«Барысты» бұғаулаған — төрешілер
Осы ойындағы «Барыстың» айып уақыты 30 минут болды! Бұл дегеніңіз – таза 60 минуттық ойынның тең жартысын «Барыс» кем құрамда ойнады деген сөз. Мұндай жүктемеге қандай команда шыдасын? Бірақ «Барыс» хоккейшілері қайсарлықтың, жанкештіліктің үлгісін танытып, жанкүйерлерін риза қылды.
«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Нижнекамскіде «Нефтехимик» клубымен өткізіп, шектен тыс шиеленісті өткен ойында 1:2 есебімен ұтылып қалды. Бұл Қазақстан клубының биылғы маусымның негізгі сатысында өткізген түздегі соңғы ойыны еді.
Негізі, бұл ойында «Барыс» ұтылмас еді. Бірақ қара ала киімді төрешілер тобықтан қағып, ойнатпады. Бірінші кезеңнің ортасында «Барыстың» жас шабуылшысы Романов гол соғып, Қазақстан клубы алға шыққан. Содан басталды…
Төрешілер қайта-қайта «Барыстың» ойыншыларын айдыннан қуып, мезі қылды. Бірақ артық құраммен ойнаса да, «Нефтехимик» ойыншылары гол соға алмай, пұшайман болды. Төрешілер тіптен әріге шапты. «Барыстың» ойыншыларын қос-қостан айдыннан қуып, «қамшыларын» үйірді. Осылай үш рет «Барыстың» екі ойыншысы кем болып, айдын иелері соның екеуінде гол соғып, таразы басын өздеріне аударды.
Осы ойындағы «Барыстың» айып уақыты 30 минут болды! Бұл дегеніңіз – таза 60 минуттық ойынның тең жартысын «Барыс» кем құрамда ойнады деген сөз. Мұндай жүктемеге қандай команда шыдасын? Бірақ «Барыс» хоккейшілері қайсарлықтың, жанкештіліктің үлгісін танытып, жанкүйерлерін риза қылды.
Рас, төрешілер үш рет «Нефтехимик» ойыншыларын да екі минуттық айып уақытымен айдыннан аластатты. Бірақ, негізінен, «Барыс» кем құрамда ойнап жатқанда немесе кезеңнің соңғы минуттарында осындай жаза қолданылғандықтан, қазақстандықтар артық құрамда дұрыстап ойнай алмады.
Ең бастысы, бұл ойында «Барыс» сапында тек Қазақстан құрамасының шабуылшылары ойнады. Боченски, Доус, Бойд сынды легионерлеріміз бен Қазақстан азаматтығын алса да, құқықтық кейбір мәселелері әлі шешілмей жатқан К.Руденко, М.Спиридонов секілді тәжірибелі ойыншыларымыз мұзайдынға шыққан жоқ. Бұл бесеуі ойнағанда, «Барысқа» төрешілер де «бұғау» сала алмайтын еді.
Бапкерлер құрамы Ригада өтетін Сочи Олимпиадасының електік додасы тақағанда, тек Қазақстан шабуылшыларымен ойнап, дайындықтарын пысықтауды жөн санапты.
Бізде ҚХЛ-дың басқа клубтарында ойнайтын қорғаушыларымыз бар. Яғни «Барыстың» қазіргі қорғанысын сол қорғаушылармен күшейте аламыз, ал басқа командаларда ойнайтын шабуылшыларымыз жоққа тән. Сондықтан түздегі соңғы ойында өз шабуылшыларымызды шыңдай беру мақсат тұтылғандай.
Ал ҚХЛ-дың алғашқы үш маусымында «Барыстың» қазіргі бас бапкері Владимир Крикунов жаттықтырған «Нефтехимик» қазір плей-оффқа ілігу үшін барын салуда. Енді ұпай жоғалтса, өкшесін басқан «Югра» клубы алдын орап кетеді…

