Даңқты команда дайындықты бастады

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Нидің айтуынша, Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген отандастарымыз Азия чемпионатына қатыспайды. Мамандар өзара кеңесе келе еліміздің беткеұстар зілтеміршілерін бұл бәсекеден босатқан екен.
Былтыр Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында айды аспанға шығарып, төрт мәрте әнұранымызды шырқатқан Қазақстанның зілтеміршілері осыдан бірер апта бұрын Алматы қаласында бас қосып, өздерінің оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті.
Биылғы жылы да жерлестерімзді бірқатар жауапты жарыстар күтіп тұр. Тарқатып айтсақ, 6-14 сәуір аралығында Ташкентте жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Былтыр төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған 17 жасқа дейінгі өрендер Словакияның Кошице қаласында бас қосқан болатын. Бұл жарысқа еліміздің санаулы ғана спортшылары қатысқанына қарамастан, 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді иеленді. Осы орайда Надежда Ногай (+69 келі) алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Игорь Лактионов (94 келі) пен Виктория Вагнер (+69 келі) күміс алса, Альберт Линдер (69 келі) мен Ғалымбек Жұбатқанов (77 келі) қолаға қол созды.
– Аллаға шүкір, елімізде дарынды ұл-қыздар өте көп. Бірқатар аймақтардан мықтылар шықты. Бұл күндері олар өз құрбы-құрдастары арасындағы әлемдік деңгейдегі жарыстарда оза шауып жүр. Бірі жүлдегер атанса, енді бірі жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуде. Солардың арасында өз қаракөздеріміздің үлес салмағының артуы – біздер үшін үлкен мәртебе. Бұрындары осы спорт түрін серік еткендер аз еді. Қазіргі кезде олар тек ауыр атлетикаға мықтап ден қойып қана қомай, халықаралық аренада қазақтың тектілігін паш етіп жүр. Бұл күндері Жазира Жапарқұл, Жасұлан Қыдырбаев, Ғалымбек Жұбатқанов, Нұрсұлтан Рахатов, Әділбек Балқаев, Ерболат Жоламанов, Айдар Қазов, Майра Файзоллаева сынды қандастарымыздың қарқыны қуантарлық. Олардың қатарына ұлттық құрама сапындағы Алмас Өтешев пен Анна Нұрмұхамбетованы қосыңыз. Бұйыртса, осы өрендеріміздің алды әлемдік деңгейде мойындалатын күн жақын. Ал олардың ізін басып өсіп келе жатқан спортшыларымыз Ташкент пен Лимадағы додада әнұранымызды шырқатып, туымызды биікте желбірететініне еш күмәнім жоқ, – дейді республикалық ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір.
Сол жеңісті жолымыз жастар арасындағы әлем біріншілігінде де жалғасты. 20 жасқа дейінгі зілтеміршілердің бұл жарысы Гватемаланың Антигуа қаласында өтті. Мұхиттың арғы бетіндегі бәсекеге Қазақстанның төрт спортшысы ғана қатысып, олардың барлығы да елге олжалы оралды. Жазира Жапарқұл (69 келі) мен Ибрагим Берсанов (105 келі) алтын тұғырдан қол бұлғаса, Карина Горичева (63 келі) мен Жасұлан Қыдырбаев (94 келі) үшінші сатыға табан тіреді. Биыл жастар 3-11 мамыр аралығында Перудың астанасы Лима қаласында өз өнерлерін ортаға салады.
Еліміздің ұлттық құрама командасы мүшелерін алда екі бірдей дүбірлі дода күтіп тұр. Оның бірі – Алаш топырағында өтетін Азия чемпионаты. Сары құрлықтың сайыпқырандары 5-13 маусым аралығында Астанада бас қосады. Негізі, біз бұған дейін аталмыш доданы екі мәрте өткізген болатынбыз. Осыдан бірер жыл бұрын Алматыда, одан кейін Талықорғанда жалауы желбіреген жарысты аса жоғары деңгейде ұйымдастырдық. Мәртебелі меймандар да, қарапайым көрермендер де қазақтардың іскерлігі мен ауызбірлігіне риза болып тарасқан. Сол себепті де Томаш Аян мырза басқаратын Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қайта қазақстандықтарға сенім артып отыр. Ол аз десеңіз, 2014 жылы лицензиялық әлем чемпионаты дәп осы Арқа төрінде өтеді.
– Қазақстанға осындай екі бірдей жауапты жарысты өткізуді сеніп тапсыруы тегін емес, – деп бастады өз әңгімесін республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов мырза. – Бұл – әлемдік қауымдастықтың біздің мықтылығымызды түбегейлі мойындап отырғандығының айқын көрінісі. Осы орайда ауыр атлеттерге әр кез қолдау көрсетіп отырған ел спортының басшыларына, бас демеушіміз – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына және басқа да жанашыр азаматтарға шексіз алғысымызды білдіремін. Бұл істе ұсақ-түйек деген мәселелр болмауға тиіс. Сол себепті де дайындық жұмыстарына әлдеқашан кірісіп кеттік. Өйткені елімізде осындай ірі шара ұйымдастыру арқылы біздер өзіміздің іскерлігіміз бен ауызбірлігімізді паш етеміз. Қазақстанның спортсүйер қауымы үшін биыл алып Азияның әр түпкірінен жиналған апайтөстерінің айқасын көруге мүмкіндігі туындаса, келесі жылы төрткүл дүниенің теңдессіздерінің тартысын тамашалайтын боласыздар.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Алексей Нидің айтуынша, Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген отандастарымыз Азия чемпионатына қатыспайды. Мамандар өзара кеңесе келе еліміздің беткеұстар зілтеміршілерін бұл бәсекеден босатқан екен. Алайда одан жарыстың қызығы кеміп қалмайды. Өйткені қазіргі кезде команда құрамында мықтылар өте көп. Әлемдік деңгейдегі додаларға жүлде алғандар жетерлік. Оған қоса, Азияның бірқатар мемлекеттері өздерінің беткеұстар ауыр атлеттерін Астанадағы жарысқа қатыстыруды жоспарлап отыр. Бұл өрендердің арасындағы тартыстың өте шиеленісті болатынына еш шүбә келтірмейміз. Алайда аталмыш жарысқа жолдама алудың өзі оңай шаруа емес. Азия чемпионатының қатысуы іріктеу сынынан іркілмей өту қажет. Бұл турнир 24 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астана қаласында өтеді. Сол бәсекеде оза шапқан 15 (8 ерлер+7 қыздар) отандасымыз сары құрлықтың бас-ты додасында бақ сынау құрметіне ие болады.
Биылғы маусымның басты жарысы – әрине, ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты. Қазақстан құрамасы аталмыш жарыстан үнемі олжалы оралып жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Егер 2005 жылдан бергі кезеңді алатын болсақ, жүріп өткен жолымыз ірі жеңістерге толы. Мәселен, 2005 жылы Доха мен 2006 жылы Санто-Домингодан бір-бір реттен бас жүлдені иеленсе, 2009 жылы Гоянгта 4 алтын мен 1 қоланы олжаладық. 2010 жылы Анталияда 2 мәрте әнұранымызды шырқатсақ, 2011 жылы Парижде 2 алтын мен 2 күмісті қанжығаға байладық. Осы жарыстардың барлығында жалпы есепте үшінші тұғырдан төмендеген кезіміз жоқ. Олай болса, Польшаның бас шаһары – Варшавада да асығымыз алшысынан түсуге тиіс. Бұл жарыс 16-23 қазан аралығында ұйымдастырылады.


