Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бір триллион бес жүз миллиард теңге жоғалды!

Бір триллион бес жүз миллиард теңге жоғалды!
Әміржан Қосанов | 01.02.13

Осы біздің қазекең қызық! Жан қалтасынан біреу мың теңгесін жымқырса, айналаны азан-қазан етіп, басына көтереді, милитсәдан ұрлықшыны дереу табуды талап етеді! Ал, Елбасы «ел қалтасынан 10 миллиард доллар (яғни, 1 триллион 500 милллиард теңге!) із-түзсіз жоғалды» деп алқалы жиында баршаға жария етсе де, түк болмағандай жүре береді. Ол суыт хабарды шыбын шаққандай көрмейді, мыңқ етпейді, тіпті!

Осындай кең халқы бар, биліктің де арманы жоқ шығар! Осыншама, тіпті, көз алдына елестетудің өзі қиын соманың Ұлттық қордан жоғалып кетті деген сөзді естіп, баршамыз жағамызды ұстадық! Ол рас! Бірақ өз жағаңды ұстау бір бөлек те, ұрлықшының жағасынан алу екі бөлек! Екіншісіне біз, қоғам, әзірше жарамай жатырмыз!

Бір қызығы: бас билікте жүргендердің арасында өзара ынтымақтастық пен түсінушілік жоқ сияқты.

Мәселен, Президент жоғалған ақша туралы айтып еді, келесі күні оның министрі: «Ол қаржы жоғалған жоқ мүлде! Бәрі орнында! Тек мына жеке банктерді сатып жіберейік, сосын сол ақшаның орнын толтырамыз!», – деп ант-суын ішіп жатыр.

Осы жайтты Үкімет отырысынан бір сағат болса да бұрынырақ Президентке айтуға болатын еді ғой?

Сол кезде осындай тосын хабармен ел іші дүрліге қоймас еді?

Екіншіден, «сол жеке банктерді сатқаннан кейін» деген не уәж-сөз ол?

Иә, кезінде оларды қыруар қаржы жұмсап құтқардық. Енді дәл сол сомаға сата аламыз ба? Ал, егер де сататын бағамыз сол сомадан кем болса ше? Оның ара-айырмашылығы қандай және оның орнын кім толтырады? Тағы да мемлекеттік бюджет пе?

Шайнап бергенді жұта алмаған ол банктердің менеджментінің жауапкершілігі туралы кім бас қатырып жатыр осы?

Жалпы, сол банктердің түпкілікті бенефициары, яғни нақты қожайынның аты-жөні кім?

Жасыратыны жоқ, көптеген адам мемлекеттік қызметке, әсіресе, қаржы бөлу не тендер ұйымдастыру жағына, өте-мөте әуес. Шенеуніктік қызмет олар үшін, ең алдымен (және ең басты түрде!) бюджеттік қаржыны үлестіру арқылы қалтаны толтыру әдісі ғана! Отан, ел, қоғам мүддесі туралы ойлап жатқан олар жоқ! Әрине, мемлекеттік қызметшілердің бәрі – ұры не жемқор деп айтуға болмайды, бірақ ішінде мардымсыз жалақысына қарамастан аяқ астынан шылқыған байға айналып кететіндерді өздеріңіз де күнде көріп жүрсіз ғой, ағайын!

Тіпті, ең жоғарғы жақтағы топаралық тартыс та нақ осы мүдде жолында жүріп жатыр: яғни, ең алдымен, ең майлы жіліктер үшін талайды түбіне жеткен талас жүреді де, бюджеті аздау министрлік не облыс үшін күрес олар үшін соншалықты қызық та емес. Міне, мемлекеттік құрылыс пен қызметтің болмысы осындай сорақылыққа ұласып барады!

Ұлттық қордан ізім-қайым жоғалған 10 миллиардтан кейін 20 миллиардтан астам қаржы жиналып қалған зейнетақы қорларына қол сала бастағанын да мен дәл осы жыртқыштық психология тұрғысынан қарастырамын.

Экспромттап айтсақ:

Зейнетке қолын салғаны -

Болашағыңды алғаны!

10 миллиардтан қалғаны -

Көз жасыңның тамғаны!

Жиында айтар алқалы

Балабақшаң бар тағы!

Талан мен тараж – арманы,

Биліктің сондай талғамы.

Жемқорлар бәрін жалмады -

Халықтың бағы жанбады!

Біле білсек, Қазақстанның тағы бір көлеңкелі бюджеті бар; ол жүйелі түрде ше­тел асып кететін жемқорлардың қанжы­ғасы­на бай­лап алып кететін қаржысы! Оның да сұ­рауы болары сөзсіз! Бірақ қашан? Қалай? Ол жағын да қазіргі заңнамада алдын-ала қарастырып қойғанымыз жөн болар.

Сонымен, мың теңгесін бұлдайтын ел триллиондарын іздемейді. Неге? Мүмкін, мың теңге маңдай терімен келгендіктен болар, ал абстрактілі триллионға бір қарағанда қарапайым жұрттың қатысы жоқ секілді болғандықтан ба?

Олай болса, айтарым: сол триллион сенікі, халқым!

Өз қалтаңа, өз қаржыңа, өз байлығыңа, қала берді, өз несібеңе ие бол, ағайын!

 
0
1
829

Осы тақырып бойынша