Болашақ есік қағып тұр
Заманауи техникалармен жабдықталған, ғаламтордың кең ауқымын қамтып жатқан, журналистикаға енді енген жаңа сала - жаңа медиа. Бұл туралы айтылып жүргеніне, оның мағынасы мен мақсатының түсіндіріліп келе жатқанына бірнеше жыл болды. New media - баспасөздегі, газет, журнал, теледидар, радиомен қатар, өзге де ақпараттардың визуалды түрі. Бүгінгі күнгі блог, онлайн газет-журналдар, сайттар, өзге де ақпараттандыратын жүйелер.
Кейбір медиа сарапшылар "Дәстүрлі медианың болашағы бұлыңғыр, жаңа медиа алға шығады" деп сынайды. Осы күнге дейінгі білімімді, тәжірибемді ескере келе, дәстүрлі медиа мен жаңа медианы мен де таразыға салып көрейін. Алдымен, бейнероликке назар аударыңыз.
Жаһандану заманы, технологиялар ғасыры дегенмен де, жаңа медиа дәстүрлі медианың орнын баса алмайды. Егер дәстүрлі медиа болмаса, жаңа медиа бұлай қарқынды дамымас еді. Оның дәстүрлі медиа жіберген қателерді ескеруі, осылай өркендеуіне алып келді. Дәстүрлі медиа жаңа медианың әпкесі тәрізді. Артынан ерген ізбасарына дұрыс жол сілтеп, өзі де "сіңлісінің" жеткен жетістіктеріне қуанады, пайдасын көреді. Яғни, ғаламтор арқылы өзінің оқырмандарын көбейте түседі.
ҚР мәдениет қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әдебиеттану доценті, журналист Қуандық Шамахайұлының сөзіне жүгінсем:
“Онлайн журналистикасының қарқынды дамуы дәстүрлі мерзімді баспасөздің оқырмандарын азайтып, олардың таралымын кемітті”
деп жазған. Бұл пікірмен де келіспеуге болмайды. Өзіміз күнделікті көріп жүргендей жастардың арасында газет-журнал оқитындар көп емес. Олардың онлайн түрлері ғаламтор бетінде тұрғанда, ешкімнің артық іс жасағысы келмейді.
Бұл күні қоғам жұмысбастылыққа ден қойған. Газет-журнал оқып, теледидар қарап отырғанда қаншама уақыт босқа кетеді? Әрдайым асығыстық үстінде жүрген ата-аналардың жаңалық оқымастан бұрын, балаларына көңіл бөлуіне де уақыты жоқ. Жаңа медианың ұтып тұрған тұсы осында, ақпараттар қысқа шолу кейпінде беріледі. Тез жұмыс жасайды, ақпараттандырады. Өзім қолданатын tengrinews.kz жаңалықтар жүйесінің ұялы телефондағы бағдарламасы уақытылы жаңалықтармен хабарландырып отырады.
Бірақ, бұл мәліметтер сараптама жасау үшін аздық ететіндіктен, дәстүрлі медианың орны тағы да көтеріледі. Сенімді сілтеме, ғалымдардың анализі газет беттерінде жарық көреді ғой. Демек, ғылыми мақала оқығымыз келсе, газетті қолға алуымыз керек. Жастар арасында мерзімді баспасөздің рөлі аса зор болмағанмен, ата-әжелеріміз, апа-ағаларымыз күнделікті газеттерден, телехабарлардан әлі де болса қол үзбеді. Сол буын тұрғанда, дәстүрлі медиа өлмейді.
Қорыта келе, жаңалықты қабылдап, заман ағысына ілесуден еш қорықпауымыз керек дегім келеді. Бар болғаны, толығымен кеме бағытын бұрып жібермей, алға қойған мақсатымызды ұмытпауымыз керек.
