арыстан емес, Қызылордадан алған екенмін. Арысқа енді ертең жетеді. Оған дейін не істеймін? Үйге қайта баруға бет жоқ. Бәріміз қаланы аралап, одан кейін досымның үйіне баратын болдым. Үйіндегілерге мән-жайды түсіндірдік. Бәрі ду күліп, ішек-сілесі қатты. Бір күн бойы ешкім көріп қоймаса екен деген тілекпен ініне тығылған саршұнақтай күй кештім-ау. Өмірдің сабағының нәтижесінде билетті міндетті түрде ұқыптылықпен, мұқият тексеріп алатын болдым. 26 сағаттық жолда әр жолаушымен шүйіркелесіп, алуан түрлі қызықты әңгімелерге тап боласың. «Естімеген елде көп». Пойыз Таразға келіп тоқтап тұрғанда бір кісінің дәреті қысып, вокзалдың әжетханасына кіріп алмақ болады. Қайтып келсе киімі, қаржысы да, тіпті пойыз да жоқ. Үстінде жеңсіз көйлек, шолақ шалбар. Енді не істемек керек? Бір қуантатыны бұл өңірде туыстары бар екен. Дереу қалтасына қол салса, ұялы телефоны бар болып шығады. Сым тетікті ойлап тапқан адамға алғысын жаудырып, жақындарына хабарласады. Солардың көмегімен автобус арқылы межелеген жеріне жеткен көрінеді. Демалыс күндерімнің бір арнасы осылай өтті.

Салтанат Сүгір

Осы тақырып бойынша

Демалыс күндерімнің бір парасы немесе Арыс қаласына барғанда... - Yvision.kz