Мазмұнға өту
Обложка сообщества Qaz

Бауыржан Байбекке не дедім? Ол не деп жауап берді?

Алатау баурайындағы ару қала Алматы туристер ең көп келетін қала. Қар көрмеген, шаңғы теппеген шетелдіктер біздің Шымбұлаққа келіп сырғанап, Медеуге барып мауқын басады. Шетелдіктер деп шегелеп айтқанымның да себебі бар. Олар тек қолғап киіп қар ұстау үшін емес, қыздарға қырындап, ойнас жасау үшін де келеді екен. Өздеріңіз білетіндей Үндістанның DNA агенттігінің журналисі Шахкар Абеди Қазақстанда секс-туризмнің танымал боп тұрғаны туралы жазба жазып, бізді бір шулатып еді. Артынша кешірім сұрады. Біз әдеттегідей, кешірдік. Бірақ, әлгі пенденің сөзіне мән беріп, зерттеу жүргізгендерді көрмедім. Мүмкін шынымен де шетелдіктер қыз үшін келетін шығар?! Бұл тақырыпты мен де аз зерттемедім. Тіпті Сейфуллин көшесіне арнайы барып, жезөкшемен сұхбаттастым. Көп сұрақ қойдым. Біз көппіз дейді. Жап-жас қаракөздер де бар. Тіпті тәнін саудалау үшін арайлы Алматыға көршілес мемлекеттерден де келеді екен. Жаман-ақ! Біз сол әдеттегідей құшақ жайып оларды да қарсы аламыз. Қонақжай халықпыз ғой, енді. Сіздерді білмеймін, бірақ менің елімді біреудің секс-туризм ошағы деп айтуы, шетелдіктердің менің еліме қыз үшін келуі жаныма қатты батады. Бабаларымның білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жерін шетелдіктердің ойнас жасайтын мекен деп ойлауына жол бергім келмейді.

Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің танымал блогерлер, журналисттермен кездесуінде осы істі қолға алуын сұрадым. Астана қаласының әкімі Елордамызды жезөкшелер мен қайыршылардан тазарту туралы тапсырысын тілге тиек ете отырып, Алматыны да осы үлгіде қалыпқа келтіруін өтіндім. Қаланың даму жоспарына өз зиянын тигізетін бұл істі реттеуін айттым. Даму дегеніміз құрылыс жүріп, экономика жақсарып, ақшаның көп болуы ғана емес, ұлттық һәм рухани дамуды да жоспарға енгізу керек. Әкім: «Бұл мәселені жауапты мамандармен бірге шешетін боламыз» деп нақты жауабын айтты. Сөздің емес істің адамы екенін талай дәлелдеген Бауыржан Байбек Алматыны жезөкшелерден тазарту туралы тапсырманы тезірек береді деп сенемін.

Берік СҰЛТАН - блогер-журналист

 


8
1
727

Осы тақырып бойынша

Бауыржан Байбекке не дедім? Ол не деп жауап берді? - Yvision.kz