Байқоңыр- ұлтсыздық пен ұлтшылдықтың бүгінгі көрінісі ме?
Алматыға арман қуып келген сәтке дейін, менің санамда туған жерім Байқоңыр қаласы өзге қаладан айырмашылығы жоқ, ерекшелігі- ғарыш айлығы деген түсінік қалыптасқан. Бұл танымымды « орыстанған, экологиялық қала, мутанттар дүниеге келеді ме, орысша тәрбиленіп, орысша білім беріледі ме, орыс ақшасы айналымда ма?» деген сұрақтардың жиі кездесуі теріске шығарғандай болды.
«Байқоңыр» атын естісе, ғасырлар тоғысында орын алған отаршылдық саясаттың қазіргі замандағы жалғасын тапқан тағы бір көрінісі, Ресейдің бұл да бір қулығы деп дабыл қағып тұрады. Енді кейбірі ғарыш айлағы, жер кіндігі, біздің мақтанышымыз деген пікір білдіріп жатады.
Қаншама келтірілген деректерге нақты дәлел жоқ. Тек естіген, ойдан шығарылған әңгімелердің етегінде жүрген халықтың сөзі ғана. Ендіше, байыбына жетіп, рас және жалған ақпарттарды ажыратып көрелік.
Байқоңыр қаласы және қала маңына жақын орналасқан Төретам, Ақай елді-мекендерінде назардан тыс қалдырмаған жөн. Алдымен, осы елді-мекендерді ажыратудан бастайық. Төретам, Ақай кенттері- Байқоңырмен тығыз байланысты. Бұл елді-мекендерде ана тілімізді жетік меңгерген, салт пен дәстүрді, қазақи тәрбиені насихаттап отырған тұрғындар мекендейді.


Қаланың орыс мемлекетінің меншігінде екені рас. Бірақ, Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтында көрсетілгендей қалада 70 мыңнан астам тұрғын бар (2018), оның ішінде 41574 Қазақстанның, ал 26 419 Ресей Федерациясының азаматтары. Бұл сандарға жүгінер болсақ, Қазақстандықтардың басым екенін айта аламыз.
Орысша тәрбие, орысша білім беріледі. Ресей мемлекетінің тарихын оқытып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мектепте білім беру бағдарламасына қойылмаған деген деректер де кездесіп жатады. 2015 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп Қазақстанның білім беру жүйесіне көшкен. Оған дейін, қазақ тіліндегі мектептер Ресейдің білім беру жүйесіне бағынған. Дегенмен, Ресей емес Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиет пәні білім беру бағдарламасында міндетті сабақ ретінде берілген. Ал, Ресей мемлекетінің меншігіндегі қаланың орыс тілді мектептері Ресей тарихы мен тілін, әдебиетін меңгеруі заңдылық.
Қалада Ресей ақшасы рубль қолданыста ма? Ресей мемлекетінің меншігіне кіретін мекемелердің жұмысшыларына жалақы рубльмен төленетіні рас. Бұл дерекке дәлел- Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтында әртүрлі қызмет саласындағы жұмысшылардың орташа айлық көрсеткіші рубльмен берілген. Дегенмен, қалада қазақ валютасы да қатар қолданылады. Қазақстан ұйымдары мен мекемелері, қызметкерлері теңгемен жалақы алады.

Ғарыш айлағы Байқоңыр қаласының жанында орналасқан. Зымыран ұшыру өте қауіпті, әрі күрделі болып есептеледі. Ғарыштық ұшу аппараттарын ұшыруға арналған ракеталық қозғалтқыштардың тарту күші 10 МН-ға ал, реактивтік ағынның шаршып шығу жылдамдығы 3000-4500 м/c-қа дейін жетеді. Мұндай көрсеткішпен зымыран ұшыру барысында қаланы жойып жіберген болушы еді. Бұл ақпараттың жалған екені айдан анық. Ғарыш айлағы Байқоңырдың сыртында орналасқан. Ол “Байқоңыр ғарыш айлағы” деп аталады. Байқоңыр қаласынан ара-қашықтығы шамамен 40 км қашықтықты құрайды.

Дегенмен де, Ресейден келген басшылық пен туристтер зымыранның ұшу сәтін тамашалап, ғарыш айлағының тарихын мұражайдан тамашалай алады.
“Байқоңыр қаласа үрей тудырады”. Қалаға кірер сәтте және шығар да қатаң тексеріліп, құжат сұралады. Қандай да бір құпияларыңыз бар ма? Осы секілді сұрақтар да жиі кездеседі. Расында, қалаға тек тұрақты тұрғандар өздерінің арнайы құжаттарымен «КПП» деп аталатын, кеден секілді полициялардың тексерісінен міндетті түрде өтеді. Бұл Ресей мемлекетінің заңы.

Заң аталған сәтте: «тұрғындар Ресей мемлекетінің заңын қабылдаған» деген теріс пікірлер туады. Бұл әрине, шындыққа жанаспайды. Жоғарыда айтып өткендей, Төретам және Ақай аумағында мемлекетіміздің заңы толықтай орындалады. Ал, Ресей мемлектінің аумағында Ресей заңы міндетті түрде жүзеге асады. Бұл әр мемлекеттің өзіндік мүдделері.
Осындай мәселелерді сараптай келгенде, ел болып, ұлт болып бөлінудің, ұлтаралық араздықтың сипаттарын ұғынамыз. «Байқоңыр- орысшаланған қала, тұрғыны қазақ бола тұра, орыстың гимн айтып, орыстың валютасын жұмсап жүр» деген жалған ақпараттың тарауы да осы танымның салдары. Ал, ұлтаралық араздықтың береке әкелмейтіні мәлім.
