Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Дүнген бауырларымызды сыртқа теппейік

Хуэй (дүнген) халқы араб миссионерлерінің ұрпақтары. Қытай Халық Республикасының құрамында өздерінің автономиясы бар. Ғасырлар бойы қытайлармен қуғындалған дүнгендер, бүгінде өздерінің араб тілінен айрылып, хань тілінде сөйлейді, бірақ-та ислам дінін сақтап қалған.

Саны 70 мыңнан астам бұл этнос XIX ғасырдың соңына қарай Қытай тарапынан қудалауға ұшырап, барынан айрылып қазақ жеріне келіп тұрақтауға мәжбүр болды. Басына күн туған кез-келген ұлтқа қазақтар қоныстық жер беріп, жатсынбай жақын тартты. Соның арасында дүнген халқы да бар.

Бүгінде Қырғызстанның дүнгендері қырғызша, Өзбекстандағылар өзбекше сөйлеседі. Яғни, олар тұрған ортаға бейімделген. Қазақстанның дүнгендері қазақ тілін білмейді, қазақ мәдениетінен хабарлары жоқ, әлі күнге дейін дүнген балалары орыс мектептерінде оқиды. Жамбыл облысының басшылығының басты қателігі, дүнген азаматтарымызға қазақ қоғамына бейімделуіне жағдай жасамағандығында. Еліміздің теңқұқылы азаматы болып сезіну үшін, дүнгендер мемлекеттік тілді біліп, оқу керек. Факультатив ретінде араб және хань тілдері оқытылу тиіс.

Қазақтар ежелден араб миссионерлерінің ұрпақтарын «қожа» деп атаған. Қожа руының өкілдері еліміздің тәуелсіздігі үшін күресіне қосқан үлесі зор, бүгінде еліміздің әр түкпірінде тұрып жатып, әр салада қажырлы еңбек етуде. Қожаларды «асыл сүйек» деп, бұқара халық сыйлаған. Мәдениетіміздің бір бөлігі болып кеткен діни шараларымызға, пішпеге қожа руының өкілдері белсене қатысады.

Бүгінгі Қазақстан дүнгендерін де «қожалар» деп атауға хақымыз бар. Қазақ пен діні бір дүнген бауырларымыздың арасына алауыздық кірмесін. Қордай оқиғасы қайталанбасын, достығымыз нығая берсін. Еліміз аман, халқымыз тыныш болғай.

Амангелді Елтін

0
0
716

Осы тақырып бойынша