«Бекіре-2014» кең ауқымды балық қорғау шарасы жөнінде
2014 жылдың 13 мамырында Атырау қаласында «Бекіре-2014» кең ауқымды балық қорғау акциясының үйлестіру штабының кезекті отырысы өткізіліп, онда 1 сәуірден бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде 1 сәуірден бастап 735 табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактісі анықталды, оның 143 өрескел. Балықты заңсыз тасмалдау бойынша 14 бұзушылық, балық ресурстарын заңсыз сату және сатып алу 8 факті, кемемен жүзу режимін бұзуға қатысты 16 факті тіркелді.
Әкімшілік жауапкершілікке 551 адам тартылды.
Балық қорғау акциясы басталғалы 78 қылмыстық іс қозғалды, оның 30 сот органдарына жолданды.
Акция барысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған үшін 4,1 млн. тенге әкімшілік айыппұл салынды. Балық ресурстарына келтірілген залал шамамен 4,3 млн. тенгені құрады.
Құқық бұзушылардан 25 тоннадан астам балық, оның ішінде 812 кг бекіре тұқымдас балық түрлері және 10 кг астам уылдырығы, сондай-ақ 143 дана жүзу және 684 аулау құралдары тәркіленді.
Балық қорғау акциясы барысында мемлекеттік тапсырыс аясында 129 бекіре тұқымдас өндіруші балық (8 қортпа, 9 орыс бекіресі, 112 шоқыр) ауланды. Бұл балықтар Атырау облысындағы бекіре балық өсіру зауыттарына шабақтар алып, кейін оларды табиғи мекендеу ортасына жіберу мақсатында жеткізілді.
Жайық-Каспий бассейнінде браконьерлікпен күресу шаралары барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылымен осы жылдың 31 мамырына дейін жалғасады.
ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі
