Әдебиет порталының «Менің анам, менің әкем» жобасына жазылды
Менің әкем - үлкен әулеттің - «патшасы». Айтқаны екі етілмейтін, заң дерсіз. Оны сондай дәрежеге көтерген сөз жоқ, МЕНІҢ АНАМ деп ойлаймын.

«Ұл тәрбиелегің келсе, әкесін патшадай сыйла» деген қағида екенін кейін түсіндім. Сол анамның арқасында азамат, ер адам ретінде отбасының, қоғамның алдындағы жауапкершілікті сезініп өстік. Ол кісі - саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнап келе жатқан тәжірибелі мұғалім. Үлкен психолог болған соң ба, ес білгелі маған дауыс көтеріп көрген емес. Тіл маманы болғаннан кейін шығар, сынды, басымдағы кемшілігімді астарлап, әдеби шығармалардағы мысалдармен жеткізетін. Әңгіменің майын тамызады. Өзінің басынан өткен қарапайым оқиғаларды бейне бір шығарма оқығандай етіп жеткізудің шебері. Демалыста үйге бара қалсам, ас үйге тамақ ішу үшін ғана кіретін мен «мама, тәтті, ескі-құсқы әңгімелеріңді айтып берші, мен-ақ шай қойып келейін» деп жүгіріп кетемін. «Егер, әкең ауылға көшемін демегенде өмірімді ғылымға арнайтын едім» дейді әлі күнге дейін. Онысы рас. Егер, мен қателеспесем, осы уақытта филология ғылымдарының докторы болып отыратын еді. Жұмысына адал. Көзілдірікпен көз майын тауыса түнімен отырып, ертең оқушыларыма не айтамын деп ізденуден шаршамайды. Ол мектеп бағдарламасын жаттап алғанына сенімім кәміл. Бірақ жауапкершілікті сезініп, ісіне жүрдім-бардым қарай алмайды. Мұғалімдерге қосымша ақша төлемек түгілі, айлығын бере алмай жатқан кезде, мектепте драма үйірмесін ашып, режиссерлік қырын да танытқан еді. Қамкөңіл ауыл адамдарына мектеп оқушылары менің анамның басшылығымен түрлі сахналық қойылымдар ұсынатын. Ісіне беріліп кететіні соншалық маған басты рөл де бұйырмайтын...

Өлең жазып, ән салатыны тағы бар. Алғаш келін боп түскеннен кейін әкемнің достарына «келін шай» беріп жатып, ән айтса керек. Себебі, әкемнің достары әлі күнге дейін «Алмагүл - Тарбағатайда домбырамен өз бетін өзі ашқан алғашқы және соңғы келін» деп қалжыңдайды. Әзілді бір кісідей түсініп, өзі де реті келсе, әзілдеп алады. Өнерлі, бесаспап жан.
Етегіне оралып жүріп, жасым толмаса да мектепті ерте көрдім. Қатарымнан ерте хат танып, өз бетіммен оқуыма себепкер болды. Қазақ ертегілерінің 2 томдығының алғашқы сыныпта-ақ, тез тозып кеткені де есімде. Бірінші сыныпта өзгелер әріп үйреніп, тапсырма орындап жүргенде, мен күніне бір ертегі айтып беруші едім мұғаліміме. Ол кісінің жеке кітапханасы аса үлкен болмаса да, құнды шығармалар самсап тұратын. Кітаптан «қорықпай» өсуіме де сол анаммен сырлас болуым себеп болды. Мектептің соңғы сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. «Мама» деп қалып, 30 оқушының алдында сөз естігенім бар. Сөйтсем, үйде мектепте ол ұстаз екен ғой. Үй тапсырмасын ертең сенен сұраймын десе, ештеңесі кетпейді ғой... Ескертпестен үнемі менен бірінші үй тапсырмасын сұрайтын.
Қысқасы менің анам - кәдімгі досым. Сырласамын. Үйге айтылатын маңызды жаңалықтар сол кісі арқылы жеткізіледі. Себебі...
МЕНІҢ ӘКЕМ – қатал адам. Әке – асқар тау дейді. Ол рас. Кәдімгі Алатаудың шыңына көзің жетпейтіні сияқты, ауылда жүрген қарапайым кісі болса да әкемнің ойлау биіктігіне менің көзім жете алмай қойды. Сұңғыла, не нәрсені арыдан ойлайды. Жеті өлшеп, бір кесетін бір адам көрсем, ол - өз әкем. Қатал деймін-ау, ән айтатын адамның жүрегі нәзік болады деген бар екен ғой. Өнерді оқуға қабылданып тұрған жерінен атам «жын-ойнақтың оқуы» деп алып кетіпті.

Тұйық. Бала күнімде ол кісімен тіпті шүйіркелесіп әңгімелескенім есімде жоқ. Бірақ, оқушы кезімде жазу жазып отырғанда қасымнан өтіп бара жатса болды, қаламым жазбай қалатын. Сөйтсем, қорыққанымнан қолым терлейді екен. Қорқатындай, мен ес білгелі үш баласының бірін де ұрып көрген жоқ. Тек сөзі өтімді, дауысы зор, зірк еткізіп айтқаны жылатпай қоймайтын. Кейін өсе келе, «Әке - балаға сыншы» деп бастаса болды, бір ауыр сынның астында қалатынды сезіп тұратын болдық. Ол кісінің Чехословакияда әскери борышын өтегенін тек әскери альбомынан білдім. Ел құсап «мен әскерде болғанда» деп бөспей-ақ, әскердің ер балаға қажет екенін ғана ақырын емеурінмен білдіретін. Түсі суық болғанымен, әкемнің жүрегі нәзік екенін кейін түсіндім. Бала күнімде көп ауырдым. Тіпті 7-сыныптың ең суық та, ұзақ тоқсанының едәуір бөлігін үйде оқығаным есімде. Сол кездің өзінде айтқан еді, «сенен шару адам шықпайды, айналайын, сабағыңды оқышы» деп. Дәл келді. Студент кезімде де оқудан басқаны ойлатпауға тырысты. Әлі күнге дейін ақылын айтып отырады. «Менде қанша ақыл бар дейсің, саған ақыл айтатын емес» деп біраз дүние айтып, ой салып кететін қайтесіз. Жағдайдың бәрін жасаған осы екі жанның - әкем Түсіпбек пен анам Алмагүлдің сенімін ақтай алмай қаламын ба деген ішкі уайым да жоқ емес.

Мына екі суреттің арасы 30 жыл.
Менің мектептегі, университеттегі ұстаздарымның, түрлі қызметтегі басшыларымның маған берген мінездемесіне қарасам, ең басты қасиет – тәртібім жаман емес, жауапкершілігім бар сияқты. Қазір мен де әкемін. Бірақ ол кісілердей бала тәрбиелеу қолымнан келе ме, жоқ па әлі сенімсізбін... Өйткені олардың берген тәрбиесі бөлек! Сол үшін үлкен ұлымды ата-анама бердім...
