Әбілқайыр ханның сүйегі табылды ма?
Ғалымдар отыз жыл ел билеген Әбілқайыр ханның (1693-1748) жерленген орны осы-ау деген екі жерді анықтады. Бұл жер Ақтөбе облысының Айтеке би ауданы, Аққұм ауылының маңында деп жазады CaspioNews.
Іздестіру жұмыстары 2007 жылы басталған. Ханның сүйегі болуы мүмкін деген ақсөңкелерді қазір антропологтар мен генетиктер зерттеп жатыр.
1718 жылы Тәуке хан өлген соң қазақ үш жүзге бөлініп Кіші жүздің ханы бойлып Әбілхайыр сайланады. 1722 жылы Қытаймен ымыраға келген жоңғарлар қазақ даласына шабуылды үдете түседі. Осы кезде Әбілқайыр біріккен қазақ жауынгерлерін бастап әйгілі Бұланты (1727) және Аңырақай (1729) шайқастарына қатысады.
Осы шайқастардағы ірі жеңістерден кейін ол жауды біржолата жеңу үшін қазақтың басын біріктіруге күш салды. Алайда, тоқалдан туған Әбілқайырдың үш жүзге хан болуына ерік берілмеді. Сосын ол әскерін шегіндіріп алып кетті де қазақтар жоңғарларды өздері-ақ жоятын мүмкіндіктен айырылып қалды.
Өзінің ықпалынан айырылып қалмау үшін ол 1730 жылы Ресей патшайымы Анна Иоановнаға хат жазып, оның қол астына өткісі келетінін білдірді. Келесі жылы патшайым Кіші жүздің Ресей империясының құрамына қосылғаны туралы Әбілқайырға хат жіберді. Сөйтіп Әбілқайыр хан қазақтың орыстың қол астына өтуіне ресми ықпал еткен адам ретінде тарихта қалды.
Дегенмен, ол қазақтың бодандық қамытын 300 жыл сүйрейтінін болжай алмаса керек. Сол дәуірдің қатал заңдарына бағынған хан елін және өзінің билігін аман алып қалудың жалғыз жолы орысқа бағыну деп білсе керек.
Әбілқайыр ханға Кіші жүз күні бүгінге дейін үлкен құрмет көрсетеді. Ақтөбеде облыс әкімдігінің алдына оның ескерткіші орнатылған. Орталық даңғыл да ханның атында. Кезінде 50 теңгелік купюрада да Әбілқайырдың бейнесі тұратын.
Ақтөбе облысы әкімнің баспасөз қызметіның мәліметінше, келер жылы осында «Еуразия мәдениеті мен тарихындағы Арал-Каспий аймағы» атты ғылыми конференция өтеді. Осы шара барысында Батыс Қазақстандағы тарихи ескерткіштердің, Әбілқайыр хан жатуы мүмкін делінген «Хан моласы» кешенін зерттеу жұмыстарының нәтижесі жария етіледі.
Әбілқайыр хан Барақ сұлтанмен соғысып жүргенде қазақ болған. Кезінде оның басына күмбез де тұрғызылған деседі. Бірақ уақыт өте келе зираты жермен жексен болған.
Әли СЕКЕЛ.
