«Ала-Арча» Мемлекеттік резиденциясында Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың төрағалығымен ТМД Мемлекет башсылары кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Қырғызстан Президенті отырысты аша отырып бүгінгі басқосуға қатысқаны үшін делегация басшыларына алғыс айтты, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мерейтойы – 25 жылдығымен құттықтады.
А.Атамбаев бүгінгі отырысты дайындап, өткізуге көмектескені үшін ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевке ризашылық білдірді.
«Қырғыз Республикасы Достастық елдерінің кеңесіне оның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында төрағалық етіп, үлкен құрметке бөленді», - деді Қырғызстан Президенті.
Оның айтуынша, Қырғызстан төрағалық еткен жылы Ұйымның жұмысын оңтайландыруды талқылау жұмыстарына белсене араласты, Достастықты одан әрі дамытуға оң әсер ететін ұсыныстар жасады.
Президент А.Атамбаев мерейтойлық отырыс достастық және конструктивті жағдайда өтетініне және тараптар барлық мәселеге қатысты ортақ шешімге келетініне сенім білдірді.
Одан әрі отырыс кеңейтілген форматта өтіп, онда екі мәселе – ТМД мемлекеттеріндегі 2020 жылдардағы халық санына санақ жүргізу, 2017 жылды ТМД-дағы отбасы жылы, 2018 жылды мәдениет жылы деп жариялау туралы мәселе талқыланады.+
Естеріңізге сала кетейік, Бішкек қаласында ТМД елдері басшылары кеңесінің отырысы басталды.
Достастық елдері басшыларының форумына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Молдова Премьер-министрі Павел Филип, ТМД атқарушы комитетінің төрағасы –атқарушы хатшы Сергей Лебедев келді. Қалған қатысушы елдер үкімет және сыртқы істер министрліктері делегаттарын жіберіпті.
Ақпарат көзі: strategy2050.kz