Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Бейжіңдегі ағайындар қазақтың той салтынан қойылым қойды (ФОТО)

БЕЙЖІҢ. 26 ақпан. BAQ.KZ – Жақында Қытайдың ұлттық мерекесі Шаған 10 ақпаннан бастап бір апта бойы тойланған болатын. Мемлекеттік мерекеге сондағы барша ұлт атсалысады. Бейжіңдегі қазақтар да қытайдың төл мерекесінде қазақ мәдениетін танытуға күш шығарды. Қытайдың астанасында орналасқан «Ұлттар» баспасының қызметкерлері қазақтың той салтын қойылым ретінде көрермендерге ұсынды.

Қос ішектен күмбірлете күй төгілткен мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын бейжіңдік ағайындардың қойылымына «Ұлттар» баспасының зейнетке шыққан қызметкерлері де қатысып, ақ кимешегін киіп, шашуын шашты. Қазақтың үйлену тойының барысын сахнада толықтай көрсете білген баспагерлер  беташар айтып, Қаражорға биіне басыпты.

Айта кетейік, ұлт болашағын ұлы мұрат еткен Қытайдың астанасында орналасқан «Ұлттар» баспасының қазақ редакциясы 1953 жылы 15 қарашада шаңырақ көтерген болатын. «Ұлттар» баспасының құрылуы Қытай тарихында ғана емес, әлемдік деңгейде де ерекше орын алды» деп жазады Қытай журналистері. Қазақ, моңғол, корей, тибет, ұйғыр, қытай тілдерінде кітап басатын үлкен баспа бүгінге дейін 16 000-нан астам кітап, 260 миллионнан астам бейне таспалар мен дисктерді шығарған екен. 
«Ұлттар» баспасында Қытайдағы аз санды ұлттардың 12 тілінде жұмыс жасайтын редакция бар болып онда 300-ден аса редактор, баспагерлер жұмыс жасайды. Кітап, журнал және бейне таспаларды да шығаратын баспада ұлт тілінде жарық көретін 800-ден астам электронды басылым бар.
«Ұлттар» баспасының қазақ редакциясы болса жылына 3000 қазақ кітабын шығарады. Алуан тақырыпты қамтитын баспа Қытайдағы қазақ жазушыларының да кітаптарын басып, Қытай қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосумен қатар Қазақстанның ақын-жазушыларын да Қытай қазақтарына танытып жүр.

 

Майгүл СҰЛТАН

 

Суреттер Қытайдың "Халық" ақпараттық сайтынан алынды

 
0
0
688

Осы тақырып бойынша