Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Дәнекерлеу ісінің шеберлері. 3-бөлім.

Дәнекерлеу ісінің шеберлері. 3-бөлім

Ерлерге лайық кәсіп пен бисер тоқуды үйлестіріп жүрген нәзік жан  

Дәнекерлеумен айналысатын әйел адамды көріп пе едіңіздер? Жасыратыны жоқ, бүгінгідей мамандықтар ерлерге немесе әйелдерге лайық деп бөлінбейтін уақыттың өзінде де қыз-келіншектер арасынан дәнекерлеумен айналысатын, сантехник немесе автомеханик болып істейтін таныстарымызды еске түсіре қою оңай емес.

Алматы құрылыс-техника колледжінің өндірістік оқыту шеберлері мұндай мифтерді жоққа шығарып, әйел адамдардың да күрделі жұмысшы мамандықтарды ерлерден бір де кем емес деңгейде игеріп, оны әйел затына ғана тән әдемі әуестікпен шебер үйлестіріп жүргенін дәлелдеп жүр. Бұған дейінгі мақалаларымызда көгершін бағумен айналысатын Тобанияз Дүйсенайұлы мен омарта ұстайтын Сергей Борисович туралы айтқан болатынбыз. Ал бүгін колледжде болашақ дәнекерлеушілерді оқытатын, ал бос уақытында бисер тоқумен айналысатын Жұмағұлова Науат Ахмедиярқызымен таныстырмақпыз.

«Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім болғым келген еді. Алайда, біз 8-сыныпты бітіргеннен кейін (мектебіміз Жезқазғаннан 20 шақырым жердегі елдімекенде болатын), сыныптастарым училищелерге кете бастады. Үлгерімім жақсы болғандықтан, училищеге баруға намыстандым. Ол кезде Жезқазғанда жалғыз ғана техникум бар, онда екі мамандық бойынша білім береді: ӨАҚ (Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс) және Темір-бетон құралдары мен металл конструкциялардың технологиясы. Әкеммен ақылдаса келіп, екінші мамандыққа тоқтадым. Сөйтіп Жезқазған құрылыс техникумын бітіріп, әрі қарай оқығым келді.

Кеңестік кезеңде жақсы шеберлерді Шымкентте ғана дайындайтын, бірақ ол жақта орын болған жоқ. Мені Жезқазғанда қалдырмақ болған еді, өзім Жамбылға (қазіргі Тараз – ред.) сұрандым. Өзіммен бірге оқыған екі құрбыммен бірге Жамбыл темір-бетон конструкциялары және силикат бұйымдар зауытында ауысыммен шебер болып жұмыс істей бастадық. Бірақ, шеберлердің бәріне бірдей жұмыс болмай, директор бізді дәнекерлеу жұмысына жіберді. Төрт ай дәнекерлеуші болып істедім, содан кейін мені шебер етіп тағайындады. Сосын тұрмысқа шықтым да, Шымкентке барып оқимын деген ойымнан айнып қалдым.

15 жыл зауытта дәнекерлеуші болдым, сосын ауысым шебері, инженер-технолог болып істедім. Ауысым шебері ретінде қажет болған жағдайда кранға да отырдым, дәнекерлеуші де, электрик те болдым. Шеберлер бәрін бақылауда ұстауы тиіс болатын. Маған бұл салада жұмыс істеу ұнайтын. Сондықтан мұндай таңдау жасағаныма өкінбеймін. Оның үстіне, мемлекет ол кезде зауыт жұмысшыларына үш бөлмелі пәтер беретін, шетелдік көлік алатынсың, балаларды жақсы балабақшаға орналастыруға мүмкіндік болатын. 
Күйеуім мамандығыма қалай қарайды дейсіз бе? Біз үйленген кезде ол Жамбыл гидромелиоративтік институтының бірінші курс студенті болатын. Мені таңдағаннан кейін мамандығыма да құрметпен қарауы керек шығар. Қарсы болған емес, жұмысқа шығарып салатын, жұмыстан алып кететін», – дейді Науат Ахмедиярқызы күліп. 
Науат ханым колледжге Жезқазғаннан келген. Көп жыл зауытта істегеннен кейін денсаулығына байланысты Жезқазғандағы лицейде дәнекерлеу жөніндегі маман болып істепті. Ал Алматыға отбасылық жағдайына байланысты көшіп келген: «Екі қызым Алматыда университет бітіріп, тұрмыс құрды. Бұл жаққа немерелерімді бағып көмектесу үшін келдім. Колледжде жұмыс істеп жатқаныма бесінші жыл. «Дәнекерлеу жөніндегі өндірістік оқыту шебері» деген қызметті атқарамын. Дәнекерлеу үш түрге бөлінеді (электр, газ және аргон), мен соның үшеуін де меңгергенмін», – дейді шебер.

Қазір колледжде виртуалды дәнекерлеу тренажері бар, Науат Ахмедиярқызы бұл жұмысты біршама жеңілдеткенін айтады: «Оқу жылының басында бірінші курс студенттерімен тренажерда жұмыс істей бастаймыз, шеберханаға содан кейін ғана барамыз. Тренажерді қойғанға дейін студенттер дәнекерлеу жұмысын үйрену үшін бірден шеберханаға баратын. Жарқырап от шашқаннан қорқып, қолдарындағы құралдарын тастай салып, сасқалақтап қалатын. Тренажерде бүкіл процесті көріп, үйренгеннен кейін балалар цехқа батыл барады. Бастапқы кезде әрқайсысын қолынан ұстап жүріп үйретуге тура келеді».

Педагог әрдайым оқушыларымен кеңесіп, кім не жасағысы келетінін сұрап алады. Осылайша, оқу процесіне шығармашылық көзқараспен қарауды үйретеді. «Бірінші курста ұлдарға нобай жасатып, дәнекерлеу үшін соның ішінен ең үздік сызбаны таңдайтынымды айттым. Олар киіз үйдің макетін таңдады. Ал екінші курстан бастап өндірістік тәжірибе басталады», – дейді шебер.

Жоғарыда айтқанымыздай, Науат Ахмедиярқызының әдемі әуестігі – бисер тоқу. Бұл жөнінде Науат ханым былай дейді: «Бұл әр қыздың бойында бар нәрсе деп ойлаймын. Кішкентай кезімізде-ақ аналарымыз, әжелеріміз тігу мен тоқуды үйретеді ғой, бисер де сол сияқты. Оқушы кезімде ата-анама киім тігіп беретінмін, ал бисермен айналысқаныма он жылдан асты. Жезқазғанда бүкіл туыстарыма бисерден тоқыған гүлдің түр-түрін сыйлаған шығармын. Бастапқыда бисер тоқуға қатысты неше түрлі кітаптарды оқыдым, сосын эксперимент жасай бастадым. Көрмелер мен қалалық деңгейдегі конкурстарға қатысқан емеспін, бірақ колледжде бисер тоқу үйірмесін ұйымдастырып, балалардың жұмысын көрмеге қойдық. Қалаған жандар студенттердің жұмысын сатып алып жатты. Үйірмеге тек қыздар ғана емес, ұлдар да қатысқанын айта кеткен жөн. Бір жігіт өте әдемі раушан гүлін тоқыды. Балаларға мұндай хобби ұнаған еді. Бірақ, уақыттың болмауына байланысты үйірмені жабуға тура келді. Былтыр бірінші курс студенттеріне сабақ бердім, жүктеме көп болғандықтан үйірмеге уақыт қалмады. Қазір уақытым көбірек, үйірмені қайтадан ашсам деп жүрмін». 
Науат Ахмедиярқызына ұстаздық жолында да, шығармашылығында да табысқа жете беруін тіледік.

 
0
0
2452

Осы тақырып бойынша

Дәнекерлеу ісінің шеберлері. 3-бөлім. - Yvision.kz