«Дәретханаға жедел жәрдеммен барғыңыз келе ме?» немесе Алматы аудандық сотындағы жайт
"Сізге сотқа шақыру келді" деген телефон қоңырауы басында қорқынышты естілгенімен, өзімнің жәбірленуші ретінде баратыным еске түсіп, кеше ұйқыға ертерек жаттым.
Үш жарым ай бұрын тоналған офисімнің тағдыры бүгін шешілгелі тұр, оның үстіне жоғалған бағалы заттарымды қайтарып алуға үмітім де бар. Әдеттегіден ертерек тұрып, қанша дегенмен заң үйіне баратынымды ескеріп, 9-ға он минут қалғанда Жеңіс даңғылындағы Алматы ауданының №2 аудандық сотының алдына келіп жеттім.

Кеше телефонда мені шақырған хатшы уақыт пен сот үйінің нөмірінен басқа ештеме айтпай, барлық ақпарат ауыртпалығын кіре берісте отыратын адамдарға ысырып тастаған еді. Енді сол пластик қоршаудағы жас жігіттің қолынан бәрі келетініне күмәнім болмай, адымдап барып, өзіме керек сот залын сұрадым. Білмейді екен. Қайда қоңырау шалуға болатынын сұрадым, - оны да білмейді екен. Істің нөмірі мен соттың атын сұрадым, жауап тағы да солай.
Көрші пластик қоршаудағы қыздар көмекке келіп, соттың атын білгенімше болған жоқ, әлгі ештеме білмейтін қызметкерге жас қыз таяп келіп, сыбырмен ғана дәретхананы сұрады. Әскери формадағы жас жігіттің не деп жауап бергенін естігенім жоқ, бірақ қыздың бет-бейнесі мен өзімнің алдыңғы тәжірибем бойынша оның тағы да "білмеймін" деген сұраусыз сөзді айтқанын түсіндім.
Шарасы қалмаған қыз әбіржіген түрмен көрші қызметкерге ұмтылып, одан бұл кіреберісте әжетхана жоқ екенін, ол үшін ішке кіріп, сот залына қарай өту керектігін біліп алды. Ал онда кіру үшін не әлгі жас жігіт есікті ашуы керек, не оның пластик қоршауынан секіру керек. Өз ұясын және оның арғы жағындағы кеңселерді жанындай қорғап отырған жас жігіт әлдебіреуге үш рет қоңырау шалып, ондағы әжетханаға қыздың өте алмайтынын біліп алды. Ауырып тұрған қыздың өтінішімен төртінші қоңырау жасалынып, әжетханаға бару үшін қыздың жанына қызметкерлер серік болуы керектігі айтылды. Ең қиыны енді басталды. Сол серік болатын қызметкер келгенше жоғарыға бес қоңырау жасалынып, сегіз минуттай уақыт өтті. Егер сот процессі өз уақытында басталса, қыз ендігі залға да, оның жанындағы дәретханаға да өтіп, дәл бұлай әбігерге түспес еді.
Оның жас жігітке қиыла айтылған "Мен ауырып тұрмын, тезірек өтуге бола ма?" деген сұрағына келесі жауап мені қатты таңғалдырды: "Ауырсаңыз, скорый шақырамыз!".
Әлемдегі ақымақ істердің қатарына бір ай бұрын жазылып, кезекпен ғана кіретін дәретхананың кіргендігі туралы оқып едім. Бірақ біздің астанада дәретханаға бару үшін жедел жәрдем шақыруға болатындығын естімеппін.
18 минуттан соң қыздың өтініші орындалды, ал 26 минуттан соң кешіккен сот өз жұмысын бастады.

Журналист болмасам да, қызығушылығым ояным, сот үрдісінен соң әлгі жігіттің соншама қызғыштай қорғаған дәретханасына арнайы сапар шектім.
Қақпақсыз унитаз, сарғайған қолжуғыш және атам заманнан қалған кептіргіш құрал лас та қараңғы бөлмеде орналасыпты.

Ең қызығы, үлкен бөлмені сәнін келтіргісі келген бе, жалғыз унитаздың қарсы бетіне төрт орындық жайғасқан.

Дәретхана мен күту залын бір бөлмеге сыйғызып жіберген мұндай икемділікке шынында да "риза" болдым.
Кеше ғана өзім барған қазақ театрының да жағдайы есімде. Тар да ыңғайсыз асхана, лас әжетхана... Мәдениет киім ілгіштен басталар да шығар-ау, бірақ кез-келген іс-шара дәретханамен аяқталатыны анық. Мемлекеттік құрылымға қатысы барлық мекеменің (қалалық тіс емдеу орындары, тегін емханалар, мектептер, кітапхана, т.б.) қызмет көрсету деңгейі "төмен" деген сөзден де төмен.
Қазір спорт сөмкемді асынып, Life Fitness-ке кетіп барам. Рас, бағасы қымбатырақ, бірақ дәретханаға бару үшін жедел жәрдем шақырып қажеті жоқ :-)
