Брайль қаріпінде тұңғыш баспахана ашылады
2021 жылдың 14 мамырында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова халық алдындағы есептік кездесу барысында министрліктің өткен жылғы және 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы негізгі жетістіктеріне кеңінен тоқталып, алға қойған міндеттерді алға тартты.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Жолдаулары, Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалары және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында ұлттық мәдениетіміз бен өнерін, отандық спорт пен туризмді дамыту, рухани жаңғыру, ұлттық тарихымыз бен дәстүрлерімізді жаңғырту, мәдениетімізді ұлықтау міндеттерін жүзеге асыру бағытында мазмұнды да нәтижелі шаралар атқарылуда.
Елімізде қазіргі қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, мәдениет және өнер, спорт және туризм саласы бойынша қаншама ауқымды шаралар мен жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, алда көптеген жоспарлар мен стратегиялық бағыттарды, жаңа бастамалар мен жобаларды жүзеге асыру міндеттері тұр.
Мәдениет саласындағы жүйелі ынтымақтастық пен серіктестікті жаңарту және жандандыру мақсатында негізгі бағыттар бойынша республикалық салалық мәдениет ұйымдарының жанынан ұйымдастыру орталықтары, оның ішінде «Туған жерге тағзым» мемлекеттік кітапханалардың үйлестіру-әдістемелік 4 орталығы құрылғанын атап айтты.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету және олардың әлеуетін іске асыру мақсатында ағымдағы жылы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қоры 2%-ға өсетін болады. 2025 жылы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған әдебиет тапшылығын азайту үшін елде бедерлі-нүктелі Брайль қаріпінде кітап басып шығаратын тұңғыш типография ашу арқылы кітапхана қоры 10%-ға ұлғайтылатын болады» - деп жағымды жаңалығымен бөлісті. Бұл, ерекше жандарға қызмет көрсететін арнайы кітапханалар үшін тың жаңалық болды. Өйткені, мемлекеттік тілдегі көркем әдебиет былай тұрсын, мектеп оқулықтары жоқтың қасы.
Еліміздегі зағип жандарға жасалып жатқан, мүмкіндіктер мен олардың қажеттіліктері министрлік деңгейінде сөз болғанда, журналистер қоғамы жылдам іліп алып кетті. Соның бір айғағы: қазақстандық «Steppe» сайты, «Хабар 24», «Qazaqstan.tv» Ұлттық телеарнасы журналистері қызығушылық танытып, Кітапхананың тыныс-тіршілігі жайында түсірілім жасап, зағиптардың қажеттіліктері жайында телеарналардан көрсетті.
Шындығында, ұлттық рухы, руханияты жоғары, мәдениеті озық ел көп нәрсеге қол жеткізері анық. Еліміздің рухани мәдениетінің негізгі діңгегі - кітапхана саласының кемелденуі ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлованың көшбасшылығына тікелей қатысты. Осы орайда, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана ұжымы атынан ризашылығымызды айтқымыз келеді. Қоғам үшін атқарып отырған игі істеріне мол табыстар тілейміз!
З. Маханова,
Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған
республикалық кітапхана директорының кеңесшісі
