Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Берлиндегі Наурыз тойында садақ атудан сайыс өтті

Берлин. 2 сәуір. Baq.kz – 29 наурыз немістердің «Osternfest» мерекесінің демалысына орай Берлиндегі 30 қазақ отбасы Наурыз мерекесін тойлады. Кешіктіріліп ұйымдастырылған Наурыз тойы қала шетіндегі орманды саябақта өтті.

Жергілікті қазақ ағайындармен бірге Қазақстан және басқа елдерден келген қазақ студенттер қатысқан мерекелік іс-шара кезінде қазақ биі – Қаражоға биленіп, өнерлі жастар домбыраның құлағында ойнады. «Жершарының қай ендік, қай бойлығында жүргеніне қарамастан текті қазақтың ұрпағы табиғатпен етене екенін әйгілеп, орманды саябақта жиналды. Ұлыстың ұлы күнін кеш қарсы алған берлиндік ағайындар ет асып, бауырсақ пісіріп, қазақ ауылының думанды тойын көз алдыға елестетті. Кәрі құрлық төрінде қос ішектен күмбірлете күй төгіп, қазақ халық әндерін тамылжыта орындаған қазақ жастары думанды басқосуға жиналған үлкеннің жанарына жас алдырып, кішінің көңіл көркін ашты» деп өз тебіренісін жеткізген Қытайдан барып Берлин қаласында білімін жетілдіріп жатқан қандасымыз Қайрат Қайполлаұлы мерекелік кештің қазқтың садақ тарту өнерінен сайыс ұйымдастырғанын да жеткізді.

Шетелдегi қазақ диаспорасының ХХ ғасыр тарихындағы аса көрнектi тұлғасы, батыр Зұқа қажы Сәбитұлының шөбересі Орхан Тосұнның ұйымдастыруымен өткен садақ ату сайысы батыр қазақтың өр рухын көрсетіп қана қоймай, жастарға мергендіктің қыр-сырына үңілуіне үлкен мүмкіндік сыйлады. «Садақ ату – Орта жүз абызы Нұрмұхамбеттің ұрпағы, атақты Зұқа батырдың шөбересі Орхан Тосұн ағамыздың бос уақытында шұғылданатын ең үлкен өнері болып қана қоймай, ол Берлинде өткен моңғолдардың Надам тойында садақ ату өнерінен сайысқа түсіп, моңғол және басқа да шетелдік әріптестерін шаң қаптырған болатын. Сұрмерген ағамыздың үйінен жігіттің бес қаруын толық табуға болады. Осынау алып шаһарда жетелі жігіттің жетпіс өнерін әйгілеуге талпынған мерген ағамыздан жастар жағы үлкен өнеге алды. Бойларына қуаты кемімес рух жинады»,- дейді мерекелік іс-шараның басы-қасында жүрген азаматтардың бірі Қайрат Қайполлаұлы.
Наурыз кешінің соңында екі кезең бойынша өткен мергендік сайысының жеңімпаздары анықталып, оларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сыяпаттар берілді.

 


Майгүл СҰЛТАН

 
0
0
751

Осы тақырып бойынша

Берлиндегі Наурыз тойында садақ атудан сайыс өтті - Yvision.kz