Суретте Торғайдағы Ы.Алтынсарин ескерткіші
Кішкентай кезімде ауылдан 60 шақырым қашықтықтағы Торғай қаласына әкеммен бірге барып едім, сонда елден шықпаған бала - мына мен Торғайда революцияға дейін салынған әсем ғимараттарды көріп таң қалған едім, өйткені телевизордан көріп жүрген Ленинградтың (Санкт-Петербургтың) ғимараттарындай ерекше ғимараттар дәл сол Торғайда сақталып қалған болатын.
Суретте Торғайда Яушевтер салдырған ғимарат
Ол үйлер қазір жоқ, тек білуімше қазіргі мұражай үйі мен тағы бір ғимарат сол дәуірдің ескерткіштеріндей болып тұр, дегенмен аталған мұражай үйінің өзі қайта толық жөндеуден өтіп, бастапқы қалпын сақтамаған сияқты.
Енді, дәл осындай ғимарттардың пайда болуына қатысты Торғай қаласының тарихына шамалы шегініс жасап көрсек.
1845 жылы алып Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық соғысының басшысы, қазақтың қасиетті ханы Кенесарыға қарсы Ресей қазақ жеріне осы уақытта көптеп қала-бекіністер сала бастайды.
Суретте Қостанайдағы Ақмешіт
Алғашында Оренбургское деген атпен белгілі болған Торғай қамалы тоғыз жолдың торабы болғандықтан тез қарқын алып, дамып кетеді.
Мәселен, «Обзор Тургайской области за 1912 год» атты шолуда Торғай облысының облыстық төрт қаласы аталады, олар: Ырғыз, Ақтөбе, Қостанай және Торғай.
Шолуда Торғай қаласында 1244 адам тұратыны жазылады, мұнда ағаш шіркеу, қалалық училище, Яковлев қолөнер училищесі, 2 сыныпты қыздарға арналған қазақ-орыс әйелдер училищесі, почта бөлімшесі, кіріс-шығыс кассасы және 4 диірмен болғанын сипаттайды. Бір қызығы медресе мен мектеп жанында 1 орыс сыныбы болған екен.
Суретте Торғай даласы
353 версть құрайтын Шалқар-Торғай тракты жұмыс істеп тұрды. 2 машинадан, 2 бөшкеден және өзге де аспаптардан, сондай-ақ, 3 ат пен 2 қызметкерден тұратын өрт депосы да болған екен.
Қалада 1 дәрігер, 4 фельдшер халыққа қызмет көрсеткен. Штанге деген ветеринардың бас-көз болуымен сол заманда Торғайда озық мал сою пункті де болыпты.
Суретте Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов
Ал, Торғай уезі 13 болыстан және 97 ауылдан тұрған екен
Қала халқынан басқа уезде 1911 жылы 100 800 көшпенді қазақ тұрғанын білеміз. Сол кезеңде Торғай уезінде ресми 10 мешіт болғаны да хатталып қалыпты (облыс бойынша саны 163).
Суретте Шақшақ Жәнібек мұражайы
Сауда бұқар еврейлерінің, сарттардың, татарлардың және орыстардың қолында болған екен.
Торғайда 26 мамыр – 8 маусым және 10-20 желтоқсан аралығында жәрмеңке ұйымдастырылатын болыпты. Негізі қалада сауда тұрақты түрде жүргізіліп отырған. Мәселен, Торғайда бір жылдың өзінде 1 365 204 сомға сауда жасалғаны жазып қалдырылған.
Суретте революцияға дейінгі ғимарат
Торғайдың басты байлығы - Торғай қойы Ташкентке дейін айдап апарылып, облыспен шекаралас Ресейдің аудандарына, әсіресе Троицкіге көп мал жеткізіледі екен. Кейін сырттан қоныстанушылардың көптеп келуіне байланысты тек ішкі ұсынысты қанағаттандырған. Айтқандай, Торғайдың тәтті қауыны өте жақсы бағаланған.
Суретте Торғайдағы Ахаң мен Жахаң кесерткіші
Торғайға Троицкіден келіп байып кеткен Башкиров туралы материал сақталып қалған. Башкиров деген Ресейдің атақты көпесімен аты қатар аталатын байлардың бірі, Торғайда бірнеше сауда үйлері болған татар көпестері – ағайынды Яушевтер (1-ші гильдия саудагерлері) Торғайда көп ғимараттар салған екен.
Суретте Торғайдағы алаң
Олардың Торғайдан басқа Ташкент, Петропавл, Қостанай, Троицк, Қазан, Құлжа,Челябинск сияқты қалаларда сауда үйлері болған (яғни, сауда ісі өте қарқын алған қалалармен қатар Торғайда сауда үйлерін ашуы бекер болмаса керек?). Тек саудамен ғана айналысып қоймай, оқу-білімге көп қаражат бөлген, дін ісі жолында да қаражаттарын аямаған. Мәселен, атақты Троицкідегі «Расулия» және «Мухаммадия» атты медреселерді қаржыландырған.
Міне, сол ғимараттар пассаж түрінде салынған, тіпті көнекөз қариялардың айтуынша Торғайда сол ғимараттарды байланыстыратын жер асты жолдары болыпты.
Суретте Ыбырай Алтынсарин ашқан мектеп ғимараты
Өкінішке орай, төбесі әдемі, қабырғалары қалың тастан қаланған, қақпаларының өзі тұтас бір ансамбльді құрайтын бұл ғимараттардың бәрі келмеске кетті.
Айтқандай Қостанайдағы Ақмешітті де Яушевтер салдырған еді.
Жалпы қаланың қазақ халқының өміріндегі рөлі ерекше. Мұнда Ыбырай Алтынсарин ең алғашқы қазақ мектебін салған болса, дәл осы қаладан Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов алыс жолға аттанған еді. Дәл осы өңірде қазақтан шыққан алғашқы фельдмаршал Шақшақ Жәнібек батыр өмір сүрді, нақ осы қалада "Торғайдың Топжарғаны" атанған Нұрхан Ахметбеков шығармаларын танытты. Киелі Торғайдан шыққан Әліби Жангелдин дүние жүзін аралып шықса, Амангелді Иманов өз сарбаздарымен 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісін бастап, рухымызды асқақтатқан еді. Міне, сондықтан аталған тұлғаларға арналған мұражайлар кешенінің жұмыс істеуі де тегін емес!
Суретте Торғай қаласының кірпіштері
Фотолар Интернеттен және автордың жеке мұрағатынан алынды!