Бармақ «Не жаман?»
Ойласаңыз жігіттер,
Әуел бұрын не жаман?
Қайғысы қатты жау жаман.
Асылық ерден асқаны,
Жаңылса жазым тәубадан.
Ұят күшті өлімнен,
Ерге намыс – ар жаман.
Екіншіден не жаман?
Қайғылы көңіл шер жаман.
Арам бейнет тер жаман.
Жыртылған жаға, жең жаман.
Үшіншіден не жаман?
Үлгісіз пішкен тон жаман.
Кесе болып көлденең,
Аяққа түскен тор жаман.
Төртіншіден не жаман?
Керекті нәрсе жоқ жаман.
Жоқпын деме дүниеде,
Болмасаң анық қор жаман.
Шын жоқтықтың белгісі,
Ешнәрсеге жете алмай,
Маңдайды қалың сорлаған.
Бесіншіден не жаман?
Белбеусіз болса бел жаман.
Жұмысы бітпес сары ойлы,
«Кері кеткен іс» дер жаман.
Алтыншыдан не жаман?
Боламын деп болмаған,
Толамын деп толмаған,
Ардақтаған аруың,
Аңырап қалса сол жаман.
Денің аман-сау болмай,
Таршылық болса кең заман,
Үзілмеген кесел-дерт,
Дүниедегі ең жаман.
Жетіншіден не жаман?
Жүрейін десе жүре алмай,
Тұрайын десе тұра алмай,
Істен қалса дүниеде,
Бұл өліммен тең жаман.
Сегізіншіден не жаман?
Серке санды ат мініп,
Сергелдең болса ер жаман.
Тоғызыншыдан не жаман?
Тоқсанға келген қарт бабаң.
Еңкейіп орақ ора алмай,
Тоңқайып масақ тере алмай,
Істен қалса дүниеде,
Бұдан жаман болмаған.
Оныншыдан не жаман?
Әуелеп ұшқан құр жаман.
Жылқы ішінде сұр жаман.
Екі жақсы қайда бар,
Қайда болса қосылар,
Бір жақсыға бір жаман.
Баласын мақтар хас жаман.
Алыстағы дұшпаннан,
Жақындағы дос жаман.
Туралап келген ажалдан,
Жағаңнан алған борыш жаман.
Ойласаңыз жақсылар,
Нәмәрт қандай, мәрт қандай?
Затсыз қандай, зат қандай?
Білімсізге айтқан сөз,
Айдалаға кетеді,
Құлағынан аққандай.
Мақтағаның жаманды,
Жабу жауып сиырға,
Қоңырау байлап таққандай.
Жақсының сөзі сап алтын,
Жүрегіңе май жаққандай.
Наданның сөзі адамға,
Тиеді шаян шаққандай.
Жақсыменен сөйлессең,
Жаның дауа тапқандай.
Ісің түссе ондайға,
Орындатар мақтанбай.
Көңілің өсер раушан боп,
Ағараып таң атқандай.
Жақсы менен жаманның,
Арасы жер мен аспандай.
Түсіне білер кісіге,
Бір ауыз айтқан сөзімнің,
Ауырлығы батпандай.
Екіншіден ойласаң,
Жақын қандай, жат қандай?
Барлық қандай, жоқ қандай?
Сәулесі түскен әлемге,
Жарықшылық күн қандай?
Адамға жақын, һәм сая,
Қанат-құйрық, жал қандай?
Жатты – жақын, жауды – ел,
Қалатұғын жансая,
Жүйрік шешен тіл қандай?
Жақсы оймен жалғасып,
Ашылған көңіл, үн қандай?
Жаманмен сөз салғасып,
Көңілді гүл сынғандай.
Біраз ғана сөйледім,
Насихат тыңдар ер болса,
Ғибрат ұғып алғандай!
