«Бензин құны қанша?!»
Жақында Қанат Бозымбаев, Қазақстанның энергетика министріне бір журналист "Бензин құны қанша қазір?" деген сұрақ қойды. Министр мырза "Барып, заправкадан көрмейсің бе?!" деп тойтарыс берді. Былай алып қарасақ - мәдениетсіз жауап. Алайда...
Күн сайын журналистердің алдында жүрген адамдар қанша керексіз сұрақтарға жауап беретінін көрдіңіздер ме?! Журналистер дейміз-ау, күнделікті өмірде өзіміз де, қарапайым адамдар, мәнсіз сұрақтарды төпелетін жатамыз. Аузымыздан түспейтін "қалайсыңның?" ішінде мән де қалмағанын сезіп жүрміз ғой. Мән де, жан да, шынайылықтың да иісі шықпайды. Қадірі кеткен сөздер тізіміне "досым" деген сөзбен қатар қойып қойдық қой. Қадір демекші...
Біздер, сірә, сұрақтың қадірін түсінбейміз-ау. Сол сұраққа кеткен уақытты айтамын. Мынандай мысал келтірейінші. Жақында оқыған "Ученик" кітабынан. Сол кітапта қыздарға асқан зорлықпен өлтіретін Хинде деген азамат түрмеде отыр. Ал оның шәкірті бостандықта Хинденің әдісімен норвегиялық бойжеткендердің өмірін қиюда. Әлгі Хинде түрме басшысы әйелінің суретін берер болса оның сұрағына жауап беруге уәде етеді. Сондағы түрме басшысының қойған сұрағы "Сен аруларды өлтіріп жатқан адамды білесің бе?". "Білем" - деп жауап береді Хинде. Негізі дұрыс сұрақ, тек "Қыздарды өлтіріп жатқан адам қазір қайда?" деп сұраса болар еді, себебі білетінінен хабардар еді. Бір ғана сұрақ. Дайындығын болмаса осы. Айтпақшы, дайындық жайында...

Жақында үстел басында отырдық. Жанымда журналист қыз отыр, дастархандасымыз Максим Споткай деген қазақ тілін жақсы меңгерген орыс жігіті. "Максим, сіз қазақ тілін қалай үйреніп алдыңыз?" - деп сұрақ қойды. Максимнің түрінен бұл сұраққа жауап беруден шаршағанын байқадым да әлгі қызға үйге барып "гугл" құдыретті оқып келуге ұсындым. Қызда да кінә жоқ, бұл кешке Максиммен кездесем деп ойламаған ғой. Алайда, аталмыш сұраққа жауап беруден шаршағаны байқалып тұр. Себебі, бұған дейінгі кездескен журналистер мен қарапайым адамдар қойғаны анық. Спортшылардан спортқа қалай келдіңіз, актерлерден театрға, киноға қалай келдіңіз деп сұрап жатады. Бұл сұрақты қоя бергенше, алдын ала оқып, одан да маңызды (ешкім қоймаған) сұрақтарға бет бұрсақ болмайды ма?! Болады әрине. Бір әуенді қайталап айтудан әртіс-спортшылар да шаршаған болу керек. Қатардағы адамдардан артық болу үшін қайталанбау керек шығар. Сұрақтарыңыз ұнап қалса, келесіде көбірек ашылар. Ұнамсыз сұрақтарға кеп қалдық қой...

"Неге?". Мен ұнатпайтын сұрақтардың ең басында осы сұрақ тұр-ау. "Неге ораза ұстамайсын?" сезоны басталғалы жатыр. Ал не деп жауап беру керекпіз?! Бұл сұраққа ең дұрысы "шаруан қанша?" деп қайтару шығар. "Интим" деген түсінік бар. Латыннан аударғанда "ішкі жан дүниелік" деген мағына береді екен. Яғни, бір адамның жеке басына қатысты дүниелердің барлығы осында. Осы интимді нәрселерге өзгелер араласпауы керек дейді қоғамдық нормалар. Алайда, қазақ қоғамының сен айнымас бөлігі болғандықтан, бұл қауымдастықтағы әрбір азамат сенің жеке өміріңе араласу құқығы бар деп біледі. "Неге әлі үйленбегенсін?", "Неге тамақ ішуді қаламайсын?", "неге кітап оқымайсын?", "неге 3 қана бала көтердің?". Бұл тізімді өзіңіз жалғастыра беріңіз. Өміріңізден мысалдар көптеп кезігер. Өмір демекші...
Жириновскиді мысал етем деп ешқашан ойламаған ем. Алайда, мына бір видео есіме түсіп кетті. Көріп шығыңыздар.
