Бурабай курорттық аймағында жылына 1 млн. адам демалады

Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының екінші кезеңі жақсы нәтижелер береді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мәлім етті.
«Мемлекет басшысының Жолдауында ең басты бағыттардың бірі ретінде туризм инфрақұрылымын дамыту аталып өтті және бұл тұрғыда біздің облыстың әлеуеті жоғары. Осы орайда облыста қаржыландыру көлемі 47,6 млрд. теңге сомасында Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының екінші кезеңі жүзеге асырылуда», - деді әкім.
Екінші кезең аясында 80-нен астам тиісті шаралар қамтылып отыр. 2014-2016 жылдары аралығында аталған 47,6 млрд. теңге игерілетін болады.
«Бұл қомақты қаржы және оның көлемі демалыс орындарының жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде жазғы кезеңде бізде жарты миллионға жуық адам демалуға келеді. Жалпы бір жылда мұнда бір миллионға жуық адам келеді», - деді С.Кулагин.
Оның сөзіне қарағанда, өңірде туризмді бұдан ары қарай дамытудың көзі ретінде Зеренді, Қорғалжын және Сандықтаудың бірегей табиғи аумақтары қамтылуда.
