Бюджет, ұлттық пантеон және Мысыр пирамидалары жайында

Кеше Астана маңында салынатын Ұлттық пантеон (Қазақстанның аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері қойылатын қабір) құрылысына 2017-2019 жылдар аралығында 1,7 млрд теңге бөлінеді деген жаңалық оқыдым.
Қаражат құрылыстың жобалық құжаттамасын даярлауға жұмсалады деп түсіндім. Шындығында да, аталған сомаға құрылысы 100 жылға созылуы мүмкін алып ғимараттар кешенін салу мүмкін емес шығар.
Өз басым осындай пантеонның салынуын мынадай бір үмітпен ғана қуана қолдайтын едім – егер жүз жылдан кейін Астанаға мысырлық пирамидалардың қазақстандық нұсқасы сынды өз жеріміздегі тарихи ескерткішті тамашалау үшін әлемнің түпкір-түпкірінен миллиондаған саяхатшылар келсе!
Көз бен құлақ үйренгендей, түрлі көрмелерге, форумдарға, спорттық іс-шараларға жылдың бір кезеңінде ғана емес, елдің тарихы және мәдениетімен етене танысу үшін туристтер жыл бойы миллиондап келесе ғой...
Мысыр пирамидаларын еске алғаным, олар саяхатшыларға арналған ойын-сауық нысандары ретінде салынған жоқ қой, әлемге танымал бұл ескерткіштер ежелден билік басындағылардың мазарлары (моласы) қызметін атқарған.
Айта кетерлігі, Ежелгі Мысырдың ең алғашқы пирамидасы тең қабырғалы (мысалы, Хеопс пирамидасы сияқты) емес, сатылы пирамида болатын –Джосердің алты сатылы пирамидасы.

Пирамидаларды ойлап тапқанға дейін, мысырлықтар өз билеушілерін мастаба деп аталған молаға жерлеген. Мастаба (арабтың «орындық» деген сөзінен шыққан) пішіні жерде жатқан қырлы бөренеге немесе ұшы қиылған пирамидаға ұқсас. Айтпақшы, Астанадағы Тәуелсіздік сарайының формасы сол мастабаға келетін сияқты.

Джосер пирамидасы сәулетшілерінің мазар салудың ежелден қалыптасқан дәстүрін бұзуына не себеп болды екен?
Бұған жауап ретінде ұсынылатын аңыз-түсіндірмелердің маған ұнаған екі нұсқасы төмендегідей.
Біріншісі: мазардың алғашқы нұсқасы Джосердің көңілінен шықпаған-ды. Ол әлдеқайда үлкен әрі сәулетті мазар салуға бұйрық береді. Пирамиданың алты қабатын перғауынды аспанға апартын сатыға теңейді.
Екіншісі: мазар құрылысына жауапты сәулетші Имхотеп мастабаны жоспарға сай аяқтаған, алайда о дүниелік болуға асықпаған Джосер құрылысты одан әрі жалғастыруға қаржы бөлуге бел байлайды! Салдарынан, құрылысшылар мастабаның көлемін кеңейтіп, оны бұрынғыдан үлкен етеді. Соған қарамастан, жұмысқа бөлінген бюджеттің таусылатын түрі жоқ... Мастабаны шексіз кеңейтіп-үлкейтуден жалыққан Имхотеп бой көтерген мастабаның үстіне тағы бір мастаба, оның үстіне көлемдері әртүрлі тағы бірнеше мастаба орнатуды жөн көрді. Джосердің алты сатылы пирамидасы осылай пайда болған екен.
Маған аталған нұсқалардың екіншісі, яғни "бюджет қаражатын игерумен" байланысты нұсқа әлдеқайда тәуір көрінеді.
