ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
2

Чемпиондық триллер

Төрткүл дүниенің төрт бұрышы көз тіккен Ағылшын премьер лигасының алғашқы  ысқырығы да естілді. Бірінші тур  біріншіліктің деңгейін көрсететін кездесулерге толы болды. "Ливерпуль" мен "Тоттенхэмның" жеңілісі, "Арсеналдың" тең ойыны, 5-0 есебімен көпшілікті елең еткізген екі матч осының айғағы.  Ал жаңа чемпиондардың атағын қорғаудағы алғашқы ойыны қызығырақ болды десем, артық айтпаспын. Өткен біріншілікте жанкүйерлерінің жүйкесін әбден жұқартқан "Манчестер Сити" ойыншылары бұл кезеңді де сол әдетпен бастады.

Сырт алаңда "Саутгемптон" чемпиондарды басым түседі дегенге көпшілік (оның ішінде мен де бармын) сене қоймас. Бірақ ойында барлығы басқаша болып шықты.

Ойынның 17 минутында "Саутгемптон" қақпасына пенальти белгіленеді. Айып добын тепкен Давид Сильва мүлт кетті. "Қасиетті" қонақтарды қиналмай ұтады деген қалалықтар 40 минутқа дейін гол соға алмай қиналды. Бірінші таймның аяқталуына бес минуттай уақыт қалғанда аргентиналық шабуылшы Карлос Тевес есеп ашты. Осымен барлығы біткендей көрінген. Премьер лигаға биыл қосылған "Саутгемптон" ойыншылары бұл жағдаймен келіспейтіндерін үзілістен кейін  толық түсіндіре білді. Ойынның 59 минутында Ламберт есепті теңестірсе, он минуттан соң Дэвис қонақтарды алға шығарды.  Бірақ бұл кеште манситиге ұтылу жазбаған екен. 72 минутта Джеконың голы желпінген  "Саутгемптон" жанкүйерлерін сабасына түсірсе, Самир Насридің голы  оларды мүлде үнсіз қалдырды. Осылай жанкүйерлерінің жүйке жүйесін сити ойыншылары алғашқы ойында-ақ тексеріп алды.

Биылғы біріншіліктің алғашқы матчтарының бірі Лондонда ойналды. "Арсенал" мен "Сандерленд" арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ. Арсен Венгер шәкірттері қанша тырысса да, жеңіс голын соға алмай-ақ кетті. Есесіне командаға жаңа қосылған Лукас Подольски мен Санти Касорла жергілікті жанкүйерлерге үміт сыйлап, "МЮ"-ге кеткен  Ван Персиді жоқтатпады. Жаңа ойыншылардың аяқ алысы сыналған тағы бір матч Уиганда болып өтті. Жергілікті "Уиган Атлетик" еуропаның үздік клубы "Челсиді" қабылдады.

Кездесудің екінші минутында-ақ алаңдағы алғашқы гол тіркелді. Жергілікті жанкүйерлердің өкінішіне орай, алаң иелерінің қақпа торы бүлк етті. Голдың авторы - оң қапталдағы шабуылшының орнынан табылған лондондық қорғаушы Бранислав Иванович. "Уиган" ойыншылары ес жиып үлгерместен екінші соққыға тап болды. Ақсүйектер қатарына жаңа қосылған Эден Азарға қарсы қожайындардың қорғаушысы өз айып алаңында тәртіп бұзады. Команданың "штатты" пенальти тебушісі Фрэнк Лэмпард он бір метрден мүлт кетпеді. Ойынның 64 минутында "Челси" құрамындағы тұңғыш кездесуін өте жақсы өткізген Азар алаңдағы өз орнын тағы бір жаңа ойыншы - Оскарға босатты. Талантты  жас бразилиялық та Ди Маттео бапкердің сенімін қашан да ақтай алатынын көрсетіп бақты. Бірінші турдағы күтпеген жағдай Вест Бромвичте орын алды. Жаңа бапкер, жаңа ойыншыларға үміт артып келген "Ливерпуль" фанаттарының салы суға кетіп қайтты. Бірінші таймның бітуіне екі-ақ минут қалғанда Золтан Гера алаң  иелерін алға шығарды. Үзілістен кейін ес жияды деп сенген "Ливерпуль" жанкүйерлерінің  үміті 58 минутта Даниель Аггер алаңнан қуылғанда үзілді. Екі рет шалған қырсық мерсисайдтықтарды үшінші рет және шалды. 64 минутта қонақтар қақпасына белгіленген пенальтиді Питер Одемвингие сәтті орындады. Шамамен он минуттан кейін Лукаку ойындағы соңғы голдың авторы атанды.

Бірінші турдың басқа да матчтары:

"Вест Хэм"   1-0   "Астон Вилла"

"Рединг"   1-1   "Сток Сити"

"Ньюкасл"   2-1 "Тоттенхэм"

"Фулхэм"   5-0   "Норвич"

"КПР"   0-5   "Суонси"