Біздің ЭКСПО

Бұл сөздің биыл елімізде ең көп айтылатын сөздер тізімін басқаратын түрі бар.
Өзіміздің ресми және бейресми ақпарат көздерінде бұл көрмені бірде «бүкіләлемдік», бірде «халықаралық» деп атай береді. ЭКСПО-ның ашылу салтанатында елбасының оны «дүниежүзілік мамандандырылған көрме» деп те атағанын естідім. Сонымен, бұл көрменің нақты мәртебесі қандай?
Қысқаша анықтама
Коммерциялық емес сипаттағы (ұзақтығы үш-алты ай болатын) ірі халықаралық ғылыми, мәдени және басқа да көрмелерді АҚШ-та әдетте world’s fairs (дүниежүзілік көрме), Еуропа және Азия елдерінде – international/universal expositions (халықаралық/әмбебап көрме), ал Ұлыбританияда – exhibitions деп атайды.
Мұндай көрмелердің (Ехро/ЕХРО/ЭКСПО) жұмысын Халықаралық көрмелер бюросы (Bureau International des Expositions) деген ұйым реттейді. Бұл ұйым 1928 жылы құрылған, штаб-пәтері Парижде орналасқан.
Халықаралық мамандандырылған көрме (International Specialized Exhibition) – Халықаралық көрмелер бюросының ресми қолдауымен өткізілетін көрмелердің бір түрі. Біздің ЭКСПО осы санатқа жатады.
Бюроға мүше мемлекеттер өткізетін көрмелердің мынадай тағы үш түрі бар:
жоғарыда аталған Дүниежүзілік көрмелер (Милан, Италия, 2015 жыл; Дубай, БАӘ, 2020 жыл), олар бес жылда бір рет өткізіледі, мерзімі – алты ай;
Бағбаншылық көрмелері/ Horticultural Exhibitions (мұндай көрмелерді өткізу аралығы – кем дегенде екі жыл);
Милан халықаралық архитектура және дизайн көрмесі/ the Triennale di Milano (үш жылда бір рет өткізіледі).
Үш айға созылатын Халықаралық мамандандырылған көрмелер (Сарагоса, Испания, 2008 жыл; Йосу, Оңтүстік Корея, 2012 жыл; Астана, Қазақстан, 2017 жыл) әдетте екі дүниежүзілік көрме аралығында өткізіледі.
