Біздің Бартез
«100 жылдыққа– 100 футболшы»:Олег Воскобойников
Қақпашы жарты команда деген түсінік бар. Сондай-ақ, әр елдің өз Бартезі болады дегендей, біздің елде үш жыл қатарынан ең үздік ойыншы атанған бір қақпашы бар, оның есімі – Олег Воскобойников
Оле́г Игоревич Воскобойников – 1971 жылы 4 маусымда Алматы қаласында дүниге келген. Олегтің футболға деген қызығушылығын оятқан әкесі еді. Игорь да кезінде Тараз жерінде доп тепкен кәсіби футболшы. Баласын жас кезінде қатал тәртіппен, жаттығудан қалмауын үнемі қадағалап отыратын. Олег Алматыда туғанымен, балалық шағы осы Тараз қаласында өтті.
Ал спорт мектебіне барғанда, алғашқы бапкері – Төлеген Шәріпұлы Орымбаев болды. Төлеген бапкер шәкіртіне футболдың қыр-сырын үйретті. Негізі бұл бапкерден бірнеше танымал футболшылар тәлім алған. Бағлан Ергешев, Максим Мельников сияқты ойыншылар осының айғағы.
Футболшылар жас кезінде гол соққанды, алдыңғы шепте ойнағанды ұнатады. Сол сияқты Олег те басында шабуылшы боп өнер көрсеткен. Бір күні жаттығуға негізгі құрамның қақпашысы келмей қалып, бапкерлер оны қақпаға тұрғызады. Кезінде әкесі де қақпашы болған. Баласының да қақпашы болғанын байқап, әкесі қолы бос кезінде баласын аулада өзі жаттықтырып, шеберлігін шындайтын.
Мектепті бітірген соң, жоғары оқу орнына түседі. Бірақ, футболды тастаған емес. Оқумен қатар жергілікті «Томирис» командасында ойнап жүреді. Бұл командада сол кезде кейінен танымал футболшы болған Нүркен Мәзбаев болды. Бір күні футбол маманы Әмірби Динаев Воскобойниковтардың үйінде қонақ болып, әкесінен Олегтің Түркістанның «Монтажник» командасына аусуына рұқсат сұрайды. Әкесі өз келсімін берген соң, баласы Түркістанға жол тартады. Осы тарихи астанада бір жыл ойнап, еліміздің сол кездегі бас қаласы Алматыға келіп, «Олимпия» командасына ауысады. Келесі жылы қайтадан оңтүстіктің командасында ойнауды жөн санайды. Бұл жолы Шымкенттің бас командасы «СКИФ-Ордабасының» №1 қақпашысы атанды. Осы командада ойнап жүрген кезінде ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына шақырыла бастайды. Бауыржан Баймұхамедов бапкер 1994 жылы Тәжікстан құрамасына қарсы ойында алғашқы рет ұлттық құраманың жейдесін киіп шығуына мүмкіндік берді.Сол жылы әріптесі Николенко екеуі ұлттық құраманың қақпасын кезек күзетіп жүрді.
Шымқаланың намысын үш жылы қорғаған соң, 1996 жылы «Тараз» сапына ауысады. Бұл өзі оның өмірінде маңызды кезең болды. Келе сала командасы Қазақстан чемпионатының алтын тәжіне қол жеткізеді. Бұрын-сонды «Таразда» Олег те Қазақстан чемпионатында топ жарып көрген емес еді. Қақпасын бірнше қауіпті соққылардан аман-сақтап қалған Олегке айтар командаластарының алғысы шексіз болса, Олегтің де әріптестеріне деген ризашылығы ерекше болды. Келесі жылы «Тараз» жүлделі екінші орынға қол жеткізді.
«Таразда» ойнаған кезінде екі жыл қатарынан еліміздің ең үздік футболшысы атанды.
Әйткенмен де, чемпион болған командасынан да кетуіне тура келді.Клубты демеп қолдап келген бұрыңғы әкім кетіп, орнына жаңа әкім келеді. Осы кезде командадан бірнеше ойыншылар клуб ауыстыруларына мәжбүр болады. Бала кезінде бірге ойнаған Нүркен мен Олег Қызылорданың «Қайсарымен» келісімге отырды,
Осындай шебер ойыншылар келген соң, «Қайсардың» жағдайы жақсарды. Бұған дейін жоғары орындарға маңайлай алмай жүрген команда 1998 жылы төртінші орынға дейін көтеріледі. Бұл бірінші кезекте Олегтің арқасы. Командасын талай қиын кезде құтқарып, қақпасын голдан аман қалып жүрді. Осы еңбегін бағалаған болу керек футбол мамандары үшінші рет еліміздің ең үздік ойыншысы деп таниды. Ал 1999 жылы «Қайсар» өз тарихында Қазақстан Кубогына қол жеткізді.
Одан кейін досы Нүркенмен бірге шымкенттік «Синтезге» ауысады. Бірақ, бұл командада көп тұрақтамай, екеуі тағы команда ауыстырады. Бұл жолғы командалары елордалық «Жеңіс» болды.
«Жеңістен» соң, «Атырау», «Ақтөбе», «Тараз» командаларында ойнады. А «Ордабасы» сапында ауысқан соң, қолғабы мен бутсысын шегеге ілді. Еліміздегі ең даңқты қақпашы осылайша үлкен спортпен қош айтысты.
Ұлттық құрама сапында 1994-2000 жылдар аралығында барлығы 25 ойынға қатысты. Әлем және азия чемпионаттарының іріктеу кезендерінде де өнер көрсетті. Осы жылдардың аралығында әсіресе, Қазақстанның Францияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу аясында 1997 жылы Азия аймағында екінші раундқа өткені бар.Сол құраманың негізгі қақпашысы Олег болды. Осы жылдары оған клуб пен қатар ұлттық құрамада тең келер ешкім болмады.
Қазіргі кезде «Ордабасының» қақпашыларын даярлайды. Ол тәрбилеп жүрген Самат Отарбаев соңғы кезде жақсы қырынан танылып, ұлттық құраманың жиындарына да шақырыла бастады.
Жетістіктері:
Командалық:
Қазақстан чемпионы: 1996 жылы.
Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері:1997,2001,2002 жылдары.
Қазақстан Кубогының иегері: 1999 жылы
Жеке жетістіктері:
Еліміздің үздік футболшысы: 1996,1997,1998 жылдары.

