Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бокстан Қазақстан құрама командасы Президент Кубогын жеңіп алды

Әділбек Ниязымбетов

Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында бокстан ересектер арасында өткен «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» IV Халықаралық турнирінің финалдық кездесулерінде Қазақстан құрама командасы 7 алтын, 4 күміс және 6 қола медальге қол жеткізіп, командалық есепте турнир жеңімпазы атанды.

Финалдық кездесулердің шымылдығын 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар ашты. Біржан Жақыпов пен өзбекстандық Хасанбай Дусматов арасындағы жекпе-жек аса тартысты өтті. Алғашқы екі раунда жақсы өнер көрсеткен Біржан Жақыповтың үшінші раундта шаршаңқырап қалғаны байқалды. Бірақ соған қарамастан 2013 жылғы әлем чемпионы жігерін жанып, кездесуді өз пайдасына шешті. Есеп 2:1. Біржан бүгінгі жеңісімен турнирдің үш дүркін чемпионы атанды.

52 келі салмақ дәрежесінде филиппиндік Рэй Салудар өзбекстандық боксшы Шахобиддин Зоировпен кездескен болатын. Тартыс тізгінін өз қолына алғанымен филлипиндік боксшы өзбек жігітінің сәтті жасаған қарымта шабуылдарына тап болып жатты. Үш раундта да Шахобиддин ұрымтал тұсын тауып, Рэй Салударды дәл соққылардың астына алды. Нәтижесінде өзбек боксшысы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша бокстан Өзбекстан құрама командасы 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальге ие болды.

56 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға қос қазақстандық боксшы 23 жастағы Қайрат Ерәлиев пен 20 жастағы Жанболат Тілегенұлы шықты.

Қайрат алғашқы сәттен-ақ белсенді әрекетке көшіп, ринг ортасын қарсыласына бермеді. Сақтықпен қимылдап, қарсыласының шабуылдарына тойтарыс беріп, өз соққыларын дарыта білді. Осылайша 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.

60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық боксшы, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы Берік Әбдірахманов филлипиндік Чарли Суарезпен қолғап түйістірді. Екі раунд бойы әбжіл қимылдап, қарсыласына ебін тауып, ауыр соққылардың дарыта білген Берік үшінші раундтың аяғында қапылыста нокдаунға түсіп қалды. Дегенмен, өзіне-өзі тез келген Берік, қарсыласының жаудырған соққыларына төтеп беріп, жеңісті қанжығасына байлады. Есеп 2:1.

64 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан тайландық Вуттичай Масук кубалық Луис Олива Генермен кездесіп 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бокстан Қазақстан құрама командасының капитаны, 69 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Данияр Елеусінов Сағадат Рахманқұловпен кездесті. Бокстан 2013 әлем чемпионы өз тәжірибесінің арқасында Сағадаттан 3:0 есебімен басым түсті.

Тағы бір қазақстандық былғары қолғап шебері, 2013 жылғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өз салмақ дәрежесінде (75 кг) ақтық сында украиналық Дмитрий Митрофановпен кездескен болатын. Алғашқы екі раунда Жәнібек белсенділік танытса, үшінші раундта украиндік боксшының белсенділігі байқалды. Дегенмен тәжірибесінің және жойқын соққыларының арқасында Жәнібек жеңісті қанжығасына байлады. Есеп 3:0.

81 келі салмақ дәрежесінде рингке шыққан Әділбек Ниязымбетов өзінің командаласы Дәурен Елеусіновпен қолғап түйістірді. Дәл соққыларымен қарсыласына дес бермеген Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, Данияр Елеусіновтың ағасын 3:0 есебімен тізе бүктірді.

91 келі дәрежесінде қазақстандық Антон Пинчукке қарсы шыққан кубалық боксшы Луис Кордова Херихтың мерейі үстем болды. Шеберлігінің арқасында ол 2:1 есебімен жеңіске қол жеткізді.

Ең ауыр салмақ дәрежесінде (+91 кг) шаршы алаңға шыққан қазақстандық Иван Дычко кубалық боксшы Иоранди Тоирака Ортегиден басым екендігін көрсетті. Дычко үшінші раунда қарсыласын нокдаунға жіберді. Қорытынды есеп: 3:0.

Бұл турнирде Куба, Өзбекстан және Тайланд құрама командаларына ғана бір-бір алтыннан бұйырды.

Осы турнирден кейін көп ұзамай бокстан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов алдағы қыркүйек айында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін Азия ойындарына баратын боксшылардың тізімін жариялайды.

 

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Автор: Жаппарберген Айбота

 
0
0
354

Осы тақырып бойынша

Бокстан Қазақстан құрама командасы Президент Кубогын жеңіп алды - Yvision.kz