Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

БОКС: APB жобасы бойынша сайыстар өтетін елдер белгілі болды

Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (АИБА) APB (АИБА кәсіпқой бокс) жобасы бойынша қазақстандық боксшылардың сайыстары өтетін елдер белгілі болды. Бұл туралы бүгін Қазақстанның бокс федерациясынан хабарлады.

49 келі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектер Қытайда өтеді. 2013 жылғы Әлем чемпионы Біржан Жақыпов алғашқы сайыста жергілікті боксшы Лу Бинмен кездеседі. Сондай-ақ осы салмақ категориясында 2014 жылғы Азиада чемпионы Джонгун Шин (Оңтүстік Корея), 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Давид Айрапетян (Ресей), Марк Баррига (Филиппины), Патрик Лоуренсо (Бразилия) және Леандра Бланк (Аргентина) өнер көрсетеді.

52 келі салмақ дәрежесіндегі сайыстар Ресейдің Новосібір қаласында өтетін болды. Мұнда 2014-ші жылғы Азиада чемпионы Ілияс Сүлейменов алғашқы жекпе-жекте 2013 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жасұрбек Латиповпен қолғап түйістіреді. Сонымен қатар осы салмақ дәрежесіндегі сайыстарға Элиас Эмигдио (Мексика), Александр Александров (Болгария), Редуан Аслум (Франция), 2013 жылғы Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Мұхаммед Флисси (Алжир), Ферандо Мартинез (Аргентина), Әлемнің екі дүркін чемпионы Миша Алоян (Ресей) және 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Винченцо Пикарди (Италия) қатысады.

81 келі салмақ дәрежесіндегі сайыстарды Болгария қабылдайды. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының, 2013 жылғы Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Әділбек Ниязымбетов алғашқы сайыста француз Мэтью Бадерликпен жұдырықтасады. Осы салмақ дәрежесінде Спас Генов (Болгария), Азия ойындары мен әлем біріншіліктерінің жүлдегері Эхсан Рузбахани (Иран), Еуропа чемпионы Никита Иванов (Ресей), Азия чемпионы Ойбек Мамазұлунов (Өзбекстан), Әбделхафид Бенчабла (Алжир) және 2011 жылғы Еуропа чемпионы Джо Уард (Ирландия) өнер көрсетеді.

91 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне келер болсақ, сайыстар Италияда өтеді. 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Антон Пинчук алғашқы жекпе-жекте аргентиналық Ямиль Перальтамен сайысады. Сондай-ақ осы салмақ дәрежесіндегі сайыстарға 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Тервел Пылев (Болгария), Явонта Чарльз (АҚШ), Шоуаб Булудинац (Алжир), 2013 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Эмир Ахматович (Германия), Еуропа чемпионы Алексей Егоров (Ресей) және про-боксинг жобасының үздік боксшыларының бірі — әлемнің екі дүркін чемпионы итальяндық Клементе Руссо қатысады.

Сонымен, бірінші кезең үстіміздегі жылы 24-ші қазанда және 1-ші қарашада өтеді. Екінші кезең 21-ші және 29-шы қарашада, ал үшінші кезең 12-ші және 20-шы желтоқсанда өтеді. Сайыстар 6 раундтан тұрады. Финалдық кездесулер 2015 жылдың 23-ші, 24-ші, 30-шы және 31-ші қаңтарында болады. Мұнда сайыстар 8 раундтан тұрады.

Қазір бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасы Астана қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде.

Естеріңізге сала кетелік, бұған дейін хабарлағанымыздай, 60 келі салмақ дәрежесіндегі сайыстар Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде үстіміздегі жылдың 24-ші қазанында, 21 қарашасында және 20-шы желтоқсанында өтеді.

Бұл салмақ категориясында Ақтау қаласының тумасы Берік Әбдірахманов, бразилиялық боксшы Робсон Консейсао (2013 жылғы ӘЧ күміс жүлдегері), итальялық Доменико Валентино (2013 жылғы ӘЧ қола жүлдегері), ресейлік Дмитрий Полянский (РФ екі дүркін чемпионы), германиялық Артур Бриль (жастар арасындағы бұрынғы әлем чемпионы), өзбек Хұршид Тәжібаев, филиппиндік Чарли Суарес және ирландық боксшы Дэвид Джойс өнер көрсетеді.

Отандасымыз алғашқы жекпе-жекте Дэвид Джойспен жұдырықтасады.

 
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Автор: Жаппарберген Айбота
 
0
0
252

Осы тақырып бойынша

БОКС: APB жобасы бойынша сайыстар өтетін елдер белгілі болды - Yvision.kz