Былтыр елімізде лотерея қызметінен түскен салық 400 млн. теңгеден асты
Лотерея қызметінен мемлекетке түскен салық төлемдері 2012 жылы 400 млн. теңгеден асты. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Лотереялар және лотереялар қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов осылай мәлім етті.
Агенттік басшысының айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда лотерея ойындарының қызметі арнайы заң жүзінде реттелмей келеді. «Қазіргі күні елімізде лотереяны ұйымдастыру мен басқаруға қатысты 70 лицензияланған шаруашылық субъекті бар, бәрі қазақстандық ұйым. Олардың нақты қызметті жүзеге асырып жатқандары 10 ұйым ғана. Ал лотерея өткізуден мемлекетке түскен салық пен басқа да төлемдер мөлшері 2009 жылы 48 млн. теңгені құраған болатын. 2010 жылы бұл көрсеткіш 150 млн. теңгені құраса, 2011 жылы 200 млн. теңге, ал 2012 жылы 400 млн. теңгеден асты», — деді Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов. Бұл ретте лотереяны үйымдастырушылар корпоративтік салық төлеушілер болып табылады. Ал ұтыс қаражатынан жеке салықтар өндіріліп алынады. Осылайша, лотерея қызметін ұйымдастырушылар ешқандай да тауар шығармастан, ешқандай қызмет көрсетпестен шаруашылық субъектілеріне қарастырған стандартты салықты төлеушілер болып табылады.

