Батысқазақстандық университет қызметкерлері спорттың бірнеше түрінен президенттік сынама тапсырды
18-19 тамыз күндері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері спорттың бірнеше түрі бойынша президенттік сынама тапсырды.
Білім ордасының «Дене тәрбиесі» кафедрасының меңгерушісі Рауан Тұрдалиевтың айтуынша, екі күнге жоспарланған спорттық шараның алғашқы күнінде 300-ден астам адам норматив тапсырды. Ер-азаматтар белтемірде кім мықты екендігін анықтаса, қыз-келіншектер арқасынан жатып денесін көтеру, сонымен қатар орнынан ұзындыққа секіру сияқты сынақтарда ептілік жарыстырды. Жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, әріптестік әдемі әзіл-қалжың мен жолдастық сыйластық ауанында спорттық мерекенің көрігін қыздырды. Әсіресе, орта жастағы қатысушылардың президенттік сынақты жоғары деңгейде тапсыруға деген құлшынысы мен қызығушылығы анық байқалып тұрды.
«Салауатты өмір салты — дені сау ұрпақ кепілі» даналығын бек ұстанған университет қызметкерлері П.Атоян атындағы стадионда президенттік сынамаларды тапсыруды жалғастырды. «Президенттiк сынамалардың мақсаты — салауатты өмiр салтын насихаттау, халықты дене мәдениетi және спортпен жүйелi түрде айналысуға тарту, өз денсаулығын және өмiрдiң әртүрлi қажетiн қанағаттандыру. Жас ерекшелігіне сай қашықтыққа жүгіруге университетіміздің 310 қызметкері қатысты. Біз сынама талаптарын толыққанды орындау арқылы өзгелерге үлгі көрсетеміз. Қашықтыққа жүгіру адамның мүмкіндігіне қарай белгіленіп отыр. Демек, қалыпты жағдайдағы адам денсаулығы, физикалық мүмкіндігі сол нормативтерге сай болуы керек. Аталған шараға ұстаздар қауымы ерекше ықыласпен қатысып отыр. Бұл — әріптестеріміздің тапсырып отырған алғашқы сынамасы» — деді «Сұңқар» спорт клубының жетекшісі Әзілхан Сағатов.
Дененің саулығы көңіл мен ой сергектігінің кепілі екені анық. Бұл бастаманың жыл сайынғы үрдіске айналуын қолдаған қызметкерлер жаңа оқу жылына ерекше құлшыныспен кіріспек.
ОРАЛ. ҚазАқпарат

