Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдаудың маңызы

Қазіргі таңда республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдарда, оның ішінде құқық қорғау органдарында ҚР Ішкі істер министрлігінің ведомствоаралық комиссиямен бірлесіп дайындалған «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасы қызу талқылану үстінде. Қазақстандағы дактилоскопия мен геномдық тіркеу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін аталған заң жобасы Парламентке 2 рет жолданып, қоғамдағы кереағар пікірталастарға байланысты Үкіметке кері қайтарылған болатын. Осыған байланысты, Орталық коммуникациялар қызметінде бірнеше рет құқық қорғау органдары, сот, Сыртқы істер министрлігі, адвокаттар одағы, ғалымдар, кәсіподақ, сарапшылардың қатысуымен брифингтер өткізіліп, заң жобасы жан-жақты талқылануда.

Аталмыш заң жобасы ағымдағы жылдың маусым айында өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бо­йынша әзірленген болатын. Заң жобасы e.gov.kz ашық нормативтік актілер интернет-пор­талында және ІІМ-нің ресми порталында жарияланды.

Мамандар пікірі бойынша, әлемнің көптеген мемлекеттерінде қолданылып отырған бұл тәжірибе азаматтардың жеке басты куәлан­ды­ратын құжаттарына адамның биоме­триялық анықтамаларын сәйкестендірудің заманауи технология­сын енгізу қажеттілігінен туындап отыр­. Азаматтардың паспорт­тық-визалық құжаттарына дактилоскопиялық деректер (папиллярлық өрнектерден тұратын саусақ іздері) енгізу арқылы биометриялық анықтауды сәйкес­тендіру жүйесін құру мен енгізуге мүм­кіндіктер береді. Бұл жүйе жалған құжат­ жасаудың жолын кесу арқылы мемлекетіміздің қорғанысы мен азаматтарын қылмыстық әрекеттерден қорғайды. Әсіресе құқық қорғау, арнайы органдардың терроризм, экстремизм қылмыстарымен күресуіне зор ықпал етеді деп күтілуде.

Алдағы уақытта енгізілетін бұл биометриялық құжаттар ICAO халықаралық стандарттарына сәй­кес келеді және ақпараттық жүйе саласындағы қызмет көрсе­ту түрлерін кеңейтіп, визалық режим­ді жеңілдетеді және көші-қон қауіп­сіз­дігінің тиімділігін арттырады.

Қазіргі кезде Қазақстанда адамның жеке басы мен отбасын куәландыратын он бір құ­жаттың жетеуі құжат иесі туралы толық ақпарат бере алады. Бүгінгі күні әлемнің көптеген мемлекеттерінде тұлғаны сәйкестендіру бойынша биометриялық технологиялардың заманауи мүмкіндіктері паспорттық-визалық тіркеу жүйелеріне енгізілген. 2009 жылы Еуропалық Одақпен Визалық кодекс қабылданды және Шенген аймағына кіру үшін виза алу кезінде шетел азаматтары биометриялық тіркеуден өтуге міндеттеледі. Қолдың 10 саусағының іздері алынып, бұл мәліметтер 5 жылға дейінгі мерзімде сақталады. ҚХР, ТМД елдерінде де кәмелетке толған азаматтарды және мемлекетке келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар да дактилоскопиялық тіркеуден өтуге міндетті.

Адамдардың қолтаңбалары мен ДНК, биометриялық есебі әлемнің көптеген мемлекеттерінде жүргізіледі. Бұл деректер әлем елдері тәжірибесінде ақпаратпен қамтамасыз ету, виза, көші-қон, шекара бақылауында, мемлекет пен қоғамның қауіпсіздік, қаржы, банк, қамсыздандыру, ақпаратты қорғау, қызметкерлерді басқару, денсаулық сақтау, фармацевтика, мәдениет, ғылым, білім, сауда, тағам индустриясында, мобильдік байланыста, сымсыз коммуникация, тұтынушылар сегменті және т.б көптеген салаларда қолданылады.

Енді, осы заңның халыққа, мемлекетке берер пайдасын талдап, талқылап көрейік. Заңды қабылдаудағы басты мақсат – мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстан Республикасы аумағында уақытша, тұрақты тұрып жатырған азаматтар, азаматтығы жоқ немесе шетел азаматтары жайлы толық, шынайы ақпараттармен тиісті мемлекеттік органдарды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл мәселенің өзектілігін соңғы кездерде әлемде, сонымен қатар елімізде болып жатқан мемлекетімізге, бейбіт тұрғындарға террористік топтармен қарсы жасалынып жатырған террорлық әрекеттерінен байқауға болады. Бұл жерде бұл заң өзін құрбан еткен жанкештінің де және оның қылмыстық әрекетінен қайтыс болған бейбіт тұрғынның, қызметкер мен әскери қызметшінің жеке басын саусақ іздері, геномдық деректері арқылы анықтаудың заңдылығын реттейді. Қазір әлемде, елімізде болып жатырған табиғи, көлік, техногендік апаттар салдарынан жүздеген адамдардың қаза болып жатырғандығы азаматтарды бей-жай қалдырмауда.

Осы апатқа ұшыраған адамдардың жеке басын анықтау үшін сот-геномдық сараптама тағайындау қажеттілігі туындап, оны тағайындау үшін адамның кез-келген биологиялық (қан, сілкей, тер, ұрығы, мұрыннан ағатын су, шаш, тері) материалы алынады. Олардың мүрделері геномдық сараптама тағайындау үшін басқа қалаға жеткізіліп, олардың жеке басын анықтау үшін қаншама жұмыстар жасалады. Бұл жұмыстарға мамандардың қаншама уақыты жұмсалып, мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөлінеді.

Қазір елімізде  геномдық сараптама (адамның жеке басын анықтау немесе растау) тек Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы ғылыми-зерттеу орталықтарында ғана жүргізіледі және шамамен әр сарапшыға 60 мыңнан есептегенде орташа есеппен 500 мың теңге аралығында қаржы жұмсалады.

Бұл құқықтық қатынасты реттейтін арнайы заң қабылданғаннан кейін әр азаматқа  берілетін  геномдық төлқұжатқа оның бүкіл деректері енгізіледі және апатқа  ұшыраған кез-келген азаматтың жеке басы оқиға болған жерден алынған биологиялық материалдармен салыстыра отырып,  тез, жеңіл түрде, сәйкестендіріліп, оңтайлы шешіледі. Мемлекеттен қазіргідей көп қаржы бөлінбейді, мәйіттердің биологиялық материалдарын бір облыстан, бір облысқа тасымалдамай, өз облыстарында зерттеуге мүмкіндік алады. Бұл тұрғыда азаматтардың құзырлы органдарға арыз-шағымдары да азаяды. Заң жобасымен геномдық тіркеу жүргізу адам денсаулығына қауіпті болмауы, оның ар-намысы мен абыройын қорламауы тиіс.

Сонымен бірге, бұл заң жобасы жаңа туған нәрестелерін тастап кеткен аналарды табуға, оларды жауапқа тартуға да өз септігін тигізеді.

Полицияның күнделікті қылмыстар мен оқиғалар қатарында жиі атыс қаруымен байланысты қылмыстар тіркелетіндігі де белгілі. Көбінесе біреудің атына тіркелген мылтықты басқа біреу қолданып, адамға орта, ауыр дене жарақаттарын салу, тіпті қасақана адам өлтіру қылмыстары жасалып жатады. Бұл жерде қару иесінің өз кінәсінің жоқтығын дәлелдеуі практикада өте қиын, кейде мылтық иесінің жауапқа тартылуы да ғажап емес. Егер де қару басқа біреумен пайдаланса және оның саусақ іздері мылтықта табылатын болса, ондай жағдайларда өзін жауапкершіліктен құтқару үшін кез келген заңды сыйлайтын қару иесі саусақтарының іздерін тиісті органға өз еркімен тапсыруы тиіс.

Талқыланып отырған заң жобасы адамның биометриялық деректері адамның жеке басын анықтау үшін, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету, көші-қон процесін қадағалау, терроризм, экстремизм іс-әрекеттеріне қарсы күресу, мемлекеттік басқару органдары жұмысының тиімділігін арттыру және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандығын қорғауға бағытталған.

Сондай-ақ, заң қабылданса адамның биометриялық деректерін сәйкестендіру арқылы мемлекеттің халыққа әртүрлі әлеуметтік қызмет көрсету саласын сапалы түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, нақты адамның биометриялық деректерін жүйелі түрде жинақтап, есепке қою арқылы оның электрондық нұсқасының сақталуын қамтамасыз ету бүгінгі таңда заман талабы болып есептеледі.

Заң жобасы бойынша әлемдік тәжірибеге сәйкес адамның биометриялық деректерінің тіркелуі екі түрлі нысанды құрайды. Оның бірінші нысаны бойынша, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер, басқа да әскери құрылымдар қатарына шақырылған және ерікті түрде қызмет етуге ниет білдірген азаматтар, Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнайы органдарының қызметкерлері, Қазақстан Республикасының «Қауіпті өндіріс орындары жұмысшылары» туралы және «Жекелеген қару түрлерінің айналымына бақылау жасау туралы» Заңдары бойынша қару шығаратын, сататын, аң аулау, шаруашылық мекемелерінде жұмыс істейтін азаматтар, қылмыс істегендері үшін айыпты, сезікті немесе сотты болған, әкімшілік құқық бұзушылық жасағандығы үшін әкімшілік қамауға алынған, мәжбүрлеп емдеуде болған Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел және азаматтығы жоқ адамдар, ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған азаматтар, өзінің денсаулық немесе жас жағдайына байланысты жеке басы туралы айта алмайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел және азаматтығы жоқ адамдар, республика аумағынан шығаруға жататын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, жұмысқа тұру үшін республика аумағынан тыс жерде жүрген республика азаматтары, Қазақстан Республикасына саяси баспана, басқа да баспана сұраған немесе өзін республика аумағында босқын деп тануды сұраған шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, жеке басы анықталмаған мәйіттер жатады.

Екінші нысан бойынша ерікті түрде тіркеуге арыз берген Қазақстан Республикасының азаматтары жатады. Сондай-ақ, 12-ден 16 жас аралығындағы балалар Қазақстан Республикасының паспортын алу кезінде мемлекеттік дактилоскопиялық тіркеуге жатады. Жасөспірімдер мен кәмелет жасына толмағандарға қатысты жүргізілетін ерікті дактилоскопиялық тіркеу бала келіскен жағдайда олардың ата-аналарының, қорғаншы, қамқоршы,  асырап алушыларының  қатысуымен жүргізіледі.

Заң жобасын жасаушылармен жүргізілген шетел тәжірибесін талдау көрсеткендей биометриялық тіркеудің бірыңғай жүйесін тиімді  пайдалану тек қатаң заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылған күнде ғана өз жемісін беруі тиіс. Заң бұл бағыттағы арнайы органдардың құрылымдық жүйесін, қызметі мен өкілеттіктері, есепті жүргізуге жауапты, арнайы өкілдердің міндеттері, ақпараттар аясын, көлемін, тәртібін, ведомостволық ақпараттық аумақ рәсімін реттейді. Сонымен қатар, заңмен биометриялық деректердің құпиялығын қамтамасыз етудегі ресми органдардың міндеттемелері оны сақтамаған адамдардың жауапкершілігі және лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) сотқа шағымдану тәртібі  бекітілген.

Биометриялық деректердің автоматтандырылған есеп жүйесі ҚР Бас Прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігімен құрылып, қамтамасыз етіледі және олардың есепке алынған жері бойынша электронды түрде сақталады. Ол деректерді қорғау Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін қорғау заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Заң жобасы әзірлене бастағаннан бері көпшілікті азаматтардың биометриялық деректерінің таралып кетпеу мәселесі алаңдатқаны белгілі. Осы төңіректе, мұндай құпия деректердің сақталуын қамтамасыз ететін қызметкерлердің міндеттері заңмен бекітіліп, жауапкершіліктері күшейтілген. Заң жобасымен операторлардың деректерді өңдеу кезіндегі міндеттері, олардың іс-әрекеттеріне шағым жасау тәртібі қаралған. Бұл пікір-таласқа байланысты  баспасөз конференциясы барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Р.Т.Жакупов азаматтардың алаңдамауларын сұрап, қазіргі заманда сезіктіні айыпталушы ретінде тану үшін тек саусақ іздерінің сәйкес келуі жеткіліксіз, оны кінәлі деп танып, оған айып жариялау үшін көптеген дәлелдемелер жиынтығы қажет екенін айтып түсіндірді.

Заң жобасын қабылдаудағы мақсат – адамның жеке басын  сәйкестендіру, оның қауіпсіздігін, адамгершілік қағидалары, адам мен азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін, мемлекеттің конституциялық құрылымын қорғау болып табылады.

Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасы және шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың жеке бастарын сәйкестендірудің, дербес ақпараттардың алынуының, сақталуының, өңделуінің, пайдалануының, қылмыспен, оның ішінде терроризм, экстремизммен күресу, іс-түссіз жоғалған еліміздің азаматтарын,  шетел азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды іздестіру, жол-көлік оқиғалары, өндіріс орындарында апат, зілзала басқа да төтенше оқиғаларда қаза болғандардың құқықтық және әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуін жеделдетеді және құқықтық негізін құрайды.

Заң қазіргі таңда әлі де қаралу үстінде. Егер де заңды депутаттар мақұлдап, Елбасымыз қол қойса 2021  жылдан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде.

 

Хұсайын Қоразбаев,

Қызылорда  облыстық  Ішкі  істер  департаменті

Заң бөлімінің басшысы, запастағы полиция полковнигі

 
0
0
1200

Осы тақырып бойынша

«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдаудың маңызы - Yvision.kz