Биыл пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы күшейтіледі
Еліміздің барлық медициналық ұйымдарында 2010 жылы құрылған пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметтері күшейтіледі.
Аталған қызметтерді әрі қарай жетілдіру үшін 2014 жылы денсаулық сақтау басқармалары мен оларға қарасты медициналық ұйымдар арасында қол қойылған меморандумдарға толықтырулар енгізу жоспарлануда. Атап айтқанда:
- қызметкерлер санын арттыру (оларды білікті және жауапты медициналық қызметкерлермен жасақтау);
- сенім телефондарының тиімді қызметін ұйымдастыру;
- медициналық ұйымдардың, денсаулық сақтау басқармаларының және өңірлік call-орталықтардың сенім телефондарының нөмірлерін тіркеу және қабылдау бөлімдерінде, дәрігерлер бөлмесінде және пациенттер отыратын өзге де жерлерге орналастыру;
- пациенттердің үндеулеріне сарапшылардың шұғыл ден қоюын қамтамасыз ету (хаттарға арналған жәшіктерге түскен жазбаша хабарламаларға 5 күнге дейін, медициналық ұйымдар жетекшілерінің блогына түскен сауалдарға 3 күнге дейін жауап берілуі тиіс);
- қызмет жұмысына қатысты ақпараттық-білім беру материалдарын (плакаттар мен буклеттер, бейнероликтерді көрсету) тіркеу және қабылдау бөлімдерінде, дәрігерлер бөлмесінде және пациенттер отыратын өзге де жерлерде таратуды қамтамасыз ету;
- өңірлерде (облыстар, Астана мен Алматы қалалары) білікті дәрігерлермен жасақталған, пациенттердің туындаған барлық мәселелерін шешуі тиіс тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталықтар қызметін ұйымдастыру шараларын іске асыру қарастырылуда.
Еске сала кетейік, медициналық қызметтер сапасының негізгі индикаторының бірі тұрғындардың арыз-шағымы болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның әрбір азаматы денсаулық сақтау саласына қатысты өз пікірін кез-келген деңгейде ашық айтып, медициналық қызметтер сапасын жақсартуға қатыса алады.
Туындаған мәселелерді барынша тез шешу үшін пациенттер ең алдымен әрбір медициналық ұйымда құрылған пациенттерді қолдау және ішкі бақылау қызметіне тікелей хабарласуы керек.
Ағымдағы жылғы 17 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Т.Дүйсенова ҚР ДСӘДМ мамандары денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек салаларында ұсынылатын қызметтер сапасын арттыруға күш салатынын мәлімдегенін естеріңізге саламыз.
