Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жобалары Маңғыстау жұртшылығына кеңінен насихатталуда

Елімізде 2017 жылдың 12-ші желтоқсанында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осыған байланысты кешенді бағдарламалар легі мен жобалар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Жаңа инновациялар қоғам өмірінің барлық саласына енгізілуде. Мұның бәрін тұтынып, қызметін пайдалану үшін цифрлық сауаттылық курсынан өту қажет. Өйткені, заманауи жаңашылдықтың өз тілі бар. Үйренуді әрі меңгеруді талап етеді. Бұл мәселеге байланысты ел аумағында «цифрлық сауаттылықты арттыру» курсы өткізілуде.

Аталған шара Ақтауда 2018 жылдың 13-ші тамызынан бастап қолға алынды. Яғни, Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен цифрландыруға қатысты жобалардың жай-күйі тұрғындарға түсіндіріліп жатыр. Бұған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика басқармаларының мамандары және «Қазпошта» АҚ атсалысуда.

Осы ретте, облыс әкімдігімен цифрлық сауаттылық курстарын оқытудың арнайы графигі даярланды. Осыған орай, жергілікті жұртшылық цифрлық дағдыларды игерді. Енді осы істің нәтижелеріне тоқталып өтсек. Ағымдағы жылдың 10-12 мамырында өңірдегі 316 информатика мұғалімі «Цифрлық сауаттылықты арттыру» курсынан өтті. Осылайша, 300-ден аса тренер даярланды. Бұған қоса, өңірдегі 65 білім мекемесі анықталып, облыс тұрғындары үшін 100 аудитория мен 1300 компьютер қарастырылды. Қамтылған нысандар қала мен ауыл деңгейінде. Аймақтық тренерлермен 6361 адам оқытылса, мобильді топтар арқылы 2500-ге жуық адам цифрлық сауаттылықты меңгерген. Мұндай мобильді топтар осы жұмыс үшін жасақталған болатын. Оның құрамында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының сарапшылары мен Қазпоштаның мамандары бар. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қызметкерлері де бұған көмектесіп жатыр.

2018 жылы қыркүйегіне дейін 8758 тұрғын оқытылған. Тамыздың 28-і мен қазанның 10-ны аралығында 286 адамның қатысуымен семинар өткен. Бұл Маңғыстау облысының әкімдігі берген мәлімет. Аймақтағы колледж және университет студенттері де аталған курстан өтіп жатыр.

Қорытындылай келсек, цифрлық сауаттылықты арттыру курстары халықтың мемлекеттік қызметті электрондық форматта алуына жәрдемдеседі. Медициналық мекемеге барса электронды қызметтерді өздігінен ала алатын болады. Заманауи технологиялардың тілін білетін болады. Өз-өзіне қызмет көрсете алатын дәрежеге жетеді. Уақыты үнемделіп, экономикалық тиімділіктерге қол жеткізе алмақ. Сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы оң өзгерістерді өздігінен пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Естеріңізге сала кетсек, аталған курс 2018 жылдың 1 маусымында басталған еді. Жоспарға сәйкес, еліміздің барлық аумағында жалпы 8 млн. адамның цифрлық сауаттылығын арттыру көзделген.

0
0
747

Осы тақырып бойынша

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жобалары Маңғыстау жұртшылығына кеңінен насихатталуда - Yvision.kz