Бейбіттен бала сүйгім келеді!
|
02.10.12.
![]() «Бүгінгі қазақ жігіттері қандай болуы керек?» деген сұрақ мені ғана мазаламасы анық. Өйткені бұл сауал - жалпы жұрттың жүрегінде жүрген, көпшіліктің көкейінен кетпейтін, түн ұйқысын төрт бөлетін маңызды мәселе.
Әрине, көптің көзіне топырақ шашуға болмас, алайда қазіргі қазақ жігіттері әлсізденіп бара жатқан сияқты. Ұсақ-түйек әңгімеден аса алмай, ұсақ-түйек ұрлық жасап, темір тордың арғы жағында өмірін өксікпен өткізіп жүрген жігіттер туралы ойлағанда, төбе-шашым тік тұрады. Ертеңгі күнге сенімсіздеу, керісінше, өзінен бұрын әйеліне сенетін серілер көбейіп барады. Қанша жігітпен танысудың реті келді, бәрінің алдымен қояры «қайда қызмет істейсің, үйің бар ма?» деген секілді сұрқиялау сұрақтар. Керісінше, «болашақтың іргетасын бірге қалаймыз, қорықпа...» деп басу айтар бір жігітті көре алмадым...
Осындай ойлардан басым қатып, кейде түнде кірпігім ілінгенше нағыз қазақтың жігіттерін өзімше тізіп шығамын. Қазір биліктен бастап басқа салаларда да жүрген танымал азаматтарымыздың басына қонған бақыт - олардың туған тіліне жетіктігі, ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятындығы. Амал қанша, бұл бақыттың басына теуіп жүргендер де жеткілікті. Алладан бұйырған, ата-анадан қанына сіңген асыл қасиетті бәрінен жоғары қойып, ұлтының ұлылығын дәріптеуге ұмтылған жігіттерге жаным сүйсінеді. Әрине, жан сырымды жайып салып, ашық әңгіме айтып отырғаным біреулерге ұнамас. Мейлі, ұнамаса ұнамасын. Бірақ ұйқымды қашырған ойларды оқырман назарына ұсынып, олардың да пікірін білгім келеді. «Жақсыдан жақсы туса игі» дейді қазақ. Жақсы адамның жары болып, жақсы ұрпақ өсіруді ойлағаным, ешкімнің шамына тимесі анық. Қазақтың келешегі мықты ұрпақпен ғана зор болғалы тұр. Жастар да Бейбітке еліктеп, білімі мен білек күшін қатар сынға салып жатса, сондай асылдарымызға арулар да ғашық болып, тұрмыс құрып жатса, одан ешкім ұтылмайды. Б.БАЗАРбАЕВА, |

