Бокстан Алматы қаласының құрама командасы Қазақстан бокс федерациясы кубогы үшін жарыстан шығып қалды
Бокстан Алматы облысының командасы ширек финалда Маңғыстау облысының командасынан 7:3 есебімен ұтылып, келесі кезеңге шыға алмай қалды.
Алматыда Республикалық спорт колледжінде өткен ширек финалдық кезеңде Алматы командасы алғашқы кездесуде Павлодар облысының командасын 6:4 есебімен жеңген болатын. Бірақ кеше өткен екінші кездесуде Қазақстан бокс федерациясы кубогының 2012 жылғы чемпионы — Маңғыстау облысының командасы алматылықтарды айқын басымдықпен жеңіп, «А» тобынан жартылай финалға жолдама алды.
Алматылық боксшылардың жеңілісін және жалпы сүреңсіз өнер көрсеткендерін Алматы қалалық бокс федерациясының президенті Амалбек Тшанов sports.kz сайтына берген қысқаша сұхбатында жігіттердің бұл жарысқа жеткілікті дайындала алмағандықтарымен түсіндірді. Оның айтуынша, оңтүстік астанада жыл сайын спортты дамытуға 6 миллиард теңге бөлінеді. Бірақ өкінішке қарай боксқа жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасынан бір тиында ақша бөлінбеген соң, команда бір-ақ рет оқу-жаттығу жиын өткізген.
Ал «С» тобының Шортанды қаласында өткен ширек финалдық кезеңінде Ақмола облысының командасы оңтүстікқазақстандықтарды 9:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Ақмолалықтар бірінші кездесуде қызылордалықтарды 7:3 есебімен, ал екінші кездесуде Қостанай облысының командасын 8:2 есебімен тізе бүктірген болатын.
Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша енді жартылай финалдың келесі екі жолдамасы осы аптаның соңында сарапқа салынады. «В» тобы (Орал қаласында) мен «Д» тобындағы (Қарағанды қаласында) кездесулер 8-10 тамыз аралығында өтеді.
Мұнда «В» тобында — Астана қаласы, Жамбыл облысы және Батыс Қазақстан облысының командалары, ал «Д» тобында Қарағанды, Алматы облысы, Атырау облысы және Солтүстік Қазақстан облысының командалары өнер көрсетеді.
Айта кетелік, жарылай финал мен финалдық жекпе-жектер 14-15 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтеді.
Қазақстан бокс федерациясының осымен бесінші мерейтойлық маусымында жеңіске жеткен командаға 25 миллион теңге сыйақы табыс етіледі.

