03.10.12.
 Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның энергетикалық саласындағы басты оқиғасы - KAZENERGY VII Еуразиялық форумы басталды. Халықаралық жиынның салтанатты ашылу рәсіміне Үкімет басшысы Серік Ахметов қатысты. Жылдағы дәстүрмен, бұл жолы да еліміздің бас қаласына саладағы беделді халықаралық ұйымдардың, әлемдік және отандық алпауыт энергетикалық компаниялардың басшылары, әралуан мемлекеттердің ресми тұлғалары және белді сарапшылар жиылып, индустриядағы соңғы жаңалықтармен бөлісті, энергетиканың ең көкейкесті мәселелері бойынша алқа құрып, ақыл қосты.
Биылғы KAZENERGY форумы сенімді де орнықты қуаттандырылатын болашақты қалыптастыру сынды ауқымды мәселеге арналып отыр. Бұл ретте оның отырысына «Өзгерістер дәуіріндегі әлем: тұрақты энергетикалық болашақты қалыптастыру» деген тақырып арқау етіліпті. Осыған орай форумға әлемнің 50 мемлекетінен қатысып жатқан делегаттар 10 бағдарламалық секцияларда және 4 интерактивті диспуттарда екі күн бойы кеңесіп, еркін пікір алмасып, заманауи энергетика саласының негізгі мақсат-міндеттерін талқылайды, әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның орны мен рөлін саралайды. Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, энергиялық тиімділік және экологиялық қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ сарапшы мамандар энергетика саласының даму болашағына көз жүгірте келе, оның алдағы онжылдық «сценарийін» құрастырып көрмек. Осы форумдағы басты оқиға - Дүниежүзілік мұнай кеңесінің (WPC) отырысы болмақ, ол қазақ жерінде тұңғыш рет өтіп отыр. Жаһандық жиынға модератор ретінде бельгиялық журналист, «Аптадағы Еуропа» бағдарламасының жүргізушісі Пол Хаккет шақырылыпты. - Бүгінде KAZENERGY форумы қазақстандық және әлемдік энергетиканың өзекті мәселелері талқыланатын негізгі халықаралық алаңға айналып келеді, - деп жоғары баға берді, форумның ашылу рәсімінде Премьер С.Ахметов. - Себебі бұған дейін өткен мәжілістер осы іс-шараның тиімділігін көрсетті. Мемлекет пен бизнес арасындағы байланыс күшейіп, Қазақстанның мұнай-газ кешенін тұрақты дамытуға қажетті алғышарттар жасалды. Өз сөзінде Үкімет жетекшісі бірнеше елеулі жаңалықтарды жариялай кетті. Серік Ахметовтың айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңғыртылып шықпақ. Атап айтқанда, қайта жаңғыртудың арқасында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоғары сапалы бензинді өндіру көлемін үш есе арттыруға болады. Бұл ретте Премьер-министр келесі жылы Солтүстік Каспий қайраңынан мұнай өндіру басталады деп жоспарланып отырғандығын жеткізді. «Бүгінде табиғи газды өндіру көлемі артуда, - деді ол. - Осыған орай Қарашығанақта жылына 5 миллиард текше метр газды өңдейтін зауыт салынатын болады!» Серік Ахметов KAZENERGY форумында Қазақстан Үкіметінің қазақ мұнайы мен газын тасымалдау бағыттарын ары қарай да әртараптандыруға ықпал етуге ниетті екендігін мәлімдеді. Бұл әлдебір елдер мен нарықтарға тәуелділіктен құтқаруға тиісті. Осы тұста бүгінде әлемдік экономиканың «белгісіздікке» маңдай соғып тұрғандығын айта кеткен Қазақстанның жаңа Премьері тіпті соның өзінде қуат көздеріне деген әлемдік сұраныстың өсетіндігіне күмәнданбайтындығын нықтады. «Сондықтан біз ары қарай да қуат көздерін тасымалдау бағыттары мен түпкі тұтыну нарықтарын әртараптандыруға ықпал етуге ниеттіміз» деді ол. С.Ахметов Қазақстанда барынша жоғарғы өндірістік әлеуетке қол жеткізу «жаңа инвестицияларды тартқанда» ғана мүмкін болатындығын айтты. «Үкімет инвестициялық ахуалды жетілдіру және жеке сектормен өзара тиімді әріптестікке жәрдемдесу бойынша ұдайы жұмыс жүргізеді, - деді Үкімет басшысы. - Қазақстан тек шикізатты өндіруге ғана емес, сондай-ақ оны терең қайта өңдеуге де инвестиция тартуға ұмтылуда» деген ол «қазақстандық қамтуды» арттыруға және технологиялар трансфертіне бұрынғыдай басымдықты көңіл бөлінетіндігін мәлім етті. Қазақстан «қайта қалпына келетін қуат көздерінің мүмкіндіктерін де мойындайды». «Сол себепті Үкімет осы саладағы бірнеше ірі де перспективті жобаны қолдайтын болады! - деп хабарлады Серік Нығметұлы. - Бірінші кезекте, бұл - күн энергетикасын дамыту, жел қуатын пайдалану». Ол «жер-жаһандағы ауа райының өзгерістері планета тұрғындары үшін барған сайын үлкен қатерлер төндіріп келе жатқандығын түсінгендіктен» де Қазақстанның «адами капиталды дамытуға, инфрақұрылымға және технологияларға айтарлықтай қаражат инвестициялап жатқандығын» жеткізді. «Біздің қуат үнемдеу және энергиялық тиімділік туралы заңымыз өнеркәсіптің қуат шығынын 2015 жылы 10 пайызға және ағымдағы онжылдықтың соңына қарай 25 пайызға дейін азайтуға бағытталған» деді сөзінің соңында ел Үкіметінің жетекшісі. Ал KAZENERGY қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев Қазақстанда баламалы энергетиканы жаппай ендіру әзірге тиімсіздеу екендігін бағамдады. Ол күн және жел қуатының арзандайтын күні әлі-ақ туатындығын болжады. Бұл бағыттағы зерттеулер, мәселен, «Назарбаев Университетінің» Энергетикалық зерттеулер орталығында жүргізілуде. Айтқандай, дәл осыған ұқсас байламды «Назарбаев Университетіндегі» дәрісі барысында Қазақстан Көшбасшысы білдіргені есте. Ол Германияда ендігі дәстүрлі электрден бірнеше центке арзан күн қуатын өндіру жолы табылғандығын жеткізген. - Баламалы энергетика өте өзекті, барлығы сол туралы айтады, - деді Тимур Құлыбаев. - Қазақстанға Жаратқан ие көмірсутектің барлық түрін сыйлаған, бізде мұнай да, газ да, көмір де бар. Біз уран өнімі үшін қажетті шикізатты өндірушінің ірісіміз. Әрине, технологиялардың даму барысымен бірге энергиялық теңгерім-баланстың өзгеруі қоса жүреді. Мәселен, Еуропада өте қымбат газ қымбат баламалы энергетикамен ауыстырылуда. Барлық технологиялар арзандатылуда, қандай да бір мезетте, технологиялардың дамуы және таралуымен бірге, баламалы энергетика да мейлінше қолжетімді болады. Сол кезде, өзімізде қуаттың баламалы көздерін белсенді дамытуға біз дайын болуға тиіспіз. Т.Құлыбаев қазақ елін күннің сәуле мен нұрынан қақпайтындығын атап көрсетті: «Бізде күн сәулесі жеткілікті, Қазақстанның көптеген өңірлерінде күн жылына көп жағдайда нұрын төгіп тұрады, - деген ол қазақ жеріндегі желдің де қуатты екендігіне назар аудартты. - Бұған қоса, 5 нүкте бар, олар анықталған, бұлар - жел энергетикасын дамытуға болатын жақсы жерлер. Бүгінгі таңда Қазақстанда баламалы көздерден өндірілетін қуат, дәстүрліге қарағанда, қымбат болып отыр». Әйткенмен KAZENERGY қауымдастығының төрағасы қазіргі уақытта мұнай өндіру үдерісінің, геологиялық барлаудың қымбаттап жатқандығынан, тиісінше, мұнай бағасының да өсу үстінде екендігінен құлағдар етті. Бұл да болса, оның ойынша, баламалы энергетиканың әлемдік қуат теңгерімінде өз орнын алуына ықпал етпек. Кейін журналистер алдына шыққан Т.Құлыбаев 2013 жылдың наурызында Қашаған кен орнынан мұнай өндіру басталатындығын растады. Сондай-ақ баспасөз мәслихатында ол қазіргі уақытта Қазақстанда, соның ішінде мұнай-газ секторында «қазақстандық қамтуды» арттыру бағытында үлкен жұмыс жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Әйтпесе көптеген сарапшылар еліміз ДСҰ-ға кірген соң, дәл осы саладағы ірі компаниялардың сатып алуларында қазақстандық тауарлар мен қызметтерге беріліп келген басымдық жойылатындығын айтуда. Әрине, сапасы төмен болса, «Қазақстанда жасалған» таңбалы болса да, оны сатып алуға ешкімді ешкім міндеттей алмайды. «Бұл жерде жолдың жалғыз екендігіне мен сенімдімін, ол - тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ әлемдік нарықта да тұтыныла алатын, бәсекеге қабілетті өнімді шығару!» деді Тимур Құлыбаев. Ал «Қазэнерджи» форумынан шыққан еліміздің Мұнай және газ министрі С.Мыңбаев, журналистерге Қашаған кен орнын игеріп жатқан консорциумның акционерлерінің бірі - ConocoPhillips-тің жобадан шығуы мүмкіндігін хабарлады: «Олар өз үлестерін сатуға ниетті, - деді министр. - Сатып алушының кім болатындығына келсек, бірінші кезекте, әрине, мемлекеттің ол үлесті иеленуге басымдықты құқығы бар, ары қарай қалған акционерлердің басымдықты құқықтары бар. Кімнің сатып алуға тілек білдіретіндігін біз білмейміз». Мұнай және газ министрі ешкім ресми түрде сатып алатындығын жарияламағандығын жеткізді. Әзірге, тек ConocoPhillips өз үлесін сатуға ниеті барлығы жөнінде хабарлады. Оның өзі сөз жүзінде ғана екен. «Болды, одан басқа қазіргі мезетте біз артық ештеңе білмейміз» деп қайталады С.Мыңбаев. Осы орайда Мұнай және газ министрі ConocoPhillips жобадан шықса, Өнім бөлісу туралы келісімнің (ӨБК) шарттары өзгермейтіндігін айтты. «ӨБК неге өзгерсін? - деп сұраулы жүзбен қарады журналистерге министр. - Үлестер ғана өзгеруі мүмкін, Үкімет пен консорциумның келісімдік міндеттемелері өзгермеуге тиіс». Алайда сарапшылардың айтуынша, дәл осы ӨБК шарттары кесірінен, Қазақстан қолайсыз жағдайда тұрған еді: шетелдік алпауыттар, келісім бойынша, барлау және игеруге кеткен жүздеген миллиард шығындарын тегіс өтемейінше, елімізге ештеңе бермейтін. Бұл кемшілікті түзету үшін ел Үкіметі жобадан үлес сатып алып, енші иеленді. Жалпы мұнай қоры 38 миллиард баррелді немесе 6 миллиард тоннаны құрайтын бұл кен орнынан өнім өндіру мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылды, сондай бір шегеру мерзімін келісу кезінде Қазақстан бұл жобадағы үлесін 8%-дан 16,8%-ға дейін арттыра алды және өзіне бастапқы келісімде болмаған роялтидің төленуіне қол жеткізді. Мұнай және газ министрі үшінші фазасында «Қарашығанақ» жобасына Ресейдің кіруі мүмкіндігін де айтты: «Біз және тараптар үшінші фаза аясында жобаны кеңейтуге дайынбыз. Мұндай кеңеюдің нақты параметрлерін РФ-мен талқыладық. Өйткені шикі газдың айтарлықтай ауқымы Орынбор газ өңдеу зауытына жеткізіледі. Басқа бөлігін біз Қазақстан аумағында салынатын газ өңдеу зауытына жеткізуді қарастырудамыз». Оның мәліметінше, Қарашығанақ бойынша да даулы мәселелер реттелген. Бұл ретте министр «ҚазМұнайГаздың» осы жобада 10 пайыздық үлеске қол жеткізгендігін еске салды. Сауат Мыңбаев «Теңіз» кен орнындағы «Болашақ өсім» деп аталатын жобаның да акционерлердің қарауында жатқандығын мәлімдеді. «Министрлік оның барлау бойынша орталық комиссияға тезірек енгізілуін күтеді. Алдын ала қарау нәтижелері бойынша министрлік бұл жобаның әріптестер мен Қазақстанның мүдделеріне жауап береді деп санайды» деді Мұнай және газ министрі. KAZENERGY VII Еуразиялық форумы өз жұмысын бүгін де жалғастырады.
|