Сенаторлардың кәсіпкерліктің және Үкіметтің өкілдерімен кешегі кездесуінде «жаңарғалы жатқан ұлттық салық заңнамасы» талқыға салынған еді. Осы орайда Сенат депутаттары 2050 жылға дейін Ресейге берілген Байқоңыр мәселесін көтерді: «Осы заң жобасында Байқоңыр қаласының кәсіпкерлерінің жағдайы ескерілді ме? - деп сұрастырды сенаторлар Үкімет мүшелерінен. - Сіздер ол жақта не болып жатқанынан, байқоңырлық шағын және орта бизнестің ахуалынан хабардарсыздар ма?» Байқоңыр қаласында шағын және орта бизнес ашуда проблемалар туындауда екен. Бұған қоса, қазақстандық кәсіпкерлерден Ресей өкіметі «біздің салықты төле!» деп өзеуреуде.
«Мен жаңылмасам, ол жақта қосымша құн салығына қатысты проблема бар» деп, Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов өздерінің хабардар екендіктерін аңғартты.
- Бүгінгі таңда Байқоңыр бойынша проблема сақталып отыр, - деп растады Қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожин. - Ол проблема баяғыда қол қойылған жалға алу келісімінде бірқатар олқылықтардың барлығына байланысты. Өйткені онда бұл аумақта кімнің заңнамасы жұмыс жасайтындығы нақты жазылмаған. Біз шамамен 2,5 жыл бойы ресейлік әріптестерімізбен қосымша құн салығын салу бойынша өзара «разборка» жасаудамыз. Олар «Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясының заңнамасы жүретін аумақ», яғни Ресейдің салығы ресейлік мөлшерде Ресейге төленуге тиіс деп табандайды. Ал біз «сендер жай ғана мүлікті жалға алып отырсыңдар, ал Байқоңыр Қазақстанның аумағы, демек, онда да Қазақстанның салық заңнамасы толыққанды күшінде» дейміз.
Қаржы министрінің орынбасары Байқоңыр қаласында «қай елдің заңнамасының қолданылатындығын белгілейтін базалық норманың жоқтығынан басқа да мәселелер қаптап туындауда» дейді. Нәтижесінде «қандай заңнама бойынша шағын және орта бизнесті тіркеу керек?», «қай елдің заңнамасы бойынша әкімшілік нормаларды қолдану керек?», «жалпы, қай елдің заңнамасы бойынша қарым-қатынастарды реттеуге болады?» деген маңызды сауалдарға ел Үкіметі әлі жауап таппапты. «Проблема шын мәнінде бар» деп тағы бір нықтаған Қаржы министрлігінің биік лауазымды өкілі бұл мәселелер «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу келісіміне түзетулер енгізу арқылы шешілуі керектігін меңзеді. «Ол келісім біздің министрліктің қарауына жатпайды, ол Қазғарыш агенттігі жауап беретін сала. Соларда бұл мәселені қаузап, шешу керек» деп қол жайды Д.Ерғожин.
- Бұл тұрғыда менде ұсыныс бар, - деп, Үкіметке жүгінді Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин. - Біз Қызылорда облысында өз комитетіміздің көшпелі отырысын өткізуге дайынбыз. Сонда жергілікті жерде, Ресей өкілдерін де шақыра отырып, көптеген мәселелерді қарап, шешейік. Заңды қабылдамас бұрын әртүрлі салмақтағы - шағын, орта, ірісі бар, бизнес өкілдерімен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен әңгімелескіміз келеді. Сөйтіп, мәселелер шешілуі үшін не істеуіміз керектігін қарап, қорытындылайық, - дей келе, Т.Абайділдин сол сапар аясында Үкімет үшін ұсыным-рекомендациялар әзірленуі керектігін белгіледі. Жалпы, салық салу саласында еліміздің бүкіл өңірлеріне қатысты басқа да үлкен мәселелер бар екен.
Қаржы министрлігі жаңа жылды қорқынышпен күтіп отыр! Мұны министрлік басшылығының өкілі ашық мәлімдеді. Себебі алдағы 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда Салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) жойылып, бүкіл еліміз бойынша Жеке сәйкестендіру нөмірі енгізілмек. Ал бұған мемлекеттік органдардың әлі күнге дайын еместігі ашық жарияланды. Ең сорақысы сол, Қазақстанда халық санынан 9 миллионға артық ЖСН бар көрінеді! Яғни базалар бойынша Қазақстан халқының саны 26 миллионнан баяғыда асып кетіпті.
Қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожиннің айтуынша, осы министрліктің Салық комитеті қазір қос базаға қатар жүгінуге мәжбүр екен. «Бізде өзіміз жасаған төл деректер базамыз бар да, сосын мемлекеттік органдардың базасы бар. Біз ендігі жылжымайтын мүлік бойынша өзіміздің бөлек базамызға иеміз. Алматыда тіпті автокөліктер бойынша жеке деректер базасы қалыптасқан. Біз меморгандардың базасын мүлдем пайдаланбауға тырысамыз. Өмір үшін қауіпті («опасно для жизни»)!» деп турасын айтты сенаторларға Дәулет Еділұлы. Ең қызығы сол, базалардағы теріс ақпараттар кесірін биік лауазымды тұлғалар да тартады екен: Қаржы вице-министріне мәселен, өзінде жоқ «темір тұлпарларға» салық төлеуді талап ететін қағаздар келген: «Менің өз басымда мезгіл-мезгіл әртүрлі автокөліктер «пайда болып» отырады».
- Меморгандарға өз базаларын тазалау қажет! - деп күйінді вице-министр. - Бұл мәселені көтеретін кез баяғыда жетті. Ең қорқыныштысы
1 қаңтарда - РНН жойылғанда тумақ! Біз содан қорқып отырмыз. Ол жойылғанда, не болатынын біз тіпті елестете алмаймыз. Өз тарапымыздан біз өз базамызды тегіс тазаладық және дайын еттік. Алайда басқа мемлекеттік органдардың қаптап жатқан базалары бар ғой! Егер қазір олар өзара сәйкестендiріп, дұрыстап жұмыс жүргізбесе, бұл әлеуметтік қамсыздандыру, жалақы, зейнетақы және басқаларын төлеу мәселелеріне нұқсан келтірмек.
Д.Ерғожин өзге меморгандардағы ЖСН-мен айналысқан шенеуніктер «бәрі тамаша» деп есеп бергендерін қынжыла жеткізді. «Желпіне есеп берді, ал оларда өзара айырмашылық-расхождение - 9 миллион! Адамдар жетіспейді! Яғни оларда ЖСН-дер Қазақстан халқының санынан артық болып шыққан» деп бас шайқай хабарлады министрдің орынбасары.
Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаев базаларға қатысты қайшылық әсіресе, күз кезінде ушығатынын айтты. Өйткені бұл кезде Қазақстанда жер және мүлік салықтарын төлеу науқаны басталады. «Бұл құпия емес, уәкілетті органдардың базаларының «ластығы» мәселесі (проблема «грязности» базы уполномоченных органов») бар, бұлар әсіресе, ГАИ, Жер органдарына қатысты. Мен мұны жақсы білемін, нақты айтып отырмын. ГАИ-дан алатын ақпараттың 40 пайызы «қисық мәліметтер» деп ашық айтқан Салық комитетінің басшысы автокөліктерді, жер телімдерін және мүліктерді тіркеу бойынша өкілеттіктерді өз комитетіне беруді ұсынды. Сонда әр қазақстандыққа салық төлеуді талап етіп келетін төлемдердегі мәліметтердің дұрыстығына басымен жауап беруге әзір көрінеді. «Ал қазір бізден сұрау көп емес, біз тек өкілетті органдардың мәліметтерін ғана пайдаланамыз» деп қорытты
Ә.Жұмаділдаев.
Айхан ШӘРІП