Перейти к содержимому
Обложка сообщества Разное

Дәнекерлеу ісінің шеберлері. 2-бөлім.

Дәнекерлеу ісінің шеберлері. 2-бөлім
Омарташы оқытушы

Ер адамдарға лайық салмақты кәсіптерді таңғажайып хоббимен қалай үйлестіруге болады? Әдемі әуестігі бар, өмірді, табиғатты және барша тіршілік иесін жанындай жақсы көретін кәсіби мамандар бұл махаббатын айналасындағыларға қалай сіңіреді? Студенттерге олардың берері қандай? Біз осы сауалдарға жауап беруді жалғастырамыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз Сергей Борисович Злобин – Алматы құрылыс-техника колледжінде дәнекерлеу ісі бойынша өндірістік оқыту шебері. Ол да өзінің әріптесі, алдыңғы жазбамызда таныстырған Тобанияз Дүйсенайұлы сияқты студенттерге қажетті жұмысшы мамандығын игеруге көмектесіп қана қоймай, өзінің сүйікті ісін де қатар алып жүреді. Бұл кісінің хоббиі кейде қауіпті, бірақ «тәтті».


«Түргенненмін, сол жақта оқыдым. Өзім дәнекерлеуші боламын деп шештім. Ауылда қалаға баратын мамандықты таңдайсың ғой. Мен де солай таңдадым. Техникумды бітіргеннен кейін құрылыста істедім, сосын сабақ бере бастадым. Он бес жылдай дәнекерлеуші болып істедім, ал сабақ беріп жүргеніме отыз жылдай болды. Өз ісімді, әлбетте, жақсы көремін! Дәнекерлеудің барлық түрін білемін: аргонды білемін, газбен дәнекерлеймін, электр дәнекерлеуішті де меңгергем. Дәнекерлеушілердің барлық конкурстары мен чемпионаттарында менің оқушыларым бірінші орын алады. Тәуелсіздік алғаннан бастап күні бүгінге дейін менің шәкірттерімді басып озған ешкім жоқ. Үш рет республика біріншілігін ұттық. Нұрлыбек Мұхамедияров деген шәкіртім «Дәнекерлеу технологиялары» бойынша өткен World Skills Almaty – 2015 қалалық кәсіби шеберлік чемпионаты мен республикалық World Skills Kazakhstan – 2015 чемпионатында жеңгеннен кейін Бразилияға World Skills San Paulo – 2015 халықаралық чемпионатына барды. Соңғы жеңістеріміздің бірін айтсам, өткен жылдың күзінде өткен республикалық конкурста менің оқушым Мәди Омар бірінші орын алды», – дейді Сергей Борисович мақтанышпен.

Кейіпкеріміз «Дәнекерлеу ісі» Аймақтық ресурс орталығында дәнекерлеу шеберханасына жетекшілік етеді. Оның құрамына металл өңдеу және дәнекерлеу цехы мен дәнекерлеу зертханасы да кіреді. Шебер ретінде дәнекерлеудің барлық түрінен сабақ өтеді және зауыт жұмысшыларына кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатымен дәріс оқиды. «Келісім-шарт бойынша ұйымдармен жұмыс істейміз. Олар бізге аттестациядан өткізуге және кәсіби біліктіліктерін арттыруға қызметкерлерін жібереді. Кейде бізде оқуға шетелдіктер де келеді. Жуырда Сербиядан келген студенттер болды, ал үш жыл бұрын Германиядан мамандар келген. Біздегі білім беру сапасы шетелдегіден бір де кем емес. Дегенмен, оларға курсты бізде өткен өз елдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан, тіпті, ұшаққа кететін шығынды қосқанның өзінде. Оның үстіне, студенттер курсты аяқтағаннан кейін алатын құжаттар мен сертификаттар шет елдерде де мойындалады», – дейді педагог.

Сергей Борисович басқаратын шеберханада соңғы үлгідегі итальяндық құрал-жабдықтар тұр. Бұл құрылғылар мен өндірістегі жабдықтардың арасында бәлендей айырмашылық жоқ. Оқытушы кез келген құрылғыда жұмыс істеудің принциптері бірдей екенін мойындайды: электродтар мен жартылай автоматтандырылған дәнекерлеу жүз жыл бұрын қандай болса, бүгінгі күні де сондай. Дегенмен, заманның талабынан қалмай, жаңа технологияларды меңгеру үшін көп ізденуге тура келетінін жақсы түсінеді.

Бірінші курста Сергей Борисовичтің студенттері тәжірибеден колледжде өтсе, екінші курста оларды жұмыс істеп тұрған компанияларға жібереді. Ұстаздар қауымы өндірістегі оқушыларымен үнемі байланыста. Мұндай қарым-қатынас прогресті қадағалап отыруға мамандыққа сай заманауи әдебиеттерді оқығандай деңгейде көмектеседі.

Педагог жұмысынан бос уақытта бал арасымен айналысады, омарта ұстайды. «Омарташылық ең алдымен табиғатпен тығыз қарым-қатынас жасауыма, көліктердің шуылынан және қаладағы қарбалас өмірден демалуыма мүмкіндік береді. Өздігімнен осы іспен айналысқаныма 10 жылдай болды. Әрине, бұл хоббидің шығыны да аз емес. Білімді ғана емес, ақшаны да қажет етеді. Бастапқыда омарта, оған қажетті құралдар, аралардың өзін сатып алу керек. Қазір Карпатка тұқымының араларын бағып жатырмын. Олар басқа аралармен салыстырғанда бейбіт және жұмыс істеу қабілеттері де жақсы. Аралармен жыл он екі ай жұмыс істеуге тура келеді: қоректендіру керек, аналық араның қалай тұқым шашатынын, қалай өсіп жатқандарын қадағалау керек, ауырмауына назар аудару керек. Ал балдың аз не көп болуы ауа райына байланысты. Биыл жұмысым жақсы жүрді. Балды заңды жолмен таратамын: жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін, омарташылар қоғамының мүшесімін. Сол жерден инвентарь, балауыз, дәрі-дәрмек, сым, тағы да басқа қажетті құрал-жабдықты сатып аламын. Балауызды да сол жерге өткіземін. Колледждегілердің барлығы менің балымды жейді, – дейді Сергей Борисович күліп. – Балымның сапасы жақсы, әбден пісіп-жетілгенін күтемін. Бұл кәсіпте отбасым көмектеседі. Немеремді бес жасынан осы іске баулыдым, қазір ол 16 жаста. Омартаны көшіргенде, балды алғанда маған көмектеседі. Әйелім де араларды жақсы көреді, ол да қуана-қуана көмектеседі. Көгершін бағатын әріптесім Тобанияз Дүйсенайұлы кейде омартаға менімен еріп барады. Ол жанға дауа тұрғысынан көмектеседі, өзі бұған демалыс деп қарайды, бұл дегеніңіз табиғатпен қарым-қатынастың тамаша тәсілі ғой».

Алматы құрылыс колледжінің барлық мамандықтары сияқты дәнекерлеу ісі де Тегін ТжКО бағдарламасына кіреді. Көңілі қалаған кез келген адам мұнда тегін оқи алады. Тегін техникалық және кәсіптік білім алу туралы ақпаратты келесі сілтемеден оқи аласыздар:
https://vk.com/edugovkz?w=wall-120804658_796

Алматы құрылыс-техника колледжіндегі тәжірибелі өндірістік оқыту шебері, дәнекерлеу жұмысынан бөлек отыз жылдан астам уақыт көгершін бағатын Тобанияз Дүйсенайұлы туралы материалды келесі сілтемеден оқи аласыздар: https://yvision.kz/post/766822

. Келесіде ер азаматтарға лайық мамандықты таза нәзік жан иелеріне тән әуестік – бисер тоқумен үйлестіріп жүрген Науат Ахмедиярқызы туралы айтамыз.

 


0
0
1440

Еще по теме

Дәнекерлеу ісінің шеберлері. 2-бөлім. - Yvision.kz