Біз шыға алмас асу жоқ!
«Уақыт қарқыны зымыран» деген Елбасының қанатты сөзін үнемі жадымда сақтап жүремін. Себебі, уақытты бағалай білетін, оны тиімді пайдалануды толық меңгерген адам ғана болашақтың тізгінін ұстай алатынына мына заман күннен-күнге көзімді жеткізумен келеді. Әкем де болса, осы себептен «уақытыңды жоспарла!» деп кішкентайымнан санама құятын. Күнде, ұйқтардың алдында әкем екеуміз отырып, сабақ даярлайтын үстелімнің оң жақ шетінде толып тұратын ақ парақтың бір данасын алып, шимақтай бастаймыз: ертеңгі ататын таңнан батар кешке дейінгі уақытым мен міндетімді тізбектейміз келіп. Уақытқа сәйкес тұрған әр мендік міндеттің қасына қара түсті қаламмен бос шаршының суретін салғанды қызық көретінім есімде. Бірақ әр шаршының үстінен ертеңгісін дәл осы уақытта "қанат" белгілерді тізе қоюды жаным барлық істен ерек сүйетін. (Әлі де сүйемін.) Міндет белгіленген уақытта орындалмаса егер, оны орындауға келесі күннен «соңғы мүмкіндік!» делініп, уақыт бөлінетін. Осылайша, әкем мені тұлға ретінде қалыптастыру жолында өзімді жүйелі басқарып отыру тәртібіне үйретті.

Сол тәртіп менің бүгінгі күнгі студенттік өмірімнің жарық сәулесі іспетті. Бойымда қажет нәрсе мен уақытты құр өткізуге итермелейтін қажетсіз нәрсені іріктейтін «фильтр» пайда болды. Жақында сол фильтрге менің бар зейінімді аударған нәрсе ілікті: «Іскерлік журналистика» клубының ашылуы! Журналистиканың дәл осы саласы хақында менің білімімнің таяздығын ескерсек, бұл клубтың мен үшін үлкен мүмкіндік болғалы тұрғандығын ұқтым. Жазылдым...
Сәрсенбінің сәттілік формуласы клубтың ашылуына тұспа-тұс келді. Біздің бағыт берушіміз, басақылшымыз Ербол Азанбек мырзаның жетекшілігімен клубтың мақсат-міндеттерімен айқын таныстық. Мотивациядан да құр қалмадық. Сонымен, мамыр айына дейін іскерлік журналистиканың аурасына еніп, экономикамен біте қайнасып кететін он бес салалық маманданған журналист болып шығу – біз діттеген нысана!

Аптаның үшінші күні басталып, үш айға созылатын курсымыз алғашқы қадамын жасап та кетті, ендеше. Жалпы, «үш» деген санның қасиетті екенін ескерсек, оның үстіне менің үшінші курста оқитыным бар, мен үшін бұл бір даму әлеміне бастайтын есіктің тұтқасын ұстаумен тең болып тұр!

Жиналысымыздың келесі күні бізді алғашқы шеберлік сыныбы күтіп тұрды. Оның аясында «yvision» платформасынан жеке блог ашу, оны ұтымды жүргізу, жазу барысында кездесетін қиындықтарды еңсеру турасында бізбен біраз дүниесімен бөлісіп, оң кеңесін берген саясаттанушы, блогер Бақытжан Бұқарбаевтың екі бөлімнен құралған дәрісін тыңдап, қарық болдық.


Әңгіме барысында дәріскер мырзаның жан-жақтылығын, креативтілігін, өз ұстанымдарына нық беріктігін байқамай қалу мүмкін емес. Осы сынды қасиеттерімен бірге ұлы сезім – ұлтжандылықтан да кенде емес екен ол. Бұған дәлел оның қозғайтын тақырыптары, «Barkorn» жеке блогындағы жазбалары, тіпті хоббиі де: мүкісі бар тиын-тебенді жинаумен айналысады екен ұлттық валютаның патриоты.

Азды-көпті сұрағымызға жауап алып болған соң, тренинг соңы естелік үшін суретке түсуге ұласты.

Осы кездесуден соң өзімді тура бір орыстардың көп айтатын тұрақты тіркесі - «жердің кіндігі» іспетті сезініп жүрмін, яғни әр ісі үлкен маңызға ие, білдей елдің атпал азаматы сынды. Ондай сезім керек те шығар, аталған мақсатқа жету үшін...
«Менің ойымша, іскерлік журналистика – жалпы журналистиканың ең жоғарғы әрі күрделі сатысы. Себебі, бұл сала адамдар қабылдайтын кез-келген шешімге тікелей әсер етеді: қолындағы қаржысын көбейте ме я мүлдем желге ұшыра ма, компаниясын дамыта ма я көк-тиынсыз қалдыра ма – бәрі де осы саланың мүддесінде!» - депті менің фаворитіме айналған интернет-журналдарымның бірі «Look At Me»-дің бас директоры Алексей Амётов, БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарының бірінде.
«Іскерлік басылым үшін қалай жазу керек?», «Бизнес-жаңалықтарды даярлаудағы ұстанатын қағидаттар қандай?» немесе «Іскерлік басылымды шығару механикасы қаншалықты қиын?» сынды сұрақтар курс басталғалы менің санама тыныштық берер емес. Алдағы уақытта өтетін тренингтерде әр сауал өз жауабын табарына мен кәміл сенемін.
Қалай болғанда да, болашақтың еншісіндегі нәтиже туралы бір ғана ойдың өзі жанға – медет, дәтке – қуат, жүрекке – нәр береді. Қиял медеуі құлағыма ап-айқын соғып тұрғанда, мен шыға алмайтын асу тіпті жоқтай көрінеді!..
Қабылда мені қатарыңа, іскерлік журналистика!

