Ұйымның жетекшілері «Ұлан» газетінің жас тілшілері екенін атап өткен жөн болар. Жас журналистер ұйымының негізгі мақсаты-журналистика саласына бет бұрып, ауқымы кең салаға оқуға түсуді армандаған жас талапкерлерді емтиханға дайындау, білім көкжиегін кеңейту. Енді ұйым ай сайын талапкерлер үшін марафон ұйымдастырып отыратын болады. Алғашқы марафонның қатысушылары сабақтан алған әсерлерімен бөлісіп, мамандық жолында болашақ әріптестерімен байланыс орнатты. Аталмыш марафон аясында жұлдызды кездесу ұйымдастырылған болатын. Танымал кино және театр актрисасы , тележүргізуші, ҚР Мәдениет қайраткері Шынар Асқарова марафон аясында қатысушылармен кездесу өткізіп, қызықтырған сауалдарына жауап берді. Қатысушылар бес күн бойы әртүрлі тапсырмаларды орындап, білім деңгейін арттырып отырды. Марафон ары қарай да өз жалғасын табады деп үміттенеміз!
Мейірім ӘБДІҒҰЛ:
«Болашақ білімі мен дарыны ұштасқан жастардың қолында екенін ұғындырды...»
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіні қарап отырып айтарлықтай дүниені көзім шалып қалды. Өте керемет дүние. Журналистика! Яғни,қызығы мен шыжығы қатар жүретін осы мамандықтың жай-жапсарын үйретіп, болашақ журналистерді қалыптастыруда көпке үлгі болған Алтынай мен Айсұлу есімді екі бірдей бойжеткен осы саланың болашақ мамандарын дайындауда керемет марафон ұйымдастырғалы жатыр екен. Болашағымды журналистикамен тікелей байланыстырғандықтан бұл дүниеден қалып қойғым келмеді. Әрі қатыстым. Марафон басталған күннен-ақ, спикерлердің жылы шыраймен қарсы алып, ашық әңгімеге тартып, көңілді отырғандары жанымызға бірден жақты. Ал сабақ түсіндіріп, бар ынта-ықыласын бізге арнағандары мүлде бөлек әңгіме. Ұнағаны соншалық, сабаққа ерекше қызығушылығымыз артып, зейін қойып қатыстық. Тағылымы терең, мағынасы ауқымды біраз жұмыстарды үйрендік. Марафон бізді еңбекқорлық пен ізденімпаздыққа, жан-жақты өзімізді дамытуға, болашаққа жарқын көзқараспен қарауға үйретті. Үйрете отырып, қадам жасауымызға себепші болды. Болашақ білімі мен дарыны ұштасқан жастардың қолында екенін ұғындырды. Марафон барысында қатысушылар көгілдір экранның ар жағынан жүздессек те бір-бірімізді жақын тартып, әпкелі-сіңілідей болып кеттік. Жалпы адамзат баласы бір дүниеден жақсы, ұмытылмастай әсер алса тіпті сөзбен айтып жеткізе алмайды ғой. Тап қазір менде де солай. Алған әсерім өте керемет. Осы марафоннан кейін журналистикаға ерекше ықыласым арта бастады. Халық пен биліктің арасын жалғаған " алтын көпір" азаматтарымыз бен азаматшаларымыздың еңбегі- нағыз шынайы, ерен еңбек екеніне көзім жеткендей. Марафонға қатысқаныма еш өкінбеймін. Керісінше, жас журналистерге бұл марафон - таптырмас мүмкіндік! Біз секілді журналистика саласына қадам басқысы келіп жүрген шәкірттерді дайындауда Алтынай әпке мен Айсұлу әпкелеріміздің есімін алтын әріппен жазып қойсақ та, артық болмас. Журналистика жасасын!
Ұлту СИҚЫМ:
«Алғашқы қадамдар жасалып, теориялық, практикалық тәжірибе жинадық»
Жастарды қолдайтын бірден бір орталық бар болса ол- "БЕЛЕС" дер едім. Кез-келген бітіруші жалпы мамандық таңдау жолында, мақсатқа жету жолында ақыл мен көмекті қажет етеді. Міне, осындай жағдайда бізге жас журналистерге арналған "БЕЛЕС" орталығы қол ұшын созды.Алғашқы қадамдар жасалып, теориялық, практикалық тәжірибе жинадық. Бейнеролик дайындап, сұқбат алдық. Бұл мезетте бізге берілген үлкен мүмкіндіктердің бірі актриса Шынар Асқаровамен сұқбаттасу болды. Үлкен мүмкіндікпен белеске шақыратын "БЕЛЕС" жас журналисттер орталығы!
Аружан АЛИЕВА:
«Жан-жақты журналист болу үшін тек өз біліміңе сену жеткіліксіз»
Мен осы бес күндік марафоннан өзіме үлкен тәжірибе жинадым. Жан-жақты журналист болу үшін тек өз біліміңе сену жеткіліксіз. Сенен де мықты, тәжірибелі тұлғалардан сабақ алуың керек. Бағыма қарай, Айсұлу және Алтынай әпкелеріміздің арқасында биік белестің алғашқы қадамына аяқ бастым. Адам бес күнді қалай өткізуге болады? Кейбірі күндіз-түні жұмыс істесе, енді бірі уақытын қажетсіз дүниелерге жұмсайды. Бірі кітап оқып бітірсе, бірінің бес күні күйзеліспен өтеді. Ал, мен осы бес күнімді марафонға қатысу арқылы ерекшелендірдім. Журналистің құқығын, түрін, сипатын білдім. Мақаланы дұрыс жазуды үйрендім және жаңа таныстықтар арттырдым. Актрисамен керемет сұқбат жүргіздік. Уақытым көзді ашып-жұмғанша зымырап өте шықты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ