Бауыржан Нұрмоллаұлы, аудармашы: Аудармадағы ала-құлалықты аластауға күш салудамыз
ПЕКИН. 28 қыркүйек. BAQ.KZ – Бір тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілде нақты әрі жетік тілмен толық түсіндіретін аударма ісінің қажеттілігі бүгінгі таңда күн сайын артып отыр. Тіл ғалымдарының деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда дүниеде 2796 тіл бар екен. Қытайдағы қандастарымыздың саяси сауаттылығын арттыруда, жаһан жаңалықтары мен алып елдің ақпаратын қазақ тілінде сөйлетуде аянбай қызмет жасап жақан санаулы қазақ азаматтарының еңбегі елеулі. Әңгімемізді Пекинде орналасқан Қытай ұлттар аударма мекемесінің қазақ бөлімі жайлы өрбітсек.

– Бауыржан Нұрмоллаұлы, сұхбатымызды Қытай ұлттар аударма мекемесін таныстырудан бастасақ?
– ҚХР астанасы Пекин қаласында орналасқан Қытай ұлттар аударма орталығы 1955 жылы 12 желтоқсанда Қытайдың тұңғыш Премьер министрі Жу Ынлайдың бекітуімен құрылған. Бүгінгі таңда қазақ, моңғол, тибет, ұйғыр, изу, жуаңзу, кәріс сияқты жеті ұлттың аударма бөлімдерінен құрам тапқан мекемеде 270-ке тарта аудармашы жұмыс жасайды. Аудармашы, профессор Жарқын Сағатұлының басқаруындағы біздің қазақ аударма бөлімінде үш профессор, бес доцент, бес аудармашы және бес аударма көмекшісі атағындағы 17 қазақ азаматы бар.
– Сонда Қытай ұлттар аударма орталығының қазақ бөлімі қандай аудармалармен айналысады?
– Біз көбінесе саяси құжаттар мен ақпараттарды аударамыз. Атап айтар болсам, Қытайдың жыл сайын екі рет өткізетін құрылтайының құжаттарын, заңдар жинағын, заңдық құжаттар мен түсіндірмелерді қазақ тіліне аударамыз. Одан қалса, «Ұлттар» журналын қазақшаға аудару және редакциялау, «Халық» торабының күнделікі хабарын қазақшаға аудару жұмыстары бізге жүктелген. Қазірге дейінгі қазақ тілінде жарық көрген саяси тұлғалар жайлы туындылар мен саяси еңбектердің барлығы дерлік біздің қазақ бөлімі жағынан аударылып басылған. Бұған қазақ тілінде жарық көрген Лениннің, Маркстың, Мао Цзэдунның шығармаларын мысалға келтіруге болады.
– Жақында қазақша нұсқасы жарық көрген «Ұлттар әдебиеті» журналын да сіздер аударасыздар ғой?
– Иә, дұрыс айтасың. Қытай жазушылар одағы жағынан шығарылатын «Ұлттар әдебиетінің» жауапты аудармашысы қызметін Жарқын Сағатұлы екеуіміз алып отырмыз. Біз басқа ұлттардың қытай тілінде жазылған таңдаулы әдеби шығармаларын аударумен қатар, осындағы белгілі қазақ ақын, жазушыларымен бірге қазақ әдеби туындыларын да редакциялаймыз.
– Қытайдағы қазақ аударма ісі қалай пайда болды?
– Қытайдағы қазақ аудармасы ертеректе басталса да нақты даму кезеңге өтуі 1949 жылы Қытай азат болғаннан кейін бір арнаға түсті деп айтуға болады. Осы уақыттан бастап Қытайдағы аз санды ұлттардың аударма ісіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, өркен жая бастады. Осының нәтижесінде Қытай қазақтары арасында мықты аудармашылар мен кесек туындылар жарыққа шықты. Ол бүгінгі күнге дейін жұрт көңілінен өшкен емес. Алғашында «Ұлттар» баспасындағы аудармашылармен бірлесіп жұмыс бастаған біздің қазақ бөлім 1975 жылға келгенде толық құрыла бастады. Марқасқа ағаларымыздың ізін жалғап отырған қазіргі аударма жұмысымыз жемісті болып келеді. Жылына бір рет біздің бөлімнің ұйымдастыруымен Қытайда аударма саласымен айналысып жүрген қазақ аудармашыларының басын қосып талқы жиналысын өткізіп тұрамыз. Сол арқылы атау-терминдерді дұрыс қолдану жөнінде ақылдасып, Қазақстанда және Қытайдағы аудармашылардың қолданып жүрген терминдерін бір арнаға тоғыстырып отыру жағына күш салудамыз.
– Қытайдағы қазақ аударма ісінің жай-күйі қалай?
– Қазақ тілі Қытайда бесінші орында тұратын тіл ретінде мемлекет тарапынан қолданылуы мен дамуына айтарлықтай қолдаулар көресетіліп келеді. Осының арқасында ала-құла аудармаға жол бермеу жолында күресіп отырмыз. Барлық сөзді қазақ тіліне аударамыз деп қателескен кезіміз де болды. Мысалы, компьютер сөзін электронды ми, электронды есептеуіш деп аударсақ та компьютердің не екенін қазақтарға түк түсіндіріп берген жоқпыз. Сондықтан, қазақ тілінде бұрын еш негізі болмаған шетелден келген атауларды сол қалпынша өз сөзімізге икемдеп қолдану керектігін түсіндік. Төселген, тәжірибелі аудармашыларымыздың көңілі толмайтын бір жайт байқалып келеді. Ол болса қазіргі кездегі жас аудармашылардың өз ана тілін жетік білмеуі. Олар адал аудармаға ақау түсіріп жүргенін жасыра алмаймыз. Сондықтан да біз жоғарыда айтып өткен басқосуларды жиі ұйымдастыруға күш салудамыз.
– Аудармашылық ауыр кәсіптің әр уақыт жемісін көріңіздер. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Майгүл СҰЛТАН
