ДДҰ сарапшылары: Қазақстанда туберкулезге шалдығушылық оқиғаларын тіркейтін ақпараттық жүйе – шынайы және сапалы
2015 жылғы ақпанның 17-19 күндері ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандағы туберкулезге қатысты эпидемиологиялық ахуалды бағалау жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) сарапшылары елімізде болды.
ДДҰ сарапшылары тобының құрамында ДДҰ штаб-пәтеріндегі туберкулез жөніндегі Ғаламдық бағдарламасының туберкулезге мониторинг жасау және бағалау бөлімінің бас эпидемиологы Филипп Глазью, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының туберкулезге көпреттік және кең дәрілік төзімділік жөніндегі бағдарламасының эпидемологиялық қадағалау бойынша үйлестірушісі Андрей Даду болды.
Сапар барысында Қазақстандағы туберкулезді анықтау, диагностикалау және тіркеу әдістерінің қолжетімділігі мен сапасына бағалау жүргізілді. Сарапшылар Астанадағы емханаларды және туберкулезге қарсы диспансерді аралап көрді.
Сапар қорытындысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.З.Қайырбековамен кездесу болды. Кездесу барысында Филипп Глазью еліміздегі туберкулезге қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін атап көрсетті. «Қазақстанда туберкулезбен күреске мемлекет тарапынан үлкен назар аударылады. Халықаралық стандарттарға сай ауруды тез диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістері енгізілген. Ең бастысы, бұл көмек түрі әрбір азаматқа қолжетімді»,-деді ол.
Сонымен қатар, Қазақстанда бұл салада қадағалау жүйесі жақсы жолға қойылғаны және медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде туберкулезге шалдығу оқиғаларын анықтау жұмыстары белсенді жүргізілетіні атап көрсетілді.
ДДҰ сарапшылары туберкулез оқиғаларын тіркейтін және есептейтін ақпараттық жүйеге «шынайы және сапалы» деген баға берді. Халықаралық сарапшылар еліміздегі туберкулезде туберкулезге шалдығушылық және одан болатын өлім-жітім бойынша статистикалық көрсеткіштердің дұрыстығын алдын ала растады.
Аурумен күресте әрі қарайғы шараларды жетілдіру жөнінде кеңестер айтылды. ДДҰ сарапшыларының келесі сапары ағымдағы жылдың маусым айына жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанда 2014-2020 жылдарға арналған туберкулезбен күрес жөніндегі кешенді жоспар қабалданып, оны ДДҰ Еуропалық бюросы мақұлдады. Жалпы, соңғы 10 жылда елімізде туберкулезбен сырқаттанушылық 2 есеге, одан болатын өлім-жітім көрсеткіштері 73% азайды.
