Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Білгірлер

Ескі заманның қолына күрек алып, ел кезіп, жер кезіп отбасын асырайтын адамдары сендерге сондай жаным ашиды. 24 сағаттың жартысына жуығын жұмыста өткізесіңдер. Сөйте тұра, бақыттымын, отбасым бар деп кеуде қағасыңдар. Алайда үйлерінде сол жұмыстан шаршап, ұйқыны қандырумен ғана уақыт өткізесіңдер-ау, бейбақтар. Сендердің бар кінәларын менен ерте туылып қойғандықтарында. Ал менің заманымда туғандар шалқып өмір сүріп жатыр. Жұмыс дейсіңдер ме? Жұмыс деген не, тәйірі? Сен сағаттап артынан қуған ақша бізге өзі-ақ келеді. Сыры неде дейсіңдер ме? Қолымызда өзімізді басқаратын пульт бар. Ол құдырет бізге тегін тамақ та, киім де әпереді. Тек тілін тапсаң болғаны. Қаншалықты үлкен болса, соншалықты керемет. Басымызбен кіріп, оның бар дегенін істейміз. Кейде ерсі, ақылға сыймайтын дүниелерді істеуге дейін барамыз. Адамдардың ашуы, балағат сөздері бізді танымал етіп, ақша әкеле түседі. Сөйте тұра аурудан аман алып қалатын дәрігер, тыныштық күзететін полиция қызметкерлерін немесе сендер бізге телміріп отырғанда балаларына білім беретін ұстаздарды емес бізді құрметтейсіңдер. Балаларың біздей болғысы келеді. Эх, сондай аңқаусыңдар. Өздерін өмірде мүлде көрмеген, тағдырларына тамшыдай болса да әсер етпейтін болсақ та, бізбен бірге алаңдап, отбасымыздың әңгімесіне араласуға талпынасыңдар.

Осылай жалғаса берсе не болатынын білгілерін келе ме? Біз ұсынған ақпарат деуге келмейтін қоқысты қабылдап, миларын оңай жолмен жүруге, бәрін жеңіл қабылдауға машықтанып кетеді. Айналада не болып жатқанын не қыласыңдар, есі кеткендер билікке наразы боп, тәуелсіздік пен бостандықты жырлай берсін. Сендер бізге тәуелдісіңдер. Өздерің ақылды санайтын кей пысықтар бұл пультты қалай қолдану керегін үйретіп, саналарына сәуле шашамыз дейді. Бірақ біздің артымызда өзіміз сияқты үйде отырып іс бітіретін батырлар барда, біз жұмысымызда тоқтатпаймыз.

Бабаларымыз қаншама мың қол әскерді басқарып тарихта қалса, біз сендердің бастарынды тетіксіз пульттің көмегімен-ақ қосып отырмыз. Өздерің барда біз әлі де көлік жаңартып, әлемді шарлап, шалқып өмір сүреміз. Бізді бақылаймыз деп өз өмірлерің бағусыз қалмасын, аңқаулар мен жалқаулар.

1
0
457

Осы тақырып бойынша

Білгірлер - Yvision.kz