Бруцеллездың қалай алдын алуға болады
Бруцеллез – қызбамен, қан тамыры, жүйке және басқа да жүйелердің, әсіресе тірек-қимыл аппаратының зақымдалуымен бірге жүретін инфекциялық ауру.
Адамдар үшін бруцеллез инфекциясының негізгі көзі – ұсақ, ірі қара малдар және шошқалар. Жануарларда бруцеллез қысыр қалумен, түсіктермен, өмір сүруге қабілетсіз төлдің туылуымен, өнімділігінің төмендеуімен көрінеді.
Инфекцияның қоздырғышы – бруцеллалар. Бруцелланың 6 түрі және көптеген биотиптері бар. Адам патологиясында Brucella melitensis ұсақ қара малдың бруцеллез қоздырғышы анағұрлым маңызды, ол көбіне ауыр өтетін бруцеллезбен сырқаттануды өршітеді. Бруцеллалардың басқа түрлері – ірі қара малдың (В. abortus) және шошқаның (В. Suis) бруцеллалары тудыратын бруцеллез жағдайлары бірлі-жарым (кездейсоқ) және жеңіл өтуімен сипатталады.
Ауру малдар бұзаулау және төлдеу кезінде ерекше қауіп төндіреді, ол кезде сыртқы ортаға қоздырғыштардың көп мөлшері бөлінеді. Микробтар жыл бойы сыртқы ортаға жануарлардың сүтімен, зәрімен, нәжісімен бөлінеді. Ұсақ қара малдан (ешкі, қой) ауру жұқтырған адамдарда ауру анағұрлым ауыр өтеді.
Адамның ауру жұқтыруы малдың төлдеуі, түсік тастауы, оны сою және етін өңдеу, жүнін қырқу кезінде, малдың бөлінділерімен ластанған заттармен жанасқан кезде, жеткіліксіз термиялық өңдеуден өтпеген етті, қайнатылмаған сүтті немесе шикі сүттен алынған сүт өнімдерін (сүзбе, ірімшік және т.б.) тамаққа пайдаланған кезде болады.
Бруцеллез қоздырғышы төмен температуралардың әсеріне төзімді, тамақ өнімдерінде, оның ішінде тоңазытқыштар мен мұздатқыштарда сақталатын өнімдерде ұзақ сақталады. Мұздатылған инфекция жұқтырған ет және сүт өнімдерінде микробтар барлық сақтау мерзімі ішінде өмір сүруге қабілетті болып қалады. Тоңазытқышта сақталған шикі сүтте бруцеллез қоздырғышы өзінің өмір сүруге қабілетін 10 күнге дейін, сары майда 4 аптадан астам, үй ірімшігінде 3 апта, брынзада – 45 күн; қатықта, қаймақта – 8-15 күн, қымыз, шұбатта (ашытылған түйенің сүті) - 3 тәулікке дейін; ұсақ қара малдың етінде 320 күннен астам сақтайды.
Тұздаған жағдайда ұзақ уақыт (130 күнге дейін) бойы төзімді болады.
Инфекция жұқтырған тұтас еттің ішкі ағзаларында, сүйектерінде, бұлшық еттері мен лимфа түйіндерінде - 1 ай бойы және одан көп; қойдың жүнінде, елтірісінде - 1,5 айдан 4 айға дейін сақталады.
Адамдардың көбі көктемде және жазда ауырады.
Аурудың (ауру жануармен байланыста болған уақыттан клиникалық симптомдар пайда болғанға дейінгі уақыт) инкубациялық кезеңі 1-2 аптаны құрайды, ал кейде ол екі айға дейін ұзарады.
Ауру әдетте 7-10 күн немесе одан да көп уақыт бойы дене температурасының 39-40 °C-қа (температура кешкі және түнгі сағаттарда көтеріледі) дейін көтерілуінен басталады, кейбір жағдайларда тиісті емдеу болмаған кезде дене температурасы 2-3 айға дейін созылады. Қызба қалтыраумен, көп тершеңдікпен және интоксикацияның жалпы белгілерімен бірге өтеді. Кейіннен тірек-қимыл аппараты (буындар), жүрек-қан тамыры, жүйке және организмнің басқа да жүйелерінің зақымдалу симптомдары қосылады.
Бруцеллез үшін жоғары температура аясында науқастың салыстырмалы түрдегі қанағаттанарлық жағдайы тән.
Бруцеллез ауруының алдын алу үшін:
Жеке аулаларында мал ұстайтын адамдар:
- жануарларды ветеринариялық мекемеде тіркеуі, бирка түрінде тіркеу нөмірін алуы;
- сатып алу, сату, союға өткізу, жайылымға жіберу, жайылымда орналастыру және басқа да қозғалыстарды тек ветеринариялық қызметтің рұқсатымен және келісімімен жүргізуі;
- жаңадан сатып алынған жануарларға ветеринариялық зерттеулер мен өңдеу жүргізу үшін 30 күн бойы карантинге қоюы;
- бруцеллезге күдікті (түсік, өмір сүруге қабелітсіз төлдің туылуы) аурудың барлық жағдайлары туралы ветеринариялық қызметке хабарлауы;
- малды бағу бойынша ветеринариялық қызметтің ұсынымдарын қатаң сақтауы қажет.
Бруцеллезді жұқтырудың алдын алу мақсатында халық:
- өнімдерді қатаң белгіленген орындарда (базарлар, дүкендер, шағын маркеттер және т.б.) сатып алуы;
- жеке адамдардан сатып алынған шикі сүтті пайдалануды болдырмауы;
- етті сатып алғанда ветеринариялық-санитариялық сараптаудан өткізілгенін растайтын құжаттарды талап етуі;
- етті дайындаған кезде – кемінде бір сағат термиялық өңдеуден өткізіп, шағын кесектермен пісіруі қажет.
Есте сақтаңыздар! Карантиндік іс-шараларды және жеке профилактика шараларын білу және оны қатаң орындау жануарлар арасында инфекцияның таралуын болдырмауға мүмкіндік береді. Көрсетілген ұсынымдарды сақтау бруцеллезді жұқтырудың алдын алуға көмектеседі.
http://kzpp.gov.kz/kaz/presscentr/san_prosveshenie/?cid=0&rid=7044
