Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күніне орайластырылған іс-шаралар жөнінде
2014 жылғы 3 маусымда, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні қарсаңында Қазақстан, Беларусь және Ресейдің табиғатты қорғау ведомстволарының бірлескен телекөпірі өткізіледі.
Оған Ресей Федерациясының табиғи ресурстары және экология министрі Сергей Донской, Беларусь Республикасы табиғи ресурстары және қоршаған ортаны қорғау министрінің бірінші орынбасары Ия Малкина, Қазақстан Республикасының қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев қатысып, үш елдің табиғатты қорғау саласында бірлесіп іске асыратын жобалары туралы баяндайды.
5 маусым күні Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күніне орайластырылған бірқатар іс-шара өткізілмек.
ҚР қоршаған орта және су министрлігінде құрылымдық бөлімшелердің, ведомствоға бағынысты және қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен салтанатты жиналыс өтеді.
Сонымен қатар, ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров республикалық экологиялық үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізеді. Басқосуға ҚР Парламент Мәжілісінің депутататтары, астаналық жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысады. Кездесу барысында министрлік пен ҮЕҰ арасындағы өзара әрекеттесу перспективалары қарастырылмақ.
Кездесу аяснда «Қазгидромет» РМК ұйымдастырған «Су – өмір нәрі» фотобайқауының салтанатты ашылуы өтіп, ҚР ҚОСРМ экологиялық бақылау және реттеу комитеті өткізген жасөспірімдердің қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы суреттері байқауының нәтижелері шығарылады. Ең үздік деп танылған жұмыстардың авторлары марапатталады.
Сонымен қатар, 5 маусымда Беларусь, Қазақстан және Ресейде халықаралық экологиялық сенбілік өтеді.
Қазақстанның барлық аймақтарында өтетін акция барысында қалалар мен қала маңы аумақтары тұрмыстық күл-қоқыстардан тазартылады. Сенбілікке орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ, ЖОО студенттері қатысады.
Астанада экологиялық акцияға 600-ден астам адам қатысады. Қоршаған орта және су министрлігінің, астаналық экология департаментінің, «Астана орманы» және «Полигон» ЖШС, сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қалалық қалдықтар полигонына іргелес орман аумағын қоқыстан тазартуға атсалысады.
6 маусым күні Астанада электронды қалдықтарды жинауға арналған экобокстар презентациясы өтеді. Бұл шара ҚР Үкіметі, БҰҰ Даму Бағдарламасы және «Samsung Electronics» компаниясының қолдауымен өткізіліп жатқан «Электронды қалдықтарды басқару» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Жоба мақсаты – электронды қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін зияны мен оларды дұрыс жинау қажеттігі мәселелеріне қалың көпшіліктің назарын аудару.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі
