Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бір кездері анкета біз үшін әлеуметтік желі болатын. :-)

Естеріңізде болса, мектеп оқушысы болған кезімізде біздер үшін «Анкета» деген іші сырлар мен құпияларға толы қойын дәптер, енді бірі үшін  қыз жайлы немесе бала жайлы білгісі келетін ақпаратты алуға таптырмас құрал болатын. Шынымен де қандай ақпарат білгің келеді, бәрін-бәрін сол кішкене ғана қойын дәптерден табуға болатын еді. Ол кездері біздер үшін компьютер, ұялы телефон деген таңсық нәрсе. Ал, үй телефоны бірінің үйінде болса, бірінің үйінде болмайтын. Кімнің үйінде үй телефон бар, сол мықты яғни жастардың тілімен крутой болатын. :-) Әр бір сыныпта боладығой қу балдар, сондай балалар анкетаны кейбір қыздардың үй телефонын алу үшін ғана, онда да қысқа-қысқа қылып әйтеуір толтырып беретін.

Бір кездері анкета біз үшін әлеуметтік желі болатын. Иә, иә шыныменде солай болатын. Мысалыға, ВК әлеуметтік желісін алатын болсақ, анкетадағыдай толтырулар аты-жөніңнен басталып, туылған жылың, оқу орының, байланыс телефоның деп жалғасып кете береді. Анкета да сүйіктісі барларға арнайы бір бет арнап, оны үш бұрыштап қоятын. «Сүйгенің барма?» - деген сұраққа «Иә» -деп жауап беріп, есімін әлгі үш бұрышталған бетке жазатын. Кейбірі онда да толық емес, өзінің есімінің бас әрпі мен сүйіктісінің есімінің бас әрпін ғана жазып қоятын. ВК-де солай, сүйіктісінің барын ашық айтатындар аты-жөнін белгілеп, жасыратындар әдетінше «Влюблен», «Влюблена» деп қояды.

Анкета да «Сүйікті әншің» деген бағанға әркім өзіне ұнаған әншінің есімі мен әнін жазып шығатын. ВК-да да солай әркім өзіне ұнаған әндерді қабырғасына сақтап қойып тыңдайды. Сол жерден-ақ қандай әншіні және әнді ұнататынын білуге болады.  Киноны да солай тиісінше толтырып жазып бересің , ал мұнда өзінің бейнелеріне сақтап қояды. «Бос уақытыңда немен айналысасың» -деген бағанға әркім өзіне ұнайтын істерін жазады, ВК-да солай өзіне ұнайтын хоббиларын жазып қоя алады.

«Сұрақтар ұнадыма?» - деген бағанға әркім барынша өздерінің көңілдерін «Ұнады немесе керемет, тамаша, әрине!»- деп түрліше білдіріп жататын. ВК-да да тиісінше қабырғадағы суреттерге, жазбаларға, бейнелерге «Лүпілдер яғни, лайк» басу арқылы білдіріп жатады.

«Сыйлыққа жапыстырғыш суреттер (наклейка)» деген бағанға арнайы дүкеннен сағыз сатып алып, сағыз орамасындағы жапыстырғыш суретті жапыстыратын едік. Әдетте, сағызды сол жапыстырғыш суреті үшін арнайы сатып алатынбыз. Немесе үнді қыздарының суреті бар открыткаларды анкетаға жапыстыру  үшін жинайтынбыз. Ол кейде үйде тұрып жоқ болып кетсе, сол үшін бір ұрыс шығарыпта алатынбыз :-) қызық еді жалпы.  Ал, ВК-да сыйлық сыйлағың келсе арнайы бөлім бар, сол арқылы сыйлықты өзіңіз қалаған адамыңыздың қабырғасына жіберуіңізге болады.

«Естелікке өзіңнің суретің» - деген бағанға міндетті түрде өз суретіңді естелік ретінде жапыстыруың қажет болатын. Ол кездері, қазіргідей қымбат және сапасы жоғары фотоаппараттар мен ұялы телефондар жоқтың қасы. Фотоаппарат болса, онда да кейбір адамдардың үйлерінде ғана және сирек  пленкалы «Kodak» деген сияқты фотоаппараттар болатын. Оны сұрап алып, пленкасы жоқ болса, сатып алып, оған олай да, бұлай да армансыз түсіп, тіптен бүкіл отбасы мүшелері түсіпте үлгеретін. Содан не керек, әлгі пленканы қолымызға алып, арнайы сурет шығаратын орынға барып, бір суретті 20 теңгеден шығарып алып, әлгі анкетаға әдемілеу түскен бір суретті жапыстырып, мәз болып бере қоятынбыз :-)  Ал, қазір оның бірі де жоқ, бірақ, әркім өз қабырғасына әр түрлі суреттерді өзінің қалауынша қоя алады.

«Маған тілек немесе цитата» деген бағанға түрліше тілектер жазып, оны өрнектеп, барынша әсемдеп, әдемілеуге құмар едік. Немесе «Писал не писатель, писал не поэт, писала девченка 12 лет :-) » деп цитаталарды жазып беретінбіз шіркін. Ал, қазір бұлардың орынын әдеттегі қабырға ға жазылған тілектер мен статустар басты. Біздің кезімізде де әлеуметтік желі болды, бірақ  «Анкета» деген кішігірім төрт бұрышты қойын дәптер болатын. Ерекшелігі де сол оны кез-келген уақытта өзіңе ұнамай қалған ақпараттарды өшіріп тастай алмайсың, оны арнаған адам өртеп немесе қоқысқа тастап жібермесе. Жанымызды жадыратар естеліктеріміз көп болсын! :-)  P.S: Алып қосарыңыз болса, өз естеліктеріңізбен де бөлісе отырыңыз, мен барынша есімде қалғандарын жазып шығуға тырыстым. :-)

© Мереке Жарасқызы

 

2
0
5073

Осы тақырып бойынша

Бір кездері анкета біз үшін әлеуметтік желі болатын. :-) - Yvision.kz